• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
TOKYO2020 26 Шілде, 2021

Енді есе жіберуге болмайды

680 рет
көрсетілді

Токио Олимпиадасында таэквондодан Руслан Жапаров (80+ кг) пен Жансель Дениз (67+ кг) ел намысын қорғайды. Екі спортшымыз да бабы мен бағы қатар шапса, Олимпиаданың биік тұғырынан көрінеді деген сенімдеміз.

Жансель 2018 жылы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды. Ал Руслан болса, әлемдік рейтингте үздік 10 мықты спортшының қа­та­рында.

Жансельдің азан шақырып қойған аты ‒ Жансәуле. Бірақ құжатта Жансель деп қатталған. Қызмет бабымен әке-шешесі Түркияға көшкен кезде Жан­сель небәрі алты жаста болатын. Спорт­тың қыр-сырына үйренуді де Анадолы жерінде бастады.

Жансель алдымен волейболға қа­тысты. Себебі анасы Түркияда волейбол командасының дәрігері болып қызмет атқаратын. Уақыт өте келе жерлесіміз Түркия чемпиона­тында жүлдегерлер қатарынан кө­рініп, Еуродағы турнирлерде бақ сы­найды. Алайда командалық спорт түрінде Олимпиадаға қатысу қиын болғандықтан, Жансель таэквондоға бет бұрған. Неге таэквондо? Себебі оның бала кездегі арманы Олимпиадада өнер көрсету-тұғын. Сол арманын орындау үшін осындай қадамға барған.

2014 жылы Қазақстанның спорт басшылары хабарласып, елге келіп құрама атынан халықаралық аренаға шығу жөнінде ұсыныс жасағанда, Жансель бірден келіскен. Отанын, жерін аңсаған қазақ қызына өз елінің туы астында өнер көрсетуден артық бақыт бар ма?! Мұндай мүмкіндіктің бола бермейтінін білген кейіпкеріміз, құжатын дайындап, 2016 жылдан бастап Қазақстанның атынан халықаралық жарыстарға шыға бастады.

Нәтиже де көп күттірген жоқ. Ол бірден 2016 жылы Рио Олим­пиадасының іріктеу сынына қатысып, онда күміс жүлдеге қол жеткізді. Сөйтіп Олимпиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, арманы орындалып, Қазақстанның Туы астында Олимпиадаға қатысты. Риодан келгеннен кейін Жансель 2017 жылы жазғы Универсиада мен жазғы Азия ойындарында күміс медаль еншіледі.

...Міне, Жансель үшін Токио додасы – екінші Олимпиада. Рио Олим­пиадасында тәжірибесінің аздығынан бірінші айналымда жеңілсе, Күн­шығыс елінде ол шеберлігінің шың­далғанын, тәжірибесінің толысқанын көр­сетпекші. 67 килодан жоғары сал­мақта сынға түсетін Жансельдің алғашқы қарсыласы Өзбекстан өкілі Светлана Осипова болмақ. Жансель- Жансәуленің жұлдызы жарқын болып, Қазақ елінің Әнұранын шырқатсын деп тілейік.