• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Білім 22 Шілде, 2021

Ғылыми атақ беру қағидалары өзгертілді

992 рет
көрсетілді

Жақында «Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережесін бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес енді шетелдерден жеңіл жолмен ғылыми атақ алып, оны елімізде оңай мойындатып жүргендерге тосқауыл қойылмақ. Сондай-ақ ғалымдардың ұсыныс-пікірлері де өзгертулер мен толықтырулар енгізуде ескерілген.

Білім мен ғылым саласындағы сапаны бақылау комитеті жанындағы Ғы­лыми кадрларды аттестаттау басқар­масының басшысы Қарлығаш Сәкенова:

«Білім және ғылым министрлігіне тікелей қарайтын Жас ғалымдар кеңесі бар. Оның құрамына беделді де белсенді ғалымдар кіреді. «Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережесін бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар осы кеңестегі талқылаулардың негізінде енгізілді. Бұдан бөлек министрлікте құрылған академиялық қауымдастық өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобының ұсынымдары да басшылыққа алынды. Одан кейін құжаттың жобасы Нормативтік-құқықтық актілер «Ашық үкімет» порталында талқыланады. Сон­дағы ұсыныс-пікірлер ескеріліп барып қабыл­данады. Аталған бұйрықта толықтырулар басым. Мысалы, 4-тар­мақтың 2-тармақшасындағы талап 2011 жылдан бері бар, яғни ғылыми атақ­қа үміткердің халық­аралық базадағы ғылы­ми журнал­дарда мақаласы болмаса, атақ беріл­мейді. Сонымен қатар бұйрықта алып тастаулар да бар. Айталық, әске­ри ұйымдарда, спорт және өнер саласын­дағы ізденушілерге мақалаға қатысты нор­ма қолданылмайды», деді.

Комитет өкілінің айтуынша, аталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы маңызды бұйрықта ғалымдардың жұмысын жеңілдететін нақтылаулар да қарастырылған. Ғылыми дәреже алуға септігін тигізетін мақала жалпыла­ма жазылмай, «ғылыми мақала», «шолу» деп нақ­ты көрсетілген. Әйтпесе мақа­ланың да түрі сан алуан. Және көп іздену­ші зерт­­теу мақала жазудың орнына ана­ли­ти­калық материал берумен құтылып кетіп жатады.

«Соңғы уақытта Scopus базасынан шығып қалған «жалған немесе жыртқыш журналдардың» қатары көбейіп келе­ді. Ал сол «жыртқыш журналдарда» қазақ­стандық ғалымдар жиі мақала жариялайды. Осы мәселеге аталған бұйрық нүкте қоятындай. Себебі жа­қында қабылданған өзгерістер мен толық­тыруларға сәйкес, базаның тізімінен түсіп қалған «жыртқыш журналдардағы» мақалалар оның жария­ланған уақытына, басылымның беделіне, процентиліне қарамастан ғылыми дәреже беруде есепке алынбайды. Әрине, талап­тарға сай басқа басылымдарда шыққан еңбек­тері ескеріледі, бірақ дәл «жалған журнал­дар­дағы» жұмысы жойылады», деп түсіндірді Қ.Сәкенова.

«Ғылыми атақтар (қауымдас­ты­рыл­ған профессор (доцент), профессор) беру ережесін бекіту туралы» бұй­рыққа енгізілген өзгерістер мен толық­тыруларда тағы бір өзекті мәселеге нақ­ты­лау бар. Бұған дейін қазақстандық ғалымның шетел­ден алған доцент немесе профес­сор атағы елге келгенде автомат­ты түр­де (қажетті құжаттары болған жағ­­дай­да) расталып, Қазақстанның профес­со­ры яки қауымдастырылған профессоры ғылыми дәрежесі беріле беретін. Білім және ғылым саласындағы сапаны бақы­лау комитетінің дерегінше, сол жағ­дай қолайлы болды ма, кейінгі кезде еліміз­дегі ғалымдар жақын маңайдағы шетел­дерден ғылыми дәрежелерді күмән туғы­затын жолдармен алып, бізде растайтын фак­тілер саны артқан. Жаңа бұйрық осы түйт­кілдің түйіні болғандай. Өйткені бұдан былай шетелден алынған кез келген қазақ­­стандықтың ғылыми атағы осындай дәре­же алуға үміткер ретінде құжаттарын өткіз­ген барлық ғалым секілді іріктеуден өтеді.

Еліміздегі ғылым метрикасымен айналысатын санаулы ғалымның бірі, профес­сор Болат Кеңесовтен ғылыми атақ­тар беруге қатысты енгізілген өзгеріс­тер мен толықтырулардың оң және теріс жағын сұрадық.

«Аталған бұйрықтағы өзгерістердің ең маңыздысы және тиімдісі – әртүрлі бұзушылықтарға байланысты Web of Science, сондай-ақ Scopus базасы­нан шығып қалған «жыртқыш журнал­дардағы» мақалалардың ғы­лыми дәреже алуға жарамайтыны. Екіншіден, патенттер енді ғылыми мақаланы алмастыра алмайды, патент мақаланың тек 20 пайызы болып есептеледі. Беделді халықаралық журналдарда ғана жариялауды таңдаған ғалымдардың атақ алуы жеңілдеді, өйткені мұндай журналдағы бір мақала енді білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің жарияланымдар тізіміне енген журналдағы екі мақалаға тең болады», деп жауап берді Б.Кеңесов.

Оқырмандардың есінде болса, жыл басында жарияланған «Жыртқыш жур­налдарға» жем бола береміз бе?» атты сараптамалық материалымызда Scientometrics басылымындағы көлем­ді зерттеудің нәтижесі бойынша Қазақстан «жыртқыш журналдарға» мақа­ла жариялағыш елдердің қатарына қосыл­ғанын мәселе ретінде көтергенбіз. Енді қараңыз, халықаралық журналдарда мақала жариялау әдетте ғылыми дәреже алуға керек. Ал сол журналистік зерттеуімізде көрші елдегі жағдайда мысалға келтірген едік. 2018 жылғы атақты Nature ғы­лыми журналына шық­қан «Қытай ака­демиялық заң бұзу­­­шы­лықты жою үшін кең ауқымды рефор­­малар жүргізеді» (China introduces sweeping reforms to crack down on academic misconduct) мақаласында атал­ған елде отан­дық және халықаралық сапасыз журнал­дардың «қара тізімі» жасала­тынын, сол тізімдегі басылымдарға шық­қан мақа­лалар қандай да бір ғылыми атақ немесе грант алуға жарамайтыны жазыл­ған. Сон­дағы ойдың бұйрықта ескеріл­гені бай­қалады.

Бірақ сарапшы Б.Кеңесовтың айтуын­ша, әлі де шешімін таппаған мәселе бар.

«Мәселен, мақалалар дайындауға үміт­керлердің үлесіне қойылатын талаптарды белгілеу мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесі ғылыми дәреже алуға үміткерлерден сырттай оқитын автор (ғылыми журналдарда ғалымдардың мақа­лаларын оқитын корреспондент мүшесі яки еңбектерге баға беретін рецензент) немесе бірінші автор ретінде мақалалары болуын талап етуді ұсынған еді. Мұндай мақалалардың болуы өтініш берушінің мақалаларды дайындауда, оларды рецензиялаудан өткізуде, сондай-ақ оқырмандармен байланыс орнатуда тәжірибесі бар екеніне дәлел болар еді. Алайда ұсыныс қабылданбады. Енді ешқашан өздері сапалы ғылыми мақалалар жазбаған, бірақ зерттеуге қатысқандар ғылыми атақ ала алады», дейді профессор Б.Кеңесов.