Заманның зары аңқиды. Өйткені бұл дауыста қайғының табы бар. Уақыттың көз жасы, дәуірдің дабылы сіңген. Мен қорықпаймын ғой, үйдегі әжем естіген сайын бір тыжырынып қалады. Шалынан айырған соғыстың қайсібір қылығын жақтыра қойсын. «Атамашы сол пәлені» деп арыдан үркиді. Ал біз осы үннен ізгілік іздейміз. Іздеп қана қоймай, жеңістің дәмін сездірген ырғақты нотадай радиоға ынтыға қалатынымыз бар. Бұл қилы ой сілеміне салатын көрініс.
Қара жер хабар бермесін, көзі тірісінде көрші атамыз ылғи Сталинді боқтап отыратын. Бала болып мән бермеппіз, кейін көңіл төріне қонды. Аласапыран қуғын-сүргін авторының адамсүйер қылығы жоқ екен ғой. Тарихта тек жауыз Гитлерді жеңген жан есебінде адақталды. Әрісі басқа әңгіме. Сол Сталиннің соғыстағы үлкен олжасы дауысы жер жарған диктор Юрий Левитан еді. Сіз оны танымауыңыз мүмкін. Есіңізге салу үшін, мақаламыздың түйінін орысша тарқатайық.
«Внимание! Говорит Москва!… сегодня, в четыре часа утра, без всякого объявления войны, германские вооруженные силы атаковали границы Советского Союза! Началась Великая Отечественная война! ... Наше дело правое! Враг будет разбит! Победа будет за нами!» Бұл трагедияға толы ащы дауысты халқымыз алғаш 1941 жылы 22 маусымда естіді. Фашистік әскердің КСРО-ға шабуылын Кеңес радиосының дикторы Юрий Борисович Левитан елге жеткізді. Ал қалғаны тарих. Біз бүгін сол талайлы тарихты қайта көтеріп көрмекпіз.
Жаздың жұпарлы жексенбісін әдеттегідей қарбалас құшағында өткізіп жатқан қоғамның төбесіне біреу тас тастағандай болды. Жан түршігерлік жаңалық, бірақ шегінерге жол жоқ. Ұлы майданға алдын ала дайындалған фашистік Германия жайбарақат жатқан Кеңес өкіметін оп-оңай жаулап аламыз деп ойлады. Әйтсе де бұл әрекеттері қысты күні көк шөпті аңсаған қозының маңырағанындай болды да қалды. Сол өліара тұста радиохабарлардан «Кеңестік ақпарат бюросынан» деген сөз күнде сайрап тұрды. Кейін бұл фраза әзілге ұласып кетті. Дегенмен Левитанның дауысы Екінші дүниежүзілік соғыс символының біріне айналғаны даусыз.
Мақаламыздың тақырыбын «Жеңіс дауысы» деп қоюымыздың өзіндік себебі жоқ емес. Сұм соғыстың хабаршысындай көрінген диктор Левитанның майдан барысындағы қайғылы ақпараттарды жеткізген бірде-бір дауысы сақталмаған. Есесіне мұрағатта қоюланған кеңес әскерінің жеңіске жеткен сәтін желпіне айтқан үні әлі күнге ойнайды. Неге кеңестік идеология осындай қам-қарекет жасады деп ойлайсыз? Себебі мағынасыз майдан ерлік оқиғасы ретінде ел жадына енген жоқ. Соғыстан кейін қарапайым халықтың бәз-баяғы қалпына келуі үшін сондай ауыр естеліктерді өшіруге тырысты. Тек 1960 жылдан бастап үлкен жетістік есебінде кеңінен насихаттала бастады. Сол сәттен бастап Левитан кеңестік ақпараттық бюроның ең маңызды әскери есептерін жазып отырды. Кейін бұлар көптеген радиохабарда, деректі және көркем фильмде қолданылды.
Оның дауысындағы рухты жігер сарбаздарды жеңіске жетеледі. Бұл тылсым күш Гитлерге ұнамады. Өйткені кеңес халқы үшін Левитанның дауысы бостандықтың бұлбұлындай сезілетін. Фашистер мұны қуатты ақпараттық қару ретінде қарастырды. Тіпті ә, дегенде жеңісіне сенімді болғаны соншалық, фашист көсемі Германияның жеңісі туралы ақжолтай хабарды Левитанның жеке өзі хабарлау керек деген идеяны білдірді. Ол диктордың есептерін тыңдай отырып, оның дауысының қандай қорқынышты күшке ие екенін түсінді. Сөйтіп дикторды ұрлау туралы шешім шығарды. Бірақ іс ыңғайға көнбеді. Кеңес әскері Гитлердің кедергісіз жеңіс туралы арманын сейілтіп, жоспарының тас-талқанын шығарды.
Қызықты қараңызшы, Левитан Гитлердің жеке жауына айналды. Оның басы үшін фюрер үлкен сыйақы тағайындайды. Деректерге сүйенсек, бұл сома 250-100000 марканы құрайды. Тіпті неміс қолбасшылары кеңес дикторын құрту үшін диверсия жоспарларын да құрған екен. Мұны Сталин жақсы түйсінді. Дикторға көзінің қарашығындай қарап, ұлт құндылығы ретінде қадірледі, көзден таса қылмады. Оған тәулік бойы кезекшілік ететін бірнеше күзетші қойды.
1944 жылы Левитан Радиокомитеттің негізгі дикторы болды. Бұған Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттау стенограммасы дәлел. Тіркелген сипаттамада «барлық маңызды материалдарды оқуға тапсырылған жоғары санаттағы спикер» деп жазылған. Сондықтан 1945 жылы 9 мамырда жеңісті және соғыстың аяқталғанын бірінші болып өзі жариялады. Алғашқы хабарламасын сол түні түнгі сағат екіде жеткізді. Бірақ бұл жайдарлы жаңалықты кеңес халқы тек Левитаннан ғана естіген жоқ. Таңғы алтылар шамасында оның әріптесі Ольга Высоцкая Берлиннің кеңес әскері қолында екенін егжей-тегжейлі баяндады. Бірақ оның дауысын ел ұмытқалы қашан. Бізге Левитан ыстық!
Жеңістен кейін Юрий Борисовичтің радиодағы қызметі саябырсыды. Бұрынғыдай көсіле сөйлейтін кез келмеске кетті. Оның дауысы қайғылы оқиғалармен тікелей байланысты болғандықтан кеңес азаматтары естігісі келмеді. Ақыры, өмірінің соңына дейін мезгіл-мезгіл теледидарда әртүрлі бағдарламаларға қатысып, жас тележурналистермен жұмыс істеді. Сталиннің сүйікті дикторы осылай өмірден көшті.