Спорттық гимнастикадан жалғыз өзі жеті жолдама жеңіп алған Милад Карими Олимпиаданың іріктеу сынында үш жаттығу бойынша финалға өткен болатын. Бұрнағы күні көпсайыстың ақтық сайысында сынға түскенімен, жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.
Жүлдеге жақындау көрсеткішті Милад кермедегі жаттығу бойынша тіркеді. Іріктеуде 14,766 ұпай жинаған ол жалпы есепте екінші орын алған еді. Дәл осы жаттығудан Миладтан медаль күтеміз.
Бұған дейін Азия, әлем чемпионатында сынға түскенімен, жұрт көзіне түсе қоймаған Милад тәуір нәтижеге тек 2019 жылдан бастап жете бастады. 2019 жылы Италияның Неаполь қаласында өткен жазғы Универсиадада күміс медаль жеңіп алды. 2020 жылғы гимнастикадан әлем кубогының сериясы аясында Аустралияның Мельбурн қаласында өткен еркін жаттығуда қола медальға ие болды.
«Олимпиадаға дейін Киевте жаттығу жасадық. Олимпиадаға қатысу бала кездегі арманым еді. Сол арманға жету оңай болған жоқ. Күш-жігерімді салып жүріп мақсатыма қол жеткіздім. Енді қайткенде де Токиода тәуір нәтиже көрсетсем деймін», деді М.Карими.
Олимпиада басталғалы бері барлық спортшыға сенім артып, «медаль алады деген сенім артамыз» жазып жатырмыз ғой. Алайда үмітіміз ақталмай, спортшыларымыз қоғадай жапырылып жеңіліп жатыр. Милад Каримиге қатысты мақаламыздың тақырыбын сұрақпен қойып отырғанымыздың жөні осындай. Кермедегі жаттығу бойынша Карими көк туымызды желбіретіп жатса, қуаныштың көкесі сол болар еді!