Бүгін, яғни 26 шілдеде елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Нұр-Сұлтандағы карантиндік шараларды қатаңдату туралы жаңа қаулысы күшіне енді. Оның негізінде қаладағы қоғамдық тамақтану нысандарының – дәмханалардың, мейрамханалардың, кофеханалардың және асханалардың жұмыс тәртібі өзгерді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жаңа қаулыға сәйкес мейрамханалар, дәмханалар, кофеханалар, сол сияқты ашық ауада жұмыс істейтін орындар орналасқан жеріне қарамастан, енді дүйсенбі-жұма күндері таңғы сағат 7-ден 12:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады.
Бұл ретте «Ashyq» жобасы аясында жұмыс істейтін мекемелер дүйсенбі-жұма аралығында сағат 07.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істесе, сенбі-жексенбі жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ал тамақты жеткізу және өзімен бірге алып кету штаттық режимде жүргізіледі.
Сол сияқты асханалардың жұмыс істеу уақыты да өзгерді. Оларға келушілерді дүйсенбі-жұма күндері таңғы 7-ден 17:00-ге дейін қабылдауға рұқсат етіледі.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасына сәйкес елорданың бас санитарлық дәрігерінің карантиндік шараларды қатаңдату туралы қаулысы қабылданды.