• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 27 Шілде, 2021

Әлемдік экономика әлденіп келеді

1242 рет
көрсетілді

Пандемиядан кейін есеңгіреп қалған әлемдік экономика қайтадан сауыға бастаған секілді. Дүниежүзілік банктің биылғы болжамы соны меңзейді. Былтыр әлемдік экономикалық ахуал 3,5%-ға әлсірегені белгілі. Ал 2021 жылы қайтадан күш алып, 5,6%-ға нығаймақ.

Дүниежүзілік банк сарапшылары Орталық Азия мемлекеттері экономикасын қайта жандандырып, ин­вестициялық ахуалын жақ­сартып келе жатқанын айтады. Былтыр бұл ел­дерде шетел инвестицияларының жалпы ағымы 21 млрд долларды құ­раған. Дүние жүзін шарпыған ін­детке қарамастан, Орталық Азия ел­дерінің экономикасы жылдық 3,5% өсімді көрсеткен. Сыртқы инвес­тиция тарту жағынан бәрінен оза ша­уып, алда келе жатқан Өзбекстан екен. finprom.kz мәліметінше, биылғы жыл қорытындысында Өзбекстан мен Тәжікс­танда ең жоғарғы экономикалық өсім болады. Сарапшылар олардың жылдық өсімін 4,8% және 5,3% болады деп болжап отыр. Одан кейінгі өсім Қырғызстанда – 3,8%. Ал Қазақ­станның экономикалық өсімі 3,2% деңгейінде артпақ.

Халықаралық қаржы сарап­шы­ла­рының пікірінше, корона­дағ­да­рыс­тан кейінгі Орталық Азия ел­дерінің экономикалық өсуіне шетел­дік инвес­ти­циялар ерекше ықпал етеді. Сон­дық­тан қай ел болсын, инвес­ти­циялық тар­тымдылығын сақтап қалуға тырысу қажет.

Әлбетте, Орталық Азия ел­дерін­де инвесторларға қолайлы орта қалып­тасып келеді. Салынған капиталды еселеп қайтаруға болатын позитивті факторлар да мұнда жеткілікті. Атап айт­қан­да, пайдалы қазбалар, сауда-сат­тықтан тыс секторлардың жаңа на­рығы, макро­экономикалық тұ­рақ­тылық, ірі көлем­дегі ішкі нарық, экономика саласын дамытуға бағытталған жоғары әлеует тағы басқа да факторлар шетелдік инвесторларды бейжай қалдырмасы анық. Бұған қоса арзан жұмыс күші де – инвес­­торларды тартудың негізгі кілті.

Бұрын коронадағдарысына дейінгі 2019 жылы да Орталық Азия мем­ле­кеттеріне салынған инвес­тиция өзін өзі ақтап келген. Оның қарқыны жалпы әлемдік экономиканың даму дең­гейінен де асып түскен, дейді са­рап­шылар. Нақтырақ айтқанда, Орта­лық Азия мемлекеттеріне құ­йыл­ған тікелей шетелік инвестиция көлемі 10%-ға ұлғайып, 32,2 млрд долларды құраған. Ал ол кезде дүние­­жүзілік экономиканың жалпы инвестициялық ахуа­лы бар-жоғы 3%-ға ғана өскен. Де­ген­мен де былтыр коронавирусқа байланыс­ты Орталық Азия мемлекеттеріне құйылған жалпы тікелей инвестиция 20,7 млрд долларға дейін қысқарған.

Қазіргі таңда Орталық Азия мемле­кеттері инвестиция тарту жағы­нан бір-бірімен бәсекелес. Әр мемлекет инвес­торларға қолайлы жағдай жасау жағынан жарысып, барынша экономикалық ахуа­лын түзеуге талпынып келеді. Әсіресе Өзбекстанның инвесторларды тартудағы ұмтылысы ерекше. Ол 2019 жылы сырт­тың қаржысын тарту жағынан Орталық Азия елдерінде көшбасшы болып келеді. Бұл елде шетелдік инвестиция ағымы бір жылдың ішінде бірден 2,3 есеге ұлғайып, 4,2 млрд долларды құраған. Негізінен инвесторлар Өзбекстанның мұнай өңдеу, өндіру және химия өнеркәсібі салаларына қаражат салған. Бұл елге, әсіресе Қытай, Германия, АҚШ, Ресей қызығушылық танытқан.

Өзбектердің жетістікке жету «құ­пия­сына» үңілген сарапшылар ин­вес­тициялық климатты жақсарту ба­ғытында көптеген шараны қолға алғанын айтады. Инвесторлардың көңілін өзіне аударған жұмыстардың арқасында өзбектер Doing business бизнесті жеңіл жүргізу халықаралық рей­тин­гінде өз позицияларын 7 саты­ға жоғары көтеріп, 69-шы орын­ды иеленген. Рейтинг жасау­шы­лар­дың мәліметінше, Өзбек­стан төрт басты индикаторды жақ­сар­­туға барын салған. Айталық ак­цио­нерлердің құқын ке­ңейтіп, олардың корпоративтік шешім­дердегі рөлін күшейткен. Сондай-ақ салықты жеңілдетіп, екі тө­лем­ді бі­реуге қысқартқан. Транс­ше­ка­ра­лық сауда кеңістігінің кеңеюіне жол ашып, импорттық құжаттарға деген талапты жеңілдеткен. Им­порт­талатын тауарларға кеден баж­дары мен салық салу мәселесін реттеп, тарифтік реттеу шараларын да оңтайландыра түскен.

Ал өз еліміздегі ахуалға тоқ­тал­сақ, Қа­зақстан экономикасына құйылған ті­ке­лей шетелдік инвес­тиция көлемі 2019 жылы алдыңғы жылдан көп өз­гермеген. Дегенмен де Қазақ елі рей­тингтегі 28-ші орыннан 25-ке кө­те­рілген. Бұл да – жақсы көрсет­кіш­тердің бірі. Дейтұрғанмен, инвестиция тарту жағынан өзгелерден үйренеріміз көп-ақ.

Орталық Азия мемлекеттерінің ин­вес­тициялық тартымдылығын айғақ­тайтын тағы бір фактор – пандемия мен дағдарыс кезеңіндегі жинақталған инвестиция көлемі. 2021 жылдың 1 қаңтардағы жағ­дай бойынша мұндай инвестиция көлемі 6,7%-ға артқан. Бұл жа­ғы­нан Қазақстанның өсімі 3,6% болса, Тәжікстандікі – 1,6%. Ал өзбек­тер­ді­кі – 29,8%.