КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиевтің қызы, А.Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық опера және балет театрының режиссері Найля Рахмадиевамен сұхбат.
– Найля Еркеғалиқызы, сіздің талай жылдардан бері Қырғыз ұлттық Опера және балет театрының режиссері болып келе жатқаныңызды естігенде әрі қуанып, әрі таңырқап қалғанымыз рас. Қазақта «жақсының көзі» деген сөз бар, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев секілді ұлтымыздың біртуар ұлының қызысыз. Әкеңіз сіздің қандай адам еді?
– Біз әкеміздің анамызбен, ағайын-туысымен, дос-жаранымен таза пейіл, адал көңілімен қарым-қатынас жасағанын көріп өскендіктен болар, бұл мәдениет біз үшін эталонға айналып, өскенде өз жемісін берді. Адам болып өмір сүрудің алғашқы әліпбиін ұямызда жүріп үйрендік. Оның бойында жатырқау мінезі жоқ еді, кез келген адамға кең құшағын жайып ұмтылатын. Құрметін көрсету үшін кісіні үлкен-кіші, шенді-шенсіз деп бөліп-жарып жатпайтын. «Ешкімнен алғыс күтпеңдер, жақсылық жасағың келсе, өзің үшін жаса» дегенді жиі қайталап айтатын. Әкем – менің ар-ұятым, намысым, алдымдағы айбарым, қандай теңеу айтсам да, бәрібір оған деген перзенттік сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әкем биліктің барлық сатысын басып өтті, оның сыртында шығармашылығын өрістетіп отыруды да жадынан шығарған жоқ. Қауырт жұмысынан бір сәт қолы қалт ете қалғандай болса, ол демалысын бізбен, отбасы, балаларымен бірге өткізетін. Құтты шаңырағымыздың босағасы мен төрі бір күн қонақтан босап көрмеді. Әкем Президенттен бастап қарапайым пендеге дейінгі аралықтағы адамдар тобының әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бірдей қарым-қатынас жасады. Бүгінгі шенеуніктерге тән өзінен мықтыға бас ұрып, өзінен төменге шекесінен қарау дейтін жат мінезді бойына жуытпады. Әкем Жексенбек Еркінбеков, Пернебек Момынов, Әбдімәулен Дәуітбаев, Кенжебек Күмісбеков, Мәмбет Бестібаевтармен құшағы ажырамаған күйі дос болып өтті. Әкемнің ең жақын досы Ғабит Мүсірепов еді. Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаевты біз бала күнімізден біліп өстік. Олар біздің үйге жиі келетін болғандықтан, оны қалыпты жағдайға балап, біз олардың ұлы адамдар екенін білмеген де, тіпті түсінбеген де екенбіз. Алда-жалда үйге ешкім келмей қалса, көпшілікке, қонаққа әбден үйренген әкем есікке қарап елеңдеп отырып-ақ біреуді сол ниетімен шақырып алатын. Ғабит аға мен әкем таңды таңға ұрып преферанс ойнайтын еді. Әкем Кеңес Одағы өнері мен мәдениетінің ең таңдаулы өкілдерімен де жақсы жолдас болды. Қазақстанға іссапармен, кәсіби шаруамен қонақ болып келетін қай мықты да біздің үйден дәм татпай кетпейтін. Кеңес Одағының халық әртістері Арам Хачатурян, Родион Щедрин, Мстислав Растропович, Ян Френкель, Валерий Гергиев, Тихон Хренников, бәрін санамалап айтып тауыса алмаспын, бірақ осы кісілердің бәрін де біз кішкентайымыздан танып өстік. Бұлардың бәрі де әкемнің өнерін биік бағалады. Гергиев кейін әкемнің «Құдаша - думан» мен «Дайрабай» симфониялық күйлеріне дирижерлік жасады. Бұл мойындау мен бағалаудың арқасында әкем тірі кезінде-ақ тарихтағы тұғырын өз қолымен биік етіп қалап кетті, қастерленді, қайтыс болғаннан кейін де оған деген құрмет кеміген жоқ. «Әрбір адам өз өмір жолын менің әкем секілді жүріп өтсе ғой, шіркін» деймін. Жылылыққа толы, жарығы мол, бақытты өмір жолы.
– Әкеңіздің жолын қуып классикалық өнердің жалынан ұстаған кәсіби музыка маманысыз, сізді қырғыз еліне жетектеп кеткен тағдырдың қандай тегеурінді күші екен?
– Әрине, отбасымыздың алтын қазығы, шаңырағымыздың ұйытқысы анам Клара Смағұлова дана әйел ғана емес, әкеммен елу бес жыл бірге отасқан сенімді серігі, адал жары бола білді. Небір жақсы мен жайсаң туған Баянауылда кіндік қаны тамған анам сұлулықты, жылылықты, тыныштықты жақсы көретін. Өз өмірімнің басым бөлігін жүріп өтіп, соңыма бұрылып қарасам, ата-анамыз бізді бақытты етудің барлық мүмкіндігін жасаған екен. Әкеміз қызмет биігінде жүрді ме, лауазым иесі болды ма, бізге, балаларына бәрібір еді, бастысы, біз олардың шүпілдеген мейірімге толы қамқорлығын сезініп, махаббатына шомылып өстік. Әке-шешеміз үш бала тәрбиелеп өсірді. Әпкем Жанаргүл мамандығы бойынша журналист, бірнеше тіл білетін эрудит, бірақ өмір бойы банк саласының маркетинг қызметінде болды. Інім Едіге Суриков атындағы Мәскеу көркемсурет институтын тәмамдаған есімі елге белгілі мүсінші. Ал мен К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепті пианино класы бойынша бітірген соң Т.Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтының театр және телевизия режиссері мамандығына құжат тапсырдым. Оны бітірген соң ҚазМУ-ді тәмамдаған жолдасыма тұрмысқа шығып, екеуміз қол ұстасып Бішкекке келдік. Отыз бес жылдан бері осында тұрамын. Қайын атам Қырғыз Республикасы Үкімет басшысының орынбасары – Мемлекеттік жоспарлау комитетінің басшысы болса да, біздің, балаларының отбасына араласпайтын, екеуміздің де ата-анамыз біз үшін ойлап, не істеу керегін, қалай жасау керегін кесіп-шешіп, бұйырып көрсететін адамдар емес еді. Таңдауды өзімізге беріп, тек бақытты болуымызды тіледі.
– Еркеғали ағамыздың артында қалған музыкалық мұрасы аса мол. Ұлттық классикалық өнерімізді өрістетудің бастау-бұлағында тұрған, дамытқан, ұлттық опера жазған алғашқы композиторлардың бірі. Шығармашылығы қалай зерттеліп жатыр?
– Мен опера режиссері ретінде әкемнің соңына қалдырған мұрасының маңызына күн өткен сайын бойлап келемін. Ол кісі композитор ретінде бай қазына қалдырды. Бес опера жазды. 80-нен аса симфониялық шығарма, күйлер, яғни әр жанрдағы шығармаларын жазып жүргенде, ол Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның ректоры және Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, КСРО Композиторлар одағының хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты сияқты негізгі жұмысы және қоғамдық қосалқы міндетін қатар атқарып жүрген кезі болатын. Сонда да «шығармашылықпен шұғылдануға уақыт жетпеді» деп өкініп отыратын. Әкем Композиторлар одағын табаны күректей жиырма жылға жуық уақыт басқарды. Ол басқарған кезеңде үйсіз-күйсіз жүрген композитор болған жоқ. Біз күн сайын таңғы сағат 6-да әкеміздің роялінің дауысынан оянатынбыз. Жұмысынан кеш оралатын. Әкем қайтыс болған соң маған музыка әлемінің есігі жаңадан ашылғандай, оның шығармашылығын басынан бастап зерттеуге кірістім. Оның таңғажайып сиқырлы сазға толы шығармаларын күндіз-түні жатып алып тыңдаудан жалықпадым. Жас болдық, көзі тірісінде көп дүниесінің байыбына бара алмадық. Мықты композитор екенін біле тұра, оған ең алдымен әке, менің балаларымның атасы деп қарағаным үшін өкінемін. Бақилық болып бізден алыстаған кезде ғана оның ұлттық өнеріміздегі ұлы тұлғалардың бірі болғанын анық түсіндім. Оның музыкасындағы екпін ғажап, онда Американың блюз, Еуропа музыкасының ырғағы бар, солай бола тұра, ол ұлттық әуенмен ерекше үйлесім табады. «Осының бәрін әкеме көзі тірісінде неге айтпадым?» деп кейде іштей мүжілетінім бар. Әкемнің кең масштабтағы әлеуетіне «талантты», «көрнекті» деген теңеу аздық етеді, ол шын мәнінде ұлы адам, ұлы композитор. Әлемдік деңгейдегі музыканттардың бәрі мұны бір ауыздан мойындаған, ендеше әкемнің өнердегі, өмірдегі биік болмысын «ұлы» деген теңеумен айшықтауға еш қысылмаймын. Әкемнің тағдыры ұлттық музыканың тағдырымен тікелей байланысты. Қазақтың музыка өнері тірі тұрғанда әкемнің аты өшпейді.
– Лепсі, Матай өңіріндегі Балқаш көлінің жағасынан «Еркеғали Рахмадиев ауылы» деген қоршаулы мекенді кездестірген едім. Мұндағы ауыл адамдары ол кісінің мұнда жиі келетінін, тіпті айлап жататынын айтатын еді. Бұл сонда ағамыздың өмір бойы туған жерімен байланысын үзбегені ғой?
– Әкем мен анам жыл сайын Мәскеу түбіндегі санаторийге шығармашылық демалысқа аттанатын. Ал соңғы «Абылай хан» операсын туған жері Балқашта жатып жазды. Жаз демей, қыс демей, суық пен ыстыққа қарамай, жапан даладағы жалғыз үйде оңаша жатып жұмыс істеді. «Басымды, жүрегімді тек бір ғана ой шырмап алды, не күндіз, не түнде маза бермейді, ұйқым келмейді» деп тек осы операсы туралы толғанып күн кешті. Бірде опера туралы қалың ойдың құшағынан шыға алмай, шарықтаған қиял жетегінде қақпадан қалай шығып кеткенін білмей, талай жерге ұзап кетіпті. Кенет бүйірден қасқырдың ұлыған дауысы шыққанда барып ес жиғанын айтқаны бар. «Қасқырдың дауысын естігенде қорқып кеттім, кейін қарай жүгіріп, қашып құтылдым, Құдай сақтады» деп отыратын. Ал өмірде өте батыр адам еді. Шындықты айтудан қорықпайтын, тайсалмай тұрып, бетке айтқанда, анау-мынау адам шыдап тұра алмайтын. Ол басқалардан осы турашыл қасиетімен дараланып тұратын. Әкемнің балалық шағы аштықпен тұспа-тұс келіп, өте ауыр болған екен, сол қиындығы ұрпағының басында қайталанбағанын қалағандықтан болар, олармен әңгімелесуден, үйретуден жалықпады. Атам Рахмади ақын болған екен. Отбасы аштықтың азабын тартып, талғажау етер түк таппаған соң Семейдің Шұбартау жағынан «өзен жағалағанның өзегі талмайдының» керімен Балқаш көлін жағалап келіп, осы Лепсі маңайын қоныс қылған екен. Балқаш бойында балық өндірісін жолға қоюға келген орыстардан балық аулауды үйреніп, балаларын аман алып қалыпты. Әкем «мен сонда екі жастағы бала екенмін, балығы тайдай тулаған терең көлдің бойында отырған қазақтар аштықтан шыбындай қырылып жатыпты. Бізді Балқаштың балығы аман алып қалды» деп есіне алып отыратын. Кейін жасы ұлғайып, зейнетке шыққан соң туған жерінің қасиеті тартқаны болар, әкем жұмақ мекендей болған Балқаштың бойынан үй салып алып, қаланың шуынан қашып, жазда сонда кетіп қалатын болды. Тынығып, тыңайып, қуат алып қайтатын.
– Ол кезеңде көпшілігі композитор деген ат иеленгенмен, нота да танымайтын еді. Еркеғали ағамыз рояльда ойнауды қайдан үйреніп жүр?
– Ол өз алдына қызық хикая. Балалық шағы аштықпен, жастық шағы соғыспен қатар келген ол тылда жан аямай жұмыс істеп, 14 жасында бірінші медалін алған екен. Алматыға музыка мектебіне оқуға түсуге келгенде үстінде бүтін киімі де жоқ, жеңі қолының басына түскен қолапайсыз үлкен жейдесінің етегін ескі шалбарға жасырып, ышқырын жіппен байлап келген көрінеді. Училищеде алдымен домбыра класында оқып, кейін консерваторияға түскеннен кейін рояльді тікелей Брусиловскийдің өзінен үйренеді. Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев жаяу-жалпы оқу іздеп келген ауыл баласынан ақыл-кеңесін аямай, үнемі үйретіп, қолдау көрсетіп отырады. Әкем «оларға өмір бойы қарыздармын» дейтін. Рояльға бала жеті жасқа жетпей отырады, ал әкем әбден естияр тартып, жігіт болған шағында меңгерген. Сөйтсе де, осы рояльмен-ақ симфониялық оркестрге арналған барлық шығармаларын өмірге әкелді. Кейін Мәскеу консерваториясының аспирантурасын бітірді.
– Еркеғали ағамыздың «Алпамыс», «Қамар сұлу» «Дайрабай» операларын жаңа кезеңге лайықтап қайта жаңғыртып қоюдың мүмкіндігі бар ма?
– «Қамар сұлу» операсын қайта жаңғырту идеясы туындап отыр. Сондай-ақ Абай атындағы Ұлттық опера және балет театры Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай либреттосын Әбіш Кекілбаев жазған «Абылай хан» операсын қайта сахналамақ ниетте. Кезінде бұл опера үшін керемет костюмдер тігіліп, тамаша декорация дайындалған болатын. Оның бәрі театрда сақтаулы тұр. Сондықтан «Абылай хан» операсының қайта жаңғыруы аса қиындық тудырмайды. Мұнымен бірге «Астана Опера» театры «Алпамысты» қолға алмақ. Олар дайындықты бастап та кетті. Осы «Алпамыстың» алғашқы бөлімінде Рахмади атамның әні пайдаланылады. Қазақстанның негізгі үш театрында Е.Рахмадиевтің үш операсы қойылады. Тоқсан жылдық мерейтойға жақсы тарту болады деп ойлаймын.
– Расында да, Еркеғали ағамыз биыл 90 жасқа толып отыр. Тоқсан жылдықтың басты тартуы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Конгресс-холды Е.Рахмадиевтің атымен атау туралы мемлекет басшысының жарлығы жарияланды. Мерейтой аясында басқа қандай іс-шаралар жиынтығы жоспарланып отыр?
– Пандемияға байланысты 90 жылдыққа жоспарланған іс-шаралар легінің көпшілігі жүзеге аспай, қағаз жүзінде қалғаны жанымызды батады, әрине. Жоспар да, жоба да көп еді. Соған қарамастан әкем тұрған үйге мемориалды тақта ілінді. Шәкірттері, өнерді сүйетін, әкемнің шығармашылығын құрметтейтін тілеулес адамдар Еркеғали Рахмадиев атындағы қор құрды. Басқарма құрамында Қажымұрат Нағыманов, Раиса Мұсаходжаева, Айсұлу Тани, Қалыпберген Әбілжанов, Азамат Жылтыркөзов бар. Қор әкеміздің атындағы халықаралық байқау ұйымдастыруды, концерттер мен мәдени іс-шаралар өткізуді, әкемнің шығармашылығын насихаттауды мақсат етіп отыр. Қазақ ұлттық өнер университетіндегі үлкен залға әкеміздің аты берілді. Қарағандының кәсіби симфониялық оркестрі Е.Рахмадиев атын иеленді. Дүйсен Қасейінов басқаратын ТҮРКСОЙ ұйымының ұйытқы болуымен Түркияда әр республиканың өз Үйі ашылған болатын. Бұл – Шығармашылық Үйі. Сонда Қазақстанның атын иеленіп ашылған үй Е.Рахмадиевтің атымен аталды. Онда Қазақстанның туы, әкемнің портреті ілінген. Консерваториядағы үлкен орган залы да енді әкемнің атымен аталатын болады. Өйткені консерваторияның ректоры болып тұрғанда Қазақстанға бірінші орган аспабын Германиядан әкем әкелген болатын. Бастысы, Абай атындағы Опера және балет театрында көрерменнің шағын бөлігімен салтанатты мерейтой шарасы аталып өтті.
– Белгілі адамдардың көпшілігі дер кезінде қызметінен кетуден, зейнетке шығудан қорқатын сияқты. Қызметінен кетсе, қадірі қашып, керексіз болып қалатындай сезінетіні де бар. Бірақ олардың әбден шыңдалған, байытылған ішкі ресурсын кәдеге жарату қоғамға пайда бермесе, зиян келтірмейтінін астанада зиялы қауым ортасын қалыптастырғандар жақсы дәлелдеді. Солардың бірі Еркеғали ағамыз еді, жаңадан ту тіккен бас қаланың өнері мен мәдениетінің жанынан табылғанына өзі де қуаттанған олар?
– Елбасы Н.Назарбаев жаңа астанада жұмыс істеуге әкемізді өзі шақырды. Әрқашан алдыңғы саптан көрінген әкем мұнда да қол қусырып қарап отырмай, Ұлттық өнер университетінің іргетасын қаласып, алғашқы шәкірттер легін дайындауға кірісті. Жаңа оқу орнының басшысы Айман Мұсаходжаева әкемнің өнер жолын жаңадан бастаған жас музыканттарға дем беріп, қолдау білдіріп отыратын қасиетіне тәнті екенін айтып еді. Талантты скрипкашының өзі де әкем үшін қолайлы жағдай тудырып, әрдайым қолдау жасап отырды.
– Әкеңіз туралы әңгіменің таусылмасы белгілі. Дегенмен өз шығармашылығыңыз туралы да сөз қозғаудың реті келіп тұр. Осы уақытқа дейін қырғыз театрының сахнасын қандай шығармаларыңызбен байыттыңыз?
– Әлемдік классиканың жауһары саналатын «Тоска» спектаклін көрермен жылы қабылдады. Барлық опера театрларының негізгі ұстынына айналған «Сиқырлы флейта», «Кармен», «Севиль шаштаразы» спектакльдерін сахналау – өзіңді режиссер ретінде сынап көрудің маңызды алғышарты ретінде санаймын. Бұл жұмысым да сәтті қойылып, ұзақ жылдар бойы сахнадан түспей келеді. Опера театрында 2010 жылға дейін жұмыс істедім. Қолға алған басқа жобаларым, қоғамдық жұмыстарым бастан асып, барлығын қатар алып жүру қиындаған соң қимасам да, амалсыз театрдан кетуге тура келді. Ол жобалардың көпшілігі Астана, Алматымен байланысты болғандықтан, жиі сапарлауға тура келетін. Он жобаның ортасында жұмыс істеп жүріп бәріне үлгере алмайтынымды түсіндім. Бұл жобалардың бәрі дәл сол уақытта мен үшін маңызды болды. Ал театр таза шығармашылықты қажет ететін жұмыс болғандықтан, оған басыбайлы көңіл бөлмесең, өнерді ақсатып аласың. Ал қазір театрыма режиссер болып қайта оралдым.
– Қырғыз классикалық музыкасының басқа елдің өнерінен, айталық, өзіңіз жақсы білетін қазақ операсы мен балетінен басты ерекшелігі неде?
– Мен Алматы мен Бішкектің арасын жиырма жасымнан бері алтын көпірге айналдырдым. Көлікте келе жатып мидай жазық кең далаға көз саламын да, ойланамын. Сондай кезде, неге екенін білмеймін, қазақтың даласы мен қырғыздың тауларын жиі салыстыратынымды байқаймын. Ұлттың мінезі, сол ұлт тудырған музыка мінезі осы халық қоныс тепкен жердің жағрапиялық кеңістігімен, топырағымен тікелей байланысты болатынына көзім жетті. Қазақтың «аха-а-а-ау» деп басталып, әншінің шабыты қай жерге дейін шарықтатса, сол жерге дейін кедергісіз еркін қалықтап ұшатын халық әндері ұшса құс қанаты талатын шетсіз-шексіз жазира даласы секілді кең тынысты, аспаны сияқты биік. Ал Ала Тооны бөктерлеген қырғыз халқының әні мен күйі тауларды еске түсіреді. Тау дала секілді біртегіс емес, ол бірде биік, бірде еңіс, бірде тік, бірде жазық. Ендеше музыкасы да дәл сондай жоғары-төмен ырғаққа құрылған иірімді, сазды, сырлы әуен. Қазақ пен қырғыздың өнерінен, тілінен, тұрмыс салтынан айтарлықтай айырмашылық байқамадым. Екі елдің де классикалық өнері кеңестік кезеңде бірдей деңгейде өркендеді. Кырғыз опера әншілерінің атағы, бишілерінің даңқы сол кезеңнен бастап-ақ дүркіреп шықты. Әлемге әйгілі Болат Минжилкиевтің өзі неге тұрады? Осы уақытқа дейін Болат Минжилкиев сияқты бас дауыстың иесі әлі туылған жоқ. Өмірінің соңына қарай оны Санк-Петербургтегі Мария театры өз сахнасына алып кетті. Биші Бюбюсара Бейшенәлиева ше? Композитор Калый Молдабасанов шығармалары барлық уақыттың сынына төтеп бере алады. Ал Шыңғыс Айтматов әлем әдебиеті классиктерінің қатарынан орын алды. Халқының саны аз болса да, Құдай қырғызға мақтаныш тұтар талассыз таланттарды үйіп-төгіп молынан берген.
– Сіз қырғыз елінің арт-саласындағы мықты менеджерлердің бірінен саналады екенсіз. Мұндай іскерлік, ұйымдастырушылық қабілет анық әкеңізден дарыған болды-ау, шамасы...
– Адамдармен жұмыс істеу, келісімдер жасау, қаржы көзін қарастыру, демеушілер табу, ауқымды жұмыстарды үйлестіріп, ұйымдастыру өнері расында да, маған әкемнен берілсе керек. Мен көп жылдар бойы Қырғыз ұлттық опера театрында консерваторияның опера класы бойынша сабақ жүргізіп келемін. 20 жыл бойы консерваторияның доцент дәрежесінде шәкірт тәрбиеледім. Бұған қоса ірі музыкалық жобалар мен фестивальдер, концерттер ұйымдастырумен айналысатын қоғамдық қор жұмысын басқардым. Шетелдің ең мықты орындаушыларын келісім-шартпен қырғыз еліне шақырып, оларды іріктеп 70 адамдық оркестр жасақтадым. Өте көп музыкалық байқау өткіздім. Кәсіби биік деңгейде ұйымдастырылған бұл шаралардың бәрі қырғыз елінің рухани-мәдени дамуына, деңгейінің өсіп, бағытын белгіленуіне өзіндік үлесін қосты.
– Әңгімеңізге рахмет.