• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Шілде, 2021

Мұқағалидың алты тілде жарық көрген кітабы Анкарада таныстырылды

628 рет
көрсетілді

Биыл қазақ поэзиясының айшықты мерекесі. Маржан жыры, арман мұңы халқының қастерлі қазынасына, миллиондардың музасына айналған Аспантаудың ақиығы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Тәуелсіздіктің мерейлі белесімен тұспа-тұс келген ақын тойына арналған шаралар шоғыры еліміздің әр өңірінде салтанат құруда, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Күні кеше Түркия астанасы Анкарада «Мұқағали Мақатаев және оның шығармалары» атты конференция өтіп, ақынның алты тілде жарық көрген «Соңғы тырналар қайтқанда» кітабының тұсауы кесілді. 

Бауырлас елдің бас қаласында оқырман қауымға жол тартқан су жаңа жинақта ақын жырлары түрік, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түркімен, башқұрт тілдеріне тәржімаланған. Халықаралық ТҮРКСОЙ  ұйымының қолдауымен жарық көрген іргелі еңбек Мұқағалидың ешкімге ұқсамайтын ерекше поэзиясының, түркі халықтарына танылу аясын кеңейте түспек. Ақын тойын атап өтуге арналған айшықты шараға Жетісудан жасақталған делегация құрамын Түрік еліне ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен ақын атындағы қоғамдық қордың президенті Айдарова Бақытгүл Мұқағаликеліні бастап барды. Мәдениет және спорт министрлігінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев, Алматы облыстық Мәдениет басқармасының басшысы   Марлен Көлбаев, ақын Жұматай Оспанұлы, дәстүрлі әнші Бейбіт Мұсаев қатарлы азаматтар түбі бір түрік елінің Мұқағалиға деген ықыласына таңданып, бұл олардың күллі қазақ халқына деген ыстық пейілі деп ұққандарын айтады. 

 – Атамыз шетелдерге шығуды армандап өтті. Бірақ ол кезде біздің кеңестік қоғам социализмге жатпайтын елдерге жабық  еді. Дантені Орта Азияда бірінші болып аударса да, ол Италияға бара алмады. Оны айтасыз, атамыз әйгілі американ ақыны Уолт Уитменді аударды, ал оның елі АҚШ-қа бару, атамыз үшін тек арман болып қала берді. Оның «шетелде болу» эпопеясы тек іргедегі Мәскеуге барумен шектелді. Мұқағали Мақатаев және оның шығармалары» атты конференцияда түбі бір түрік халқының қазақ өнеріне деген ыстық ықыласының куәсі болдық. Салтанатты рәсімде ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, қазақ елі атынан жүрекжарды лебізін білдірді. Түркиядағы ҚР елшісі Абзал Сапарбекұлы мен Мәдениет және спорт министрлігінің кеңесшісі Ерлан Сыдықұлы сөз сөйлеп, қазақ поэзиясында Мұқағали шығармашылығы ұлтымыздың рухани байлығы екенін атап өтті. Бір топ зиялы қауым «Соңғы тырналар қайтқанда» кітбының тұсауын кесті. Халықаралық деңгейде жарық көрген жаңа жинақ, осылайша өз оқырмандарына жол тартып отыр. Атамыз «Барлық ақын, баласы бір ананың» деп тауып айтқан екен ғой. Енді қазақ ақынының асыл жырлары, бауырлас елдердің ажырамас сырласына айналары сөзсіз, – дейді Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қордың президенті Бақытгүл Айдарова. 

Айшықты шара аясында М.Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың атынан Кастамону провинциясының губернаторы Авни Чакыр, қала мэры Рахми Галип және ақын шығармаларын түркі тілдеріне аударған Қырғызстанның белгілі ақыны Қожогелді Күлтегі мен түрік ақыны Кенан Чарбоғаны Мұқағали атындағы арнайы медальдармен марапатталды. Мұқағали жырын қырғызша сөйлеткен Қожогелди Күлтегі кітап таныстырылымы барысында сөйлеген сөзінде Мәскеудегі екі жылдық әдебиет институтында оқып, Мұқағали ағасының ізін басқанын, мақтанышпен еске алды. Оның пайымынша, Анкарадағы мазмұнды басқосу Мұқағали мұрасына деген түркі тілдес бауырлардың ілтипатын, бұрынғыдан да биіктете түсті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мұқағали поэзиясы – күллі қазақтың болмыс-бітімі. Оның сырлы сезімге толы жырлары қалың оқырманның жүрегінен орын алды. Ақын мерейтойы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл әр қазақтың шаңырағындағы мерейлі той», деп мемлекет үшін Мұқағали тойының маңыздылығын атап өткен болатын. Осы жылдың қаңтар айынан басталып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде ақынның 90-жылдық мерейтойы өтіп жатыр. Ақын рухын ұлықтау ретінде біршама шаралар жүзеге асырылып та үлгерді. Атап айтқанда, ақын туған ауданның орталығы Нарынқол ауылында Мұқағали  атындағы саябақ ашылып, ақынның еңселі ескерткіші бой көтермек. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Мұқағали» атты толық метражды көркем фильм түсірілді. Жобаның режиссері Болат Қалымбетов, сценариін жазған жазушы Жүсіпбек Қорғасбек. Бақытгүл Айдарова Үкіметтің қолдауымен, биыл ақын шығармашылығына арналған 10-томдық кітап баспаға әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл қазақ поэзиясының Хан-Тәңірі атанған Мұқағали мерейтойына арналған игі істердің бір бөлшегі ғана.