• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Шілде, 2021

Мемлекеттің дамуындағы маңызды белес

134 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес кеше тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет еліміздің 14 өңірінің барлығында ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауы өтті.

Ел Президенті «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек», деп қадай айтқанындай, алғашқы болып өңірлердегі 730 аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ тұрғындары жергілікті сайлау учаскелеріне ұйымшылдықпен келіп, өздерінің конституциялық құқығын іске асырды. Олардың елді мекен басшы­сын тікелей сайлап қана қоймай, оны баламалы негізде таңдауына мүмкін­дік берілді. Мұның өзі өңірлер­­дегі саяси белсенділікті елеулі түрде арттырып, халықтың Мемлекет бас­шысының саяси реформаларының бірі һәм бірегейі болып саналатын демократиялық даму жолындағы маңызы зор қадамды жан-жақ­ты қолдап отырғандығын көрсетті. Әкім­дікке кандидат болып тіркелген 2297 үміткердің 1419-ы немесе 61,8 пайызы өзін өзі ұсынған, ал 878-і (38,2 пайыз) еліміздегі барлық 6 саяси партия ұсынған азаматтар екендігі – соның айғағы.

Ауыл әкімдері сайлауының әділ өтуіне мүдделі азаматтар, қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың өкіл­дері дауыс беру үдерісіне байқау­шылар ретінде қатысып, сайлау заң­намасы талаптарының бұлжытпай сақталуын қадағалады.

Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі бетбұрысты белес екендігі сөзсіз.