Уинстон Черчилльдің қылығын айтып бір, қайсарлығын айтып екі қайран қаламыз. Даңқты тұлға дәуірден көшсе де, тарих тұғырынан тайған жоқ. Қайта есті естеліктерімен елдің назарын әлі де өзіне аударып келеді. Айта берсең, қызық енді.
Жиырмасыншы ғасырдың саяси кеңістігінде оның қолтаңбасы айқын көрінеді. Бейсаяси білігі, сөзге ұсталығы һәм ойға сүлейлігі самарқау ақылыңды ашытып, толғауы тоқсан көңіліңді толқытатыны тағы рас. Сұсты қабағымен-ақ істі тыңдыратын сарабдал саясаткердің әнтек әдетін әлем әлі қанша уақыт жырлар екен.
Бұған дейін Черчилльдің қабағына қарап, ой қорытқанымыз бар. Қатулы қайраткердің шылымын қолынан тартып алып, суретке тартқан фотограф Юсуф Карштың ерлігі ел есінде. Танымал журналдардың мұқабасынан түспей, оның атақты туындысына айналған-тұғын. Енді қараңызшы, Sotheby’s дүкенінде Уинстон Черчилльдің сүйікті вискиі бейнеленген «Құмыралар мен бөтелкелер» картинасы сатылымға шығыпты. Суретшілік қырымен де көзге түскен британдық көшбасшының туындысы тәп-тәуір дүние һәм өзіндік тағдыры бар. Тіпті сол саладағы белгілі өнер майталмандарының жоғары бағасына ие болғанымен қымбат.
Жалпы, саясаткер өмірінде екі нәрсеге аса құмар болған. Оның бірі – кескіндеме өнері болса, екіншісі – ішімдік. Әрбір күнінің әлқиссасын сода қосылған вискимен бастайтынын ақпарат өкілдері күні бүгінге дейін күлкі қылады-мыс. Черчилльдің өзі оны сүйікті әдеті есебінде еске алып, көзі тірісінде миығынан күлген де қойған. Бұл картинаның бұрынғы картинадан өзгешелігі сол, оның ең жақсы көрген ішімдігі Johnnie Walker жазылған. Брендтің ерекше қара және алтын диагональді жапсырмасы осы натюрмортта айқын көрінеді.
Черчилль 1890 жылы Үндістанның солтүстік-батыс шекарасында қызмет етіп жүрген кезінде вискидің алғаш рет дәмін татып көреді. «Су ішуге жарамады. Ал оны өңештен өткізу үшін аздап виски қосуға тура келді. Ынталы күш-жігердің нәтижесінде оны сүюді үйрендім», деп толғанады кейінірек өзі. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен виски оның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналады.
Астық тапшылығы Шотландияда спирт зауыттарының жабылуына әкелгенде, іске өзі араласып, кәсіптің жандануына жол ашады. 1945 жылы мамырда премьер-министр бұл қарекетін былай түсіндірді: «Қандай да бір жағдай болсын, ешқашан виски үшін арпаны азайтуға болмайды. Бұл баға жетпес экспорт. Экспортқа байланысты басқа да қиындықты ескере отырып, Ұлыбританияға ғана тән бұл артықшылықты ескермегеніміз ағаттық болады. Табыс көзіне айналған бұл элементті сақтамау әбестік», дейді халықты сабырға шақырып.
Нәркез натюрморт 1930 жылы автордың Кенттегі үйінде жазылды. Кенеп бетіндегі Johnnie Walker мен Black Label бөтелкесі көзге оттай басылады. Күміс табақ үстіндегі шарап құятын шынылар әдемі үйлесім тапқандай. Түстер мен заттарды ойната отырып үйлестіру һәм жарыққа әр беру оның досы және бейнелеу өнердегі тәлімгері Уильям Николсонның әсерінен туған дүние болса керек. Суретші мен саясаткер табиғат аясында пейзаждарды бірге жазған, ал қолайсыз ауа райында олар натюрморттармен жұмыс істеген. Қызығы сол, сондай сәттерде саясаткер қызметкерлеріне шығармасына арқау болар заттарды іздеуді тапсырады екен. Бұл еріккендік болып көрінуі мүмкін, десе де Черчилль қолына қылқалам алғанда дүниеден жырақ өмір сүргендей.
Қараңызшы, құмыралар мен шыныларға шағылысқан сәулелер әйнекке өрнек салғандай. Бұл натюрмортта 1937 жылы жазылған шебер Николсонның патша коллекциясына енген «Алтын шеңбер» туындысындағы детальдары бар. Черчилль өзінің натюрмортын көрнекті тұлға, кәсіпкер һәм дипломат Аверелл Гарриманға сыйлайды. Ол 1940 жылдары Рузвельттің басшылығымен Еуропадағы арнайы елші қызметін атқарған еді. Жұмыс барысында талай мәрте Черчилльмен дидарласып, досына да айналған. Содан соң 1943 жылдың қазан айында Кеңес Одағына елші болып тағайындалады. Кейін 1975 жылы әлгі Гарриман «Черчилль мен Сталин кезіндегі арнайы өкіл. 1941-1946 жж.» атты мемуар жазады.
Айтпақшы, америкалық дипломат Ұлыбритания премьер-министрінің жалғыз ұлы Рандальфтың әйелі Памеламен оңашада тіл табысқан көрінеді. Бұл қарым-қатынастан саясаткер бейхабар болған сыңайлы. Сөйтіп келіні 1971 жылы Гарриманға тұрмысқа шығып, оның үшінші әйелі болады. Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой, 1986 жылы Аверелл қайтыс болғаннан кейін сыйлыққа келген натюрморт Памеланың өмірінің соңына дейін бірге болады. 1997 жылы картинаны америкалық кәсіпкер Ира Липман сатып алыпты. Ол қайтыс болғаннан кейін, атақты шығарма қайтадан сатылымға қойылып отыр.
Енді Черчилльдің натюрмортының құны 250 мың фунт стерлинг, яки 280 мың еуро тұрады. Біздің теңгеге шақсақ, бір облыстың жылдық бюджетінен көп. Сондықтан дәмеленбей-ақ қоялық. Черчилльдің талантын түкке тұрғысыз деп танығандар да бар. Кезінде «Нью-Йорк Таймс» газеті аталған натюрмортқа «Бөтелкелер» деп ат қойып, сынға алған болатын. Әйтсе де оны оқырман құлағына да қыстырған жоқ. Сырбаз саясаткердің картиналары аукционда беделін түсірген емес. Оған мысал қызы Мэри Сумеске тиесілі «Чартеллдегі алтын балықтар тоғаны» пейзажы. 2014 жылы ол Sotheby’s-те 1,8 миллион фунтқа сатылды.