Медициналық сақтандыру жүйесі халыққа көрсетілетін сапалы медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жүйе енгізілгелі бері пандемия жағдайындағы кедергілерге қарамастан біраз жұмыс атқарылып жатыр. Айталық, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасып, елге қызмет көрсетіп жатқан жекеменшік клиникалардың қатары артуда.
Бұл жөнінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров жан-жақты мәлімет берді.
«2021 жылға арналған сатып алу жоспары бойынша елордада тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін 17,2 млрд теңге, оның ішінде тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі аясында 9,2 млрд теңге, ал медициналық сақтандыру пакетіндегі медициналық қызметтерге 8 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта қор Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 108 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасалған, оның 71-і – жекеменшік клиникалар. Жыл өткен сайын тұрғын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда. Бұл пациенттің үздік клиниканы таңдауына мүмкіндік береді», деді Н.Қабдықапаров.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері сұранысқа ие КТ, МРТ, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, консультациялық-диагностикалық қызметтер, гормондар, витаминдер көрсеткіштерін анықтайтын зертханалық тексерулер, оңалту қызметтері, бұрын варикоз ауруларында ақылы түрде ғана жасалатын ультрадыбыстық аблация, инъекциялық склеротерапия, жүрек қан тамыры ауруларын анықтайтын коронараграфиялық зерттеулер секілді медициналық көмектерді қазіргі уақытта МӘМС жүйесі енгізілгелі барлық азамат тегін жасата алады. Медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін құны қымбат медициналық қызметтер: ангиохирургия, офтальмология, кардиохирургия, нейрохирургия, травматология-ортопедия бағытында пациенттерге жасалып жатқан оталар саны, сондай-ақ ЭКО процедуралар саны артты.
Бұрын пациенттерге 45 сырқат түрлері бойынша дәрілік препараттар қолжетімді болса, қазір 138 сырқат түрлері бойынша дәрілік препараттарды тегін алуға болады. Сондай-ақ МӘМС жүйесін енгізгелі бері медициналық оңалту шараларын қаржыландыру артқанын да айта кету керек. 2021 жылы медициналық оңалту шараларын қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 7,5 млрд теңгеге дейін өскен.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы 2021 жылы оңалту қызметтерін көрсететін 45 медицина ұйымымен келісімшарт жасады. Олардың ішінде: жекеменшік – 20, мемлекеттік – 22, республикалық 3 медицина ұйымы бар. Жыл басынан бері елордада 3,23 млрд теңгеден аса сомаға (оның ішінде күндізгі стационарларда – 35 584, тәуліктік стационарларда – 131 924) оңалту қызметтері көрсетілді. Амбулаториялық-емханалық деңгейде 204 млн теңге сомасына 252 001 қызмет көрсетілді. Коронавирус пандемиясы оңалтудың қаншалықты маңызды екенін және бұл бастама қаншалықты уақытылы жүзеге асырылғанын көрсетті. Денсаулық сақтау министрлігінің №170 бұйрығымен бекітілген медициналық қызмет түрлерінің тізімі бар. Оны Денсаулық сақтау министрлігі мен Қордың ресми сайтынан қарауға болады.
Сонымен қатар Н.Рысқалиұлы 1 шілдедегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының 82,5%-ы, яғни 991 653 елордалық сақтандырылғанын, ал 17,5%-ы, 211 мыңнан аса қала тұрғыны сақтандырылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отырғанын мәлімдеді.
«Осы жерде айта кету керек, сақтандырылмаған азаматтар арасында Үкімет Қаулысына сәйкес сақтандыру төлемдерінен босатылған ШОБ қызметкерлері де болуы мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 33 585 ШОБ субъектісі бар. 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, олардың ішінде 2 853 субъект ақпараттық жүйеде жұмыскерлер тізімін әлі жаңартпаған. Осылайша мұндай кәсіпорын жұмыскерлері МӘМС жүйесінен тыс қалуы мүмкін. Сондықтан шағын және орта бизнес өкілдері азаматтардың жеңілдікке ие санатына жататын өз жұмыскерлері туралы деректі (ЖСН) msb.fms.kz сайтына енгізу қажет. ШОБ жұмыскерлері қарыз болып, артынша оны жою қажеттігі туындамас үшін, олар туралы деректі Saqtandyry ақпараттық жүйесіне енгізу мерзімі 2021 жылдың 1 қазанына дейін ұзартылды», деді қор филиалының директоры.
Негізінен, мүмкіндігіне қарай ай сайын жарна төлеп отырған тиімді. Мысалы, дербес төлеуші ретінде немесе бірыңғай жиынтық төлем арқылы тұрақты түрде жарна аударып отырса, МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтің бәрі қолжетімді болады. Тіпті жұмыссыз қалса, ресми органдарға тіркелгені жөн, бұл кезде 15 санат тобына кіреді.
«Қысқаша түсіндіре кетсем, жұмыс істейтін азаматтарға Жұмыс беруші еңбекақы төлеу қорынан қызметкер табысының 2% көлемінде аударады. Сонымен қатар жұмыс беруші аударымына қоса, жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұстап қорға аударады. Бірақ ай сайын жарна ұсталатын табыс көлемі 10 ең төменгі жалақыдан (немесе 425 мың теңгеден) аспауы тиіс. Яғни ай сайынғы жарна мөлшері 8 500 теңгеден жоғары болмауы керек. Жеке кәсіпкерлер бұрынғыша 1,4 ең төменгі жалақының 5%-ын, яғни 2 975 теңге төлейді. Сонымен қатар бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген санат бар. Олар бұрынғыша 1 ең төменгі жалақының 5 пайызын, яғни 2 125 теңге төлейді. Себебі биыл ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ. Бірыңғай жиынтық төлем төлеуші 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна аударады. Биыл АЕК мөлшері өзгерді. Сондықтан бұл санат ірі қалаларда 2 917 теңге төлейді, ауылдық жерлерде 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде – 1 458 теңге төлейді. Қаржының 40%-ы – Медициналық сақтандыру қорына, 30%-ы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 20%-ы Әлеуметтік сақтандыру қорына аударылады, 10% табыс салығы ретінде ұсталады. Егер азаматтардың мәртебесі 2021 жылы сақтандырылмаған болып шықса, алдыңғы 12 айдың төлемдерін тексеруі қажет», деді Н.Қабдықапаров.
Елордалықтар 2021 жыл басталғалы бері, яғни қаңтар-маусым айларында медициналық сақтандыру үшін 19,7 млрд теңге жарна аударған, ал маусым айында МӘМС үшін 3,5 млрд теңгеден аса жарна түскен.