• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Коронавирус 01 Тамыз, 2021

Індет өршіп барады

587 рет
көрсетілді

Зәре-құтымызды әбден қашырған зауал шақ қашан бітер екен?! Адамзат түрлі амалын жасап, күресуді үйренген сайын бұл індет те түрін өзгертіп қайта шауып, жаудай тиіп жатыр. Күннен-күнге жан түршіктірер жағдай тіркеліп, төбемізден жай түсіргендей антирекордтар жаңаруда.

Кеше ғана тағы да коронавирус жұқтырудың рекордтық саны тіркеліп, 7 803 адамның ауырғаны анықталды. Кейінгі күндері бұл кері көрсеткіштің жиі жаңаруы ахуалдың қаншалықты күрделеніп бара жатқанын аңғартады. Сорақысы, індеттің кесірінен қайтыс болғандар саны жағынан да бұрын болмаған дерек тіркеліп, коронавирус көресіні көрсетіп жатыр.

Бүгінде «қызыл аймақта» тұрған Қазақ­стан­ның «қызармаған» тұсы қалмады. 1 тамыздағы эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша барлық өңір – «қызыл аймақта». Бұдан бір күн бұрын ғана «сары аймақта» тұрған жалғыз өңір – Түркістан облысы да түсін өзгертті. Жалпы, жағдай­дың тым нашарлап кеткенін енді «қызыл» түспен белгілеу де жеткіліксіз болып тұр. Өйткені «қызыл» түсіміз сұйылудың орнына одан сайын қоюланып барады. Бұл қою «қызылымыз» бұдан былай «қоңыр-қызыл» деп аталмақ. Нақтырақ айтсақ, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың 29 шілдедегі №33 қаулысында «қоңыр-қызыл аймақ» ұғымы пайда болды. Қаулыда «қоңыр-қызыл аймақ» тәуе­кел дең­гейі өте жоғары аймақ екені, инфек­ция­лық төсектік орындармен толтырылу көр­сеткіші 70 пайыздан жоғары және 100 мың тұрғынға шаққанда 200-ден аса төсектік орын­мен толтырылу көрсеткіші кезінде ай­мақ осы санатқа өтетіні көрсетілген. Осылайша, жағдайы тым күрделеніп бара жатқан еліміз шектеу шараларын қай­та күшейтуге мәжбүр болып отыр.

Аталған қаулы негізінде 2 тамыздан бастап «қоңыр-қызыл аймақта» әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйым­дарын, сондай-ақ осы қаулының 9-тар­мағының 4) тармақшасында көрсетілген ұйымдарды қоспағанда, Ashyq жобасына қатысушыларымен бірге барлық кәсіпорын мен ұйымның қызметі демалыс күндері тоқтатылады.

Сонымен қатар 9 тамыздан бастап инфекциялық төсектік орындардың толтырылу көрсеткіші 70%-дан жоғары жә­не төсектік орындардың толтырылу көр­сеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 200-ден жоғары болған кезде, яғни «қо­ңыр-қызыл аймаққа» өткен кезде «Ashyq көш­басшылары» мәртебесі бар объектілерге 00.00 сағатқа дейін, жоба бойынша жұмыс істейтін өзге де объектілерге сағат 22.00-ге дейін жұмыс істеу режіміне рұқсат етіледі.

Бұл ретте «қоңыр-қызыл аймақтың» демалыс күнінің шектеу шаралары 2 тамыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент, Атырау және Қарағанды қала­ларында енгізілетінін айта кеткен жөн. Яғни демалыс күндері бұл қала­ларда жоғарыда аталған құзіретті мекемеле­р­ден бөлек, Ashyq-қа қатыспайтын бар­лық кәсіпорын мен ұйымның қызметі тоқ­та­тылады; ойын-сауық, спорттық және бас­қа да бұқа­ралық іс-шараларды, сондай-ақ отба­сылық, естелік іс-шараларды өткі­зу­ге тыйым салынады; мемлекеттік орган­дардың (ұйымдардың), кеңселердің, ұлт­­­тық компаниялардың және өзге де ұйым­­­дардың қызметкерлерінің (вак­ци­на­ланған және соңғы 3 ай ішінде ауырып сауыққан адамдарды қоспағанда) 80%-ы үшін қашықтан жұмыс істеу нысаны сақталады. Сондай-ақ Ashyq жо­басынан тыс құрылыс жұмыстарын жүр­гізуге; өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметіне; жанас­пайтын қызмет көрсе­туге, туристік ком­паниялардың, бизнес орта­лықтардың, қыз­меттің жекелеген түр­лерінің қызметіне; қоғамдық тамақтану объек­тілерінің тек алып шығуға және жет­кізуге арналған қызметіне рұқсат етіледі.

Жалпы, бүгінгі таңда еліміздің қай тұсында болсын, эпидемиялық ахуал ушығып тұр. Індет жұқтырғандардың саны күн сайын артып, инфекциялық стационарлар толып жатыр, кереуетке таңылған науқастар көбеюде. 1 тамыздағы мәлімет бойынша 98 931 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Оның ішінде 28 162 пациент стационарда, 70 769 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шалдыққандардың арасында 1 652 адамның жағдайы ауыр, 417 пациенттің жағдайы өте ауыр, 187 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, қазіргі уақытта ден­саулық сақтау жүйесі өткен жылмен са­лыстырғанда екі есе артық жүктемемен жұмыс істеуде. Егер былтыр сыр­қат­та­нушылық тәулігіне 2 мың адамды құраса, осы жылдың шілде айында өсім үш есе асып, бір тәулікте 7 мыңнан аса адам індет жұқтыруда. Емделіп жатқан пациенттер саны да екі есе артты.

«Шілде айының басындағы жағдай­мен салыстырғанда ауыр науқастар са­ны 2,1 есе өсті, шамамен 1000 науқас ӨЖЖ аппараттарына қосылды. Еліміз­дің бір­­қатар өңірінде инфекциялық және реанимациялық төсектік орындар тапшы­лығы сезілуі мүмкін. Бұл ретте Нұр-Сұл­тан, Шымкент қалалары және Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда облыстары тәуе­кел аймақта», деді министр.

Бүгінде сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің 65%-ы Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Шымкент, Атырау, Қарағанды қала­ла­рына тиесілі екен. Сондықтан да «қо­ңыр-қызыл аймаққа» жатқызылған бұл өңір­лерде бүгіннен бастап шектеу шаралары қатаңдатылмақ.

Өкінішке қарай, індет жұқтыру жағ­дайы ғана емес, бұл бәледен ажал құш­қандар да аз болмай тұр. Өлімге соқтырып жатқан жағдайдың көбі пневмониядан келіп жатыр. Яғни тынысы тарылып жаны қысылғандар – індеттің ауыр түріне душар болғандар. Кешегі дерек бойынша коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмонияның 275 жағдайы және 13 өлім жағдайы тіркелді. Сондай-ақ пневмониядан 108 адам емделіп шықты. Жалпы, былтырғы 13 наурыздан күні бүгінге дейін пневмонияға 61 168 адам шалдығып, 3 724 қайтыс болған екен.

Жағдай осыншалық жаға ұстатар­лық болып тұрса да, жағасы жайлау­да жүр­ген жұрттың әлі де көп екені бел­гілі. Айналасындағы қаншама жақы­ны­ның ауырып жатқанын, тіптен өліп ке­тіп жатқанын көріп жүрсе де, ақыл­ға кел­­мейтін адамдардың қаперсіздігі таң­ғал­­дырады. Яғни халықтың басым бө­лігі індеттен сақтанудың ең сенімді құ­ралы – вак­цина салдыруға немқұрайлы қарап отыр. Коронавирусты ең көп жұқты­ра­тын­дардың, сондай-ақ осы кеселден қайтыс болғандардың көпшілігі вакцина салдыр­мағандар екен. Мұны министр де нақтылап айтып отыр.

«Науқастардың 99,9%-ы – вакцина сал­дырмағандар. Бұл иммундаудың қауіп­сіздігі мен тиімділігін растайды. Бүгін­гі таңда вакциналау – короновирус инфек­циясының ауыр түрде өтуін және өлім­ді болдырмаудың жалғыз тиімді әді­сі. Сондықтан әрбір қазақстандықтан вак­циналау туралы саналы шешім қа­был­дауды, өзін, өзінің жақындарын қор­ғауды және елімізде ұжымдық им­му­ни­тетті қалыптастыруға өз үлесін қо­су­ды сұраймын. Коронавирустың тұ­рақ­ты мутациясы кезінде де вакциналау қор­ғаудың жалғыз әдісі болып саналады», деді А.Цой.

Кешегі мәлімет бойынша, Қазақстанда бірінші компонентпен 5 408 959 адам, екінші компонентпен 3 799 879 адам вакцина салдырды.