• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Шілде, 2021

Досын құтқарған жас өрен

778 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Қарауылтөбе ауылында тұратын Асылан Орахаев Жайық өзеніне суға кетіп бара жатқан досы Шыңғысты құтқарып қалды. Оқиғаны кездейсоқ көріп қалған ауыл тұрғыны болмаса, жасөспірімнің бұл ерлігін ешкім білмес еді.

Оқиға 19 шілде күні кешкі сағат 19.00 шамасында болған.

«Баламның достары Шыңғыс пен Жантуған келіп, Асыланды суға шомылуға ертіп әкетті. Әдеттегідей тереңге бармауын ескертіп, жібердім. Сол күні кеште үйге келгенде балам көп сөйлемей, тұйық отырды. Бірақ ештеңе айтқан жоқ. Болған жағдайды ата-аналардың whatsapp тобындағы аудиожазбадан ертеңіне бір-ақ білдім», дейді Асыланның анасы Баршагүл.

Жайық өзеніндегі оқиғаға сол маңда серуендеп жүрген ауыл тұрғы­ны Динара Шамұратқызы кездейсоқ куә болған.

«Қызым Ақмаржан екеуміз Жа­йық­та шомылып жүргенбіз. Ауыл жақ­тан үш бала келіп, бізден алысырақ жерде суға түсе бастады. Асылан мен Жантуған – тоғызыншы сынып бітірген, ал Шыңғыс – бір сынып төмен оқитын бала. Бір кезде бір баланың көмек сұраған даусы шықты. Басында балалар ойнап жүрген шығар деп мән бермедік. Дауыс тағы шыққанда қарасақ, Шыңғыс өзеннің ортасында суға батып-шығып жүр екен. Сол кезде Асылан жүзіп барып, Шыңғысты құтқаруға талпынды. Екеуі су ортасында біресе суға батып кетеді, біресе су бетіне шығып, арпалысып жатыр. Бірнеше минуттан кейін Асылан Шыңғысты әрең дегенде су жағасына алып шықты. Су жұтып, әлсіреп қалған Шыңғыс өз-өзіне келген соң үшеуі ауылға беттеді. Асыланның батырлығына осылай куә болдым», дейді Динара.

Үш дос оқыс оқиғадан қатты шошып қалса керек. Өзен жағасынан ауылға дейін үнсіз келіпті. «Тереңге бармаңдар!» деген үлкендердің ескерт­песін бұзғанын ешкім білмеуі үшін болған жайтты құпия қалдырған екен. Бірақ кездейсоқ куәгер Асылан­ның ерлігін жария етті.

«Баламды ажалдан құтқарған Асыланға, оның ата-анасына алғысым шексіз. Асыланның болашақта еліне адал қызмет ететін азамат болатынына сенімдімін!», дейді Шыңғыс Манар­бекұлының анасы М.Көмешова.

«Біз Асылан оқитын мектептен, ауыл­дық округ әкімдігінен тиісті қағаздарды сұратып жатырмыз. Батыр боз­бала департаменттің алғыс хатымен марапатталады», деді облыстық Төтен­­ше жағдайлар департаментінің қо­ғам­­мен байланыс қызметкері Анель Мұқанова.

Батыс Қазақстан облысының су айдындарында жыл басынан бері 22 адам суға кетіп қайтыс болған, оның 8-і – кәмелетке толмағандар.

 

Батыс Қазақстан облысы