• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Шілде, 2021

Аласарған арман

318 рет
көрсетілді

Ауылдан анасы дайындап жіберетін құрт-майды табыс көзіне айналдырып, аз нәпақамен екі үйлі жанды бағып жүрген отыздың ішіндегі келіншек тір­шілік тауқыметі жасытқан даусымен өткен өмірі мен болашақта болуы ықтимал қорқынышы туралы айтып отыр.

Сезіне алмайтын болуы керек, осы шақ­тағы өмірі туралы мүлде айтпайды. Кенет «шіркі-і-і-ін-н» деді алыс аспанға көзін қа­дап. – «Шіркін, ауылдан келетін қымызды батыр атаның басында отырып сатсам ғой». Осыны айтқанда отыздағы келіншектің жанарынан от көрініп, арманының ұйығына батқандай, әлде табан астында көл-көсір табысқа кенелгендей, оттың табы бірте-бірте жұқа жүзіне жайылып, жылы шуақ есіп қоя берді. «Батыр ата» дегені түсінікті, Алматыдағы әлімсақтан Ташкентский аталған ұзын көшенің бойындағы кесенеде жатқан Райымбек батырды бұл ауылдың әдепті келіндері туралап атай алмайды. Батырдың атын тіке айтудан тайсақтап тұратын үлкен енелерінің ескі әдебімен тергеп айтқан түрі құрмет тудырғанымен, оның қымызға қандай қатысы барын аңдай алмай, аңтарылып бетіне қарадым. «Күн сайын кесенеге зиярат етіп келетін кісі көп қой, қымыз да қымбат тұрады, табыс та мол»...

Күні кеше Канн фестивалін дүркіретіп, жүлдемен оралған Сергей Дворцевойдың «Айкасындағы» бас кейіпкердің арманына назар аудардық па? Қырғыз елінен келіп нан тауып жүрген мигрант қыздың бар арманы – мейрамхананың менеджері болу. Отбасы, оқу, пәтер, көлік  емес, мейрамхана менеджері болып, Мәскеуде табан тіреп қалса болды, бұдан бақытты адам болмас. Қарап тұрсаң, қарапайым тілек,  қалыпты ой, бірақ соншалықты қорқынышты.

Әрине адамдар ақыл-ой, білім, күш жағынан бірдей емес, ендеше сәттілік те бәрінің бетіне күліп қарамайды. Үл­кендердің «өскенде кім боласың?» деген сұрағына қиялында шек болмайтын кішкентай ойын балаларының өзі арманын бір-бірінен асыра айтып, асқақтығымен даралайтын. Ондайда оң-солын танымаған балдырған шамасын, қабілетін, мүмкіндігін білмесе де «дәрігер боламын», «Марсқа ба­рамын», «Айға ұшамын», «президент боламын» деп қарапайым сұраққа қа­тырып тұрып жауап беріп жататын. Қыл­дан да жіңішке адам өміріндегі ең аяу­лы нәрсенің бірі осы арман еді. Құрғақ болса да, бойға күш құятын. Кішкентай ба­ланың өзінде үлкен арман болатын. Онысы ойынан, бойынан да биік болып, өз әлемінің ішінде еркін жүзіп, қас пен көздің арасында жүз мықтының өмірін сүріп тастау түкке тұрмайтын еді. Қиялында өзін ұлық сезініп жүріп, шынында да ұлы адамға айналғандардың да мыңдаған мысалы белгілі. Сөйткен арманның асқақтығынан айырылып, аласарып, аянышты күйге түскені үшін осыны айтып тұрған адамдарға жаным ашудың орнына, жек көру сезімі оянды. Осы сезімнің бұрқ етіп бас көтергені үшін өзімді аяусыз жерледім де, бірақ пенде баласының ішінде ешкімнен ақы сұрамай, ең жіңішке үмітін өлтірмей, өзін өзі әлдилеп, өзімен-өзі маздап тыныш жатса да, сыртқы әлеммен жалғап тұрған киесі өлгендей, өгей ой иектеп, еш ақтай алмадым.

Құдық түбін жайлап, тас төбесіндегі тостағандай көзімен төбеге қарап жатып, аядай аспанды көріп, одан асқан жер жәннаты бар деп білмеген құрбақаның оқиғасы ойға оралды. Алқымы бүлкілдеп, секектеп жүріп, құдықтың ернеуіне шы­ғып, ен даланы көріп, есі шыққан бақа талып қалмай ма? Кішкентай адамдардың кішірейіп кеткен арманы онсыз да тар дүниені қусырып жібергендей, көңіл қоңылтақсыды.

Осылай ойлайсың-ау, бірақ тіршілік тауқыметін тартып жүрсе де, адалдап нанын тауып жүрген адамды арманы үшін жазғыру да қателік болар. Мамандығы жоқ болса да, мейлі қымызын қайда апарып сатса да, мемлекеттің мойнына масыл болмай, өзін материалдық жағынан қамтамасыз етіп жүрген адамның маңдайынан сипағың да келеді. «Кедейді кедей демеңіз, ол мәңгі олай өтпейді. Байларды бай ғой демеңіз, оған да бір зат жетпейді». Ақиқаттың ауылымен қоңсы қонбасын білген соң, ешуақытта орындалмас арманды ойлап бас қатырмауды оған да өмірдің үйреткені анық. Ақыры ақтауға тура келді: «ол қалай болғанда да, кішкентай арманымен үлкен мақсатына қадам басып бара жатыр»...