Биылғы құрғақшылық солтүстік өңір шаруашылықтарына қысқа ерте дайындалу қажеттігін ескерткендей. Облыстағы ыстық күн райы жаңбырлы, салқын күндерге ауысты. Әп-сәтте өзгере қалатын табиғат мінезіне тәуелді болмас үшін шаруашылықтар алдын ала дайындыққа кірісті. Мал азығын әзірлеу жұмыстары басталып кетті.
Биылғы мамыр-маусым айларындағы ыстық ауа райы әжептәуір абыржытты. Әсіресе, Май, Баянауыл аудандарында мал бағатын тұрғындар мен шаруа қожалықтары Маңғыстау облысындағы түйелердің қағаз жегенін, арық жылқылардың жағдайын көріп, біздің өңірде де қысқы мал азығы жетпей қала ма деп те алаңдады.
«Еліміздегі 157 ауданның арасында Май ауданы – қуаңшылық көрсеткіші бойынша 6-орында. Жылдар бойы 500 мың гектар жайылым жер құрғақшылық көріп келеді. Баянауыл ауданында да сондай жағдай. Ылғалсыз, нәрсіз жайылымдар. Күзде шөп жетпей қалса, қайтеміз?», дейді кәсіпкер Гүлзира Қазылова.
Аққулы аудандық мәслихатының депутаты Раушан Байдүйсенованың айтуынша, қуаңшылыққа қарсы шараларға облыстық бюджеттен алдын ала қаржы қарастырылуы керек. Ал облыстық ауылшаруашылық басқармасының мәліметінше, ешқандай алаңдаушылық жоқ. Қазір қос ауданда да шабындыққа шалғы шілде-тамыз айларында түседі. Шілдеде жауған жауынның мөлшері 50-120 мм-ді көрсетіп, жерге 7-8 см-ге дейін сіңді. Шабындықтар жайқалып, шаруаларды қуантуда.
Өңірде мал азығына қажетті жемшөпке деген қажеттілік 1,1 млн тоннаны құрайды. Жергілікті шаруашылықтар шөп шабу науқанын бастап, 56 мың тонна шөп шабылған. Биыл 923 мың тонна шөп, 213 мың тонна сабан, 128 мың тонна сүрлем дайындау жоспарлануда.
Бірақ жемшөп дақылдары мен жиналған шөптің орташа шығымдылығы облыста гектарына 4,3 центнер мөлшерінде болғанымен, кейбір аудандарында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен: гектардан 2-ден 2,7 центнерге дейін жемшөп алынуда.
«Жалпы, өңірде қыс кезінде шөптің қажеттілігі 900 мың тоннадан асады. Мысалы, Ертіс өзенінің жайылмасынан 2 мың тоннадан аса мал азығын әзірлеуге болады», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайыр Байсаринов.
Иә, айтса айтқандай-ақ, бірнеше аудан, ауыл өзен жағасында орналасқанын ескерсек, табиғаттың ырысы Ертіс жайылмасы дайын мал азығы ғой. Бұған қоса қазір өңірдегі жайылымдық жерлер 38 мың гектарға ұлғайып, 300 мың гектарға жетті. Тіпті қуаңшылық болуы мүмкін деген кейбір аудандарда мал азығын дайындауда қиындықтар болмас үшін арзандатылған жанар-жағармай бөлу мәселесі жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
«Сондықтан ауа райының өзгермелі жағдайына сай, жағымсыз да салдары туындауы мүмкін. Сол үшін алдын ала қажетті жоспар дайындадық. Бірінші, мал азығын дайындау көрсеткіші 25 пайызға төмендесе, жемшөп тапшылығы 285 мың тоннаны құрайды. Мұндай жағдайда бізге 45 мың тонна жемдік астық қажет. Екінші жағдай, қажетті жемшөп көлемінің тек 50 пайызы жиналса, онда шөп жетіспеушілігі 570 мың тоннаға жетпек. Бұл жағдайда 60 мың тонна жем қажет», дейді басқарма басшысы Нұрболат Мақашев.
Сонымен, басқарма қысқы жемшөп, мал азығын дайындаудың алдын ала шаралары барысында 60 мың тонна жемдік астық сатып алу, шөп шабуға арнайы субсидияланған жанармай бөлу және жиналған астықтан қалатын сабанды жинап алуды жоспарлады. Яғни жемшөптің қажетті мөлшерін қорға жинап алу үшін астық егетін аудандар келісімшарт бойынша арпаның белгілі бір бөлігін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-на тапсырады. Осыдан кейін ұлттық астық сатып алу операторы жемдік астықты облыстағы элеваторлардың біріне орналастырады. Қажеттілік туындайтын болса, мал азығы фермалар мен жеке қосалқы шаруашылықтарға белгіленген бағамен жеткізіледі.
Шаруашылықтарды қолдау шараларының тағы бірі – арзан дизель жанармайымен қамтамасыз ету. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып шешілді. Осы шілде айында аймақтағы егістік алқаптарына жанармай жеңілдетілген бағамен литріне 165 теңгеге жеткізіле бастайды.
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов арзандатылған жанар-жағармайдың кідіріссіз жеткізіліп тұруын, мақсатты пайдаланылуын қадағалауды тапсырды. Бастысы арзан бағамен жеткізілетін жанармайдың көлемі тұтастай тек жемшөп қорын құруға жұмсалуы керек. Сондай-ақ жергілікті әкімдіктерге қажетті жемшөп қорын жинап қана қоймай, шөп бағасын бақылап, нарықтағы алыпсатарларға жол бермеу жағы ескертілді.
Шөптің бір тоннасы биыл былтырғы тарифтен жоғары болмайды. Мысалы, өткен жылы қыр шөбінің бір тоннасы 20-25 мың теңге болса, тоғайдың шөбі 18-20 мың теңгеден болды. Сонда бір арбаға 1,5 тонна шөп сыяды деп алсақ, тұрғындар оны 35-40 мың теңгеге сатып ала алады.
Биылға дейін өңірде пайдаланылмаған 480 мың гектар ауылшаруашылық жерлері болған. Соңғы алты айда 92 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, қазір 44 мың гектарда жер игеру жұмыстары жүргізілуде. Алайда бүгінде 340 мың гектардан аса жер немесе ауылшаруашылығы жерлерінің 5 пайызы әлі бос тұр деген сөз. Тіпті тұрғындардың малдарын жаюға қажетті жерлерді дұрыс беру жайын білмейтін ауыл әкімдері де бар.
«Мәселе, жердің жоқтығында емес, бұл жұмысты жергілікті әкімдіктердің заңды түрде қалай рәсімдеуді білмейтіні бөгет болуда. Әрбір әкімнен ауылдағы жерлердің ұтымды пайдаланылуы үшін жауаптылықты талап етуіміз қажет», дейді өңірлік Жер қатынастары басқармасының басшысы Р.Дәуітбаев.
Бұл күндері өңірде арнайы құрылған «Жол картасы» бойынша жемшөп дайындау бағытында басқа да шаралар қарастырылған. Енді арнайы құрылған аймақтық штаб бұрыннан бері пайдаланылмай келген жерлерді шабындыққа бөлу, заңды түрде рәсімдеу құжаттарын жасау, жиналған астықтан қалған сабанды дайындау, тұрғындар үшін орман шаруашылықтары мен сол аумақтарда жемшөп дайындау мүмкіндігін жүзеге асыру сияқты мәселелерді бақылайды.
Павлодар облысы