«Секонд хэнд» немесе «Киімдерге екінші өмір сыйлау»... Біреу қуана қабылдап, ал енді біреу күмәнмен қараса да үлкен бір трендке айналып үлгерген құбылыс.
Қазақтар үшін де бұл таңсық емес болар. Қаладағы ағайынның ауылдағы туыстарға ескі киімін беріп жіберетініне бәрі үйренген, тіпті қашан жібереді деп елеңдейтіні де бар. Бүгінде бұл тренд қоршаған ортаны қорғау, саналы тұтыну ұғымдарымен ұштасып жатыр.
Өткен ғасырда пайда болған
Жалпы, киім өндірісі қоршаған орта үшін қолайсыз әрі шығыны көп индустрияға жатады. Бір жейдені жасап шығару үшін 2,7 мың литр су жұмсалады. Ал бұл бір адамның 900 күнде ішетін тіршілік нәрі. Жеңіл өнеркәсібі дамыған Гонконгта, мәселен, күніне шамамен 1,5 мың жейде қоқысқа тасталады екен.
Қоршаған ортаны қорғау тақырыбы өзекті болмай тұрғанда коллекционерлер винтаж магазиндерден антиквариат заттарды іздеп жүріп сатып алатын.
Тарихқа үңілсек, алғашқы «сэконд хэнд» дүкендер Англияда 1943 жылы ашылған. Елдегі дәулетті адамдар аз қамтылған отбасылар мен Франциядағы қозғалыстарға қатысушыларға көмек болсын деген ниетпен ескі киімдерін арнайы дүкендерге жіберіп отырған. Әуел баста әлеуметтік мақсатта, қайырымдылық ретінде ашылған дүкендер уақыт өте келе Еуропа мен АҚШ мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды.
2000-жылдары Германиядан, Америкадан әкелінген киімдер дүкендерінің дәуірі жүрді. Сол жерден халық ұсақ-түйектен бастап, тон да киіп шығатын. Себебі бағасы арзан болды. Кейін киімді өлшеп сату шықты. Мұндай үрдіс бұрынғы КСРО кезінде де болатын. Еуропаның бірқатар мемлекеті гуманитарлық көмек ретінде КСРО-ға киім сияқты қажет заттарды жіберіп тұратын.
Сұраныс өсіп келеді
Қазір Z буыны деп аталып кеткен заманауи жастардың біразы әйгілі брендтердің киімдерін қымбатқа алғысы келмей, «Сэконд хэнд» дүкендерінен, тіпті қолдан сатып алғанды жөн көреді. Мәселенің ақшада еместігін айтатындар да көп.
Статистика да «Сэконд хэнд» дүкендерге Еуропа мен АҚШ-та сұраныс артқанын дәлелдеп отыр. 2014 пен 2019 жылдар арасында ұсталған заттарды сату сегменті АҚШ-та 24 млрд АҚШ доллары көлемінде пайда тапқан. Бұл дәстүрлі дүкендердің табысынан 21 есе асып түсті. Мұндай дүкендердің қарқынды дамығаны сонша, танымал The RealReal дүкені Nasdaq биржасына акцияларын шығарды.
Десе де ТМД елдерінде мұндай дүкендерге сұраныс әзірге төмен. Жұрттың көбі: «Киім – адамның көркі, сондықтан оған маңыз беру керек», деп ойлайды. Бәлкім, біреудің киімін сатып алу қисынсыз көрінетіні де содан. Алайда бұл «Сэконд хэндтер» мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Сұраныс аз болғанымен, мұны қалыпты көріп, сатып алатындар да кездеседі. Қазіргідей өмірдің айнымас бөлігіне айналған заманда көп оқырманы бар танымал тұлғалар, блогерлер өз киімін желі арқылы сатып, әжептәуір пайда табады. Garage sale деген әдемі атауы бар жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Қалаған адам келіп, киіп көріп, ұнатқанын сол жерден сатып алады.
Ескі де жаңа зат
Экология сақшылары бұл үрдістің жақсы әрі пайдалы екенін айтады. Саналы тұтыну, астамшылықтан ада болуды мақсат еткен дүкендерде жаңа киімдерді кездестіруге де әбден болады. Оның үстіне, дүкен сөресіне қоймастан бұрын, киімдер тазаланып, дезинфекция жасалады. Киімнің кейбір бөлігін жаңартатын дүкендер де бар. Сондықтан бұл дүкендердегі дүниелерді «біреуден қалған» деп қабылдау да орынсыз.
Ескі затты сатып алу тек киім-кешекпен шектелмейді. Бұл қатарға техниканы, тұрмыстық бұйымдарды, жиһаздарды да қосуға болады. Өзіңіздің тауарыңызды сатып, басқадан сатып алуға жәрдем беретін бірқатар қосымшаны атын атамасақ та, жұрттың бәрі біледі.
Зат алмастыруды әдетке айналдырған қауымдастықтар да бар. Кітапсүйгіштер асыға күтетін кітап алмастыру жәрмеңкелері де осы идеядан туған. Өзіңіз оқып болған кітапты жаңа кітапқа алмастыру қашанда қызық әрі пайдалы дүние. Оқылған кітаптарды сататын дүкендерді, заманауи тілмен айтқанда, букинистерді де кездестіре аласыз. Мұны өзгеше қызығушылық һәм хобби көретіндер бірталай.
«Оқылған кітаптың өз тарихы мен аурасы болатын көрінеді. Кей кітапта бұрынғы иесі түртіп қойған тұстары, қалдырған жазбалары болады. Бұл әр адам шығармадағы оқиғадан өзінше ой түйетінін білдіреді», дейді букинистердің тұрақты тұтынушылары.
Негізгі мақсат – планетаны сақтау
Экологтер «Сэконд хэндтер» ғаламшардың энергиясы мен ресурсын сақтау үшін маңызды деген ой айтады. Бір тонна киімді қоқысқа тастамай, қайта пайдалану оны өндіруге жұмсалатын электр энергиясының 97,4 пайызын сақтауға мүмкіндік береді. Ал ескі компьютерді сатып алып, қолдану 30 мың литр суды үнемдейді.
Былай қарасаңыз, киім өндірісінің экологияға не залалы бар дерсіз. Тігін тігу қашанда сүйікті іс екені рас. Бірақ сән индустриясы атмосфераға парниктік газ бөлу бойынша екінші орында тұр. Сондықтан жаңа киім сатып алғаннан гөрі ескісін пайдалану мата өндірісі, дайын киімді қаптау, оны жеткізу себептерінен атмосфераға бөлінетін парниктік газды азайтады. Бұдан бөлек ақша үнемдеуді де айтпай кетпеуге болмас. Киімнен артылған ақшаны жаңа дағды игеріп, жаңа тіл меңгеру сияқты табысыңызды арттыра түсетін білімге жұмсауға болады.
Greenpeace мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемде 400 000 000 000 шаршы метр киім өндіріледі. Ал оның 60 000 000 000 шаршы метрі бір жылда қайта қоқысқа тасталады. Ресей астанасы Мәскеудің өзінен ғана жыл сайын 360 000 тонна мата қоқыс шығарылады.
Бұл да – бір философия. Десе де көбі түсіне бермейтін, түсінсе де өмір салтына айналдыруға бара бермейтін философия. Қалай болғанда да бұл идеяны қолдайтындар саны артып келеді. Бүгінгі экологиялық жағдай да мұның қажет екенін дәлелдеп жатыр. «Сэконд хэндтердің» көбеюімен қатар, экологияның жағдайын жақсарту мүмкіндігі де арта түспек.