Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының назарына
Бұл іске қатысты құжаттармен алғаш танысқанда айтылып отырған мәселе қиын әрі күрделі сияқты көрінген. Кейін зерттей, зерделей келе істің солқылдақ тұстары көп екеніне көз жеткіздік. Олай дейтініміз, әу баста адам өлімі болған кезден күні кешеге дейінгі аралықта жиналған құжаттар бұл мәселеге әлі де болса нақты баға берілмегенін байқатады. Атүсті жауаптар, күмәнді қорытындылар...
“ Бұл оқиға 2008 жылы 12 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Тастұмсық ауылында кешқұрым болған еді. “Опель-вектра” маркалы, мемлекеттік нөмірі Х326DON автокөлігі жол-көлік оқиғасына ұшырап, соның салдарынан жүргізуші Т.Үсенов оқиға орнында қайтыс болған. Ал көлік ішіндегі жолаушылар Жандаров Ержан, Елібаев Бағдат, Тұрғынбаев Талғат, Сарымсақов Ғалымжан Түлкібас аудандық ауруханасына жеткізілген. Осы жердегі ең басты күмән “жүргізуші Т.Үсенов” деген бір ауыз сөз.
Негізінен көлік иесі – Жандаров Ержан, қалғандары оның жолдастары. Ержанның осы оқиға бойынша түсінігінде сол күні, яғни 2008 жылдың 12 қарашасында сағат кешкі жетілерде бірге оқитын жолдастары Бағдат, Тұрсынжан, Талғат, Ғалымжан бесеуі Т.Рысқұлов ауылындағы “Али Асқар” дәмханасында отырып, одан кешкі ондар шамасында шыққанын айтады. Жолда Тұрсынжан “көлікті мен жүргізейінші” деп сұраған соң Ержан оған рүлді береді. Көліктің алдыңғы орнында, яғни жүргізушінің оң жағына өзі отырады, арт жақта Ғалымжан, Бағдат, Талғат отырады. Содан Тұрсынжан көлікті қатты жылдамдықпен жүргізгендіктен қарсы бетке шығып кетіп, талға соқтығысқан. Соның салдарынан Тұрсынжан оқиға орнында қайтыс болып, қалғандары әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түскен. Жаңа айттық, бұл – көлік иесі Ержан Жандаровтың берген түсінігі. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің анықтау басқармасының анықтаушысы, полиция капитаны Н.Сүйеубековтің қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулысында “осы оқиға бойынша сұралған Ғ.Сарымсақов, Т.Тұрғынбаев Е.Жандаровтың түсінігімен ұқсас түсінік берді” делінген. Жөн дейік, ал осы оқиғаға тікелей қатысы бар, апатқа ұшыраған көлік ішінде осылармен бірге болған Бағдат Елібаевнің түсінігі қайда? Ол жазған түсінік іске неге тіркелмеген? Ол айтқан уәждер неге қаперге алынбаған? Бұл сұрақтарға кейінірек қайта оралатын боламыз.
Жол-көлік оқиғасы болғандықтан және ол апатта адам өлімі орын алғандықтан сот-медициналық сараптамасы жүргізілуі тиіс. Мәселенің ақ-қарасының шешілуі де осы сараптамаға тікелей қатысты болуы мүмкін. Өкінішке орай, сот-медициналық сараптамасын жүргізген сарапшы И.Матлапов мәйітті кесіп, сараптама жүргізбеген. Сараптаудың басталуы 2008 жылы 13 қараша деп, аяқталуы жылдың 12 желтоқсаны деп көрсетілген. Ал Түлкібас аудандық ішкі істер басқармасының анықтаушысы, полиция лейтенанты К.Түймебаев сот-медициналық сараптама өткізуге қаулыны 2008 жылғы 6 желтоқсанда шығарған. Сараптама қорытындысына көңілі толмаған марқұмның анасы Ш.Үмбетәлиева сот-медициналық сараптамасын қайта жүргізуін сұрап, аудан прокурорына арызданады. Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті анықтау басқармасының тергеу бөлімінің анықтаушысы Н.Сүйеубековтің қаулысы негізінде сот-медициналық сараптама комиссиясы құрылады. Төрағасы К.Құлмаханов, мүшелері Е.Ерболат және іс бойынша баяндамашы Е.Әйтелі болған бұл комиссия 2009 жылы 20 тамызда сараптаманы бастап, осы жылғы 18 қыркүйекте аяқтаған. Сарапшылардың қорытындысында көрсетілгеніндей, ең басты мәселе – Т.Үсеновтің денесінде дене жарақаттары бар ма, бар болса олардың саны қанша, түсу жайы, орналасу тәртібі, мерзімі және дәрежесі қандай деген сұрақтарды анықтау. Сондай-ақ Т.Үсеновтің алған жарақаттарына сай, оның соқтығыс барысында автокөліктің қай бөлігінде отырғанын анықтау қажет болған. Қабірден қазып алынған Т.Үсеновтің мәйітін зерттеудің, оның екі қабырғасын, қанын, ішкі ағзаларының тері қабаттарының кесінділерін зертханалық зерттеудің, бастапқы сот-медициналық сараптама қорытындысының және іс құжатының деректеріне сүйене отырып, сарапшылар комиссиясы мынадай тұжырымға келеді: “Қабірден қазып алынған Т.Үсеновтің мәйтін зерттеу барысында оның жұмсақ ұлпаларының, ішкі ағзаларының іріп-шірігендігі анықталды. Сол жақ самай-шүйде аймағының тері қабатының соғылған жарасы, айналасының қанталауы, бет-сүйектерінің оң жағында үш бұрыш пішінді, сол жағында сызатылған сызықтар, тері қабатының қанталауы анықталған. Кеудесінің сол жақ бүйірінің төс аймақтарында жұмсақ ұлпалардың қанталауы, төс сүйегінің 3 жерінен көлденең сынуы, оң жақ 9-10-11-ші қабырғалардың орнынан ығыспай артқы қолтық сызығы бойында, сол жақ 8-ші қабырғаның алдыңғы қолтық сызығы бойында орнынан ығыспай сынуы байқалған. Бауырының соғылып жыртылған жарасы, соның салдарынан құрсақ қуысына қан құйылуы, жамбас сүйектерінің 3 жерінен сынуы анықталған. Осы және басқа да жарақаттарды анықтай келе, “Сараптамаға жол-көлік апатына ұшыраған автокөлік жеткізілмегендіктен, жәбірленуші Т.Үсеновтің оқиға болу мезетінде автокөлік салонының дәлме-дәл қай орындығында отырғандығын анықтауға мүмкіндік болмады, бірақ жоғарыда көрсетілген дене жарақаттарының орналасуы, олардың пайда болу жайы және іс материалындағы деректерге сәйкестігі жәбірленушінің жол-көлік оқиғасы мезетінде автокөліктің салонының алдыңғы сол жақтағы орындығында – рүлде отыруының мүмкін екендігін есептен шығаруға болмайды” делінген. Күмәннің де, күдіктің де көкесі осы бір ауыз сөзде. Нақтылық жоқ. Бір сөйлемнің өзінде кереғар екі пікір айтылады. Әуелі “...Үсеновтің оқиға болу мезетінде автокөлік салонының дәлме-дәл қай орындығында отырғанын анықтауға мүмкіндік болмады” десе, іле-шала “...жәбірленушінің жол-көлік оқиғасы мезетінде автокөлік салонының алдыңғы сол жақтағы орындығында рүлде отыруының мүмкін екендігін есептен шығаруға болмайды” деп долбарлай салады. Осы істе көңіл бөлінуі тиіс екінші мәселе – апатқа ұшыраған көлікке сот-автотехникалық сараптама жасалмаған. Бұған байланысты арыз иесі “мүрдеге эксгумация жасар алдында Қойшыбаевқа апатқа ұшыраған көліктің сатылып кеткендігін айтқанмын, ол менің айтқаныма назар аударған жоқ, сондай маркалы мәшинемен эксперимент өткізе саламыз, деп бұл мәселеге немқұрайды жауап берді”, дейді. Осыдан келіп, тағы да күмәнді сұрақ туындайды: Апатқа ұшыраған көлік неге сатылып кетеді? Қашан іске нүкте қойылғанша айғақ ретінде сақталуы тиіс көлікті иелеріне қайтарып беруге кім рұқсат берген?
Мақаламыздың басында айтылғанындай, анықтаушы Н.Сүйеубековтің қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулысындағы “Осы оқиға бойынша сұралған Ғ.Сарымсақов, Т.Тұрғынбаев Е.Жандаровтың түсінігіне ұқсас түсінік берді” деген уәжіне қайта оралайық. Осы орайда сол апатқа ұшыраған көлік ішінде Бағдат Елібаев деген азамат та болған еді ғой. Енді соның берген түсінігіне назар аударайық: “Маған қойылған сұрақтарға төмендегідей жауап беремін: 2008 жылы 12 қарашада мен, Тұрсын, Талғат, Ержан, Ғалымжан бесеуіміз “Али Асқар” дәмханасына барып, арақ-пиво ішіп отырдық, ал Тұрсынжан 3-4 күріжке пиво және вино араластырып ішіп отырды. Содан “Мирас” дәмханасына барып, ол жерде пиво іштік. Өйткені, стипендиямызды жудық. Содан үйге қайтып Опель вектра көлігіне отырдық, көлікті Ержан басқарды. Сөйтіп жолда Өтегенов Қайрат деген баланың Ниссан көлігімен жарысты. Сол кезде сол көлік бізді қысып, біз талға соқтығыстық. Ол кезде көлікте алдыңғы жүргізуші болып Ержан, ал жанында Талғат, артқы ортада мен, оң жағымда Тұрсынжан, сол жағымда Ғалымжан отырған болатын. Мен соқтығыстан соң есімді жоғалтып, ауруханада ояндым.
Сұрақ: Тұрсынжан сіздер отырған көлікті басқарды ма?
Жауап: Жоқ. Ол отырған жоқ.
Сұрақ: Сіз ол жігіттерді қайдан танисыз?
Жауап: Ол жігіттердің барлығы менің группаластарым, ал ішінде Тұрсынжан менің жақын жолдасым” (түсінік грамматикасы сақталған күйінде беріліп отыр – Ш.Ә.).
Бұл түсінікті Бағдатқа ешкім жалынып немесе мәжбүрлеп жаздырған жоқ. Бұл түсінікті жазғанда марқұм Тұрсынжанның әкесі не шешесі Бағдаттың қасында болған жоқ. Түсінікті жаздырған – анықтаушы Сүйеубековтің өзі. Сонда бұл түсінік неге іске тіркеліп, ондағы айтылған уәждерге неге назар аударылмаған?
Осы орайда тағы бір түсінік хатқа назар аударғанды жөн көрдік. “...Баламның жол апатында ауыр жарақат алғанын естіп, Т.Рысқұлов аулына келдім. Аудандық ауруханада бір бейтаныс әйел маған “бұл жол апатында менің де балам ауыр жарақат алған еді. Балаларымыз бір группада оқыған, сіз Жандаров Ержанның атына арыз жазбай-ақ қойыңыз. Шешесі жесір әйел екен. Мен кешірім бердім. Сіз сөйтіңіз”, деді. Таныса келе Сарымсақов Ғалымжанның шешесі екенін білдім”, деп жазады Бағдаттың анасы Елібаева. Бұл түсінік те көкейдегі күмәнді одан әрі қоюлата түседі.
...Жоғарыда айтқанымыздай, осы істің солқылдақ тұстары да аз емес. Алғашқы сарапшы И.Матлаповтың өз ісіне немқұрайды қарағаны, апатқа ұшыраған көліктің сатылып кетуі, куәгер Елібаев Бағдаттың түсінігінің қаперге алынбауы сияқты күмәнді жәйттер арыз иесі Үмбетәлиева Шолпанның шырылдауына негіз болып отыр. Осы уәждерге нақты жауап алынбайынша жалғызынан айырылған ананың жүрегі тыншымайтын да шығар.
Бір жарым жылдан бері арыз иесін әуре-сарсаңға салған осы бір істе жасырын сыр, белгісіз құпия бар сияқты. Ол қандай сыр, неткен құпия, оны тек істі былықтырып жүргендер ғана біледі. Ал марқұм болған Тұрсынжанның рухы әл-әзір тынышталмайтын болар. Бірақ ол ештеңе айтпайды ғой. Өйткені, өлгендер сөйлей алмайды.
Шарафаддин ӘМІР, Оңтүстік Қазақстан облысы.