Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық шешімдері арқылы Қазақстан өңірлік логистикалық хабқа және транзиттік әлеуеті дамыған елге айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру аясында көлік логистикасы жүйесінің тиімділігін арттыруды және еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуды тапсырды. Бүгінде отандық көлік қызметінде 400 мыңнан аса адам жұмыс істеп жүр.
Қазақстан көлік саласын және көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін дамыту үшін зор күш-жігер жұмсауда. Біз бірқатар салалық бағдарламаларды іске асырдық, саланың құқықтық негізін қалыптастырдық. Көлік қызметтерін көрсетудің қолайлы бәсекелестік ортасы құрылды.
Бүгінгі таңда дамыған инфрақұрылымды ескере отырып, Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз, оның ішінде 5 темір жол және 6 автомобиль дәлізі өтеді. Жібек жолы жобасы қарқынды дамып, Шығыс пен Батыс арасындағы транзиттік көпірге айналды, бұл Қазақстан экономикасының дамуына жаңа серпін береді.
Көлік – қашан да елдің экономикалық және саяси өмірінің маңызды саласы. Қазақстанның орасан зор аумағы, халық тығыздығының төмендігі, елді мекендердің бір-бірінен алшақтығы, әлемдегі интеграция мен жаһанданудың үдемелі процестері бұл саланы елдегі дамудың басым бағыттарының біріне айналдырады.
Темір жол көлігі
Отандық темір жол саласының ғасырдан астам тарихы бар. Осы кезеңде темір жол тек ел аумағында ғана емес, сонымен қатар одан тыс жерлерде де жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыру бойынша маңызды мемлекеттік міндеттерді қамтамасыз етті.
Соңғы жылдары сала айтарлықтай дамуға қол жеткізді: 2 мың шақырымнан аса жаңа темір жол учаскелері салынды, көлік-логистикалық орталықтар жедел қарқынмен салынуда, отандық және шетелдік жүк жөнелтушілер үшін жаңа тартымды бағыттар құрылуда.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында мынадай темір жол желілері салынды: 2001 жылы ұзындығы 184 км Ақсу – Дегелең темір жол желісі салынды, ол Павлодарды Семеймен байланыстырды; 2004 жылы Қостанай және Ақтөбе облыстарын жалғаған ұзындығы 402 км Хромтау – Алтынсарин темір жол желісі салынды; 2008 жылы Шығыс өңірінің бірыңғай темір жол инфрақұрылымын қалыптастырған ұзындығы 151 км Шар – Өскемен темір жол желісі салынды.
Жоғарыда көрсетілген темір жол желілері елдің темір жол желісін оңтайландыруға және Ресей Федерациясының шекарасын кесіп өту қажеттілігінсіз ел өңірлері арасында тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
– 2012 жылы Қазақстанның батысынан Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына дейін тікелей маршрутты қамтамасыз ететін ұзындығы 146 км Қазақстан Республикасының Түрікменстанмен мемлекеттік шекарасы темір жол желісі салынды.
– 2012 жылы ұзындығы 293 км Жетіген – Қорғас темір жол желісі салынды, бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған, Қытайдан Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Орталық Азия елдеріне дейінгі қашықтықты 550 км қысқартуға мүмкіндік берді.
– 2015 жылы ұзындығы 214 км Арқалық – Шұбаркөл темір жол желісі салынды, бұл Орталық Қазақстаннан солтүстік өңірлерге дейінгі қашықтықты 540 км қысқартты.
– 2016 жылы ұзындығы 1 036 км болатын Жезқазған – Бейнеу темір жол желісі салынды, бұл Қытайдан Еуропаға дейінгі қашықтықты 1 200 км-ге қысқартты.
– 2016 жылы ұзақтығы 14 км Боржақты – Ерсай темір жол желісі салынды, бұл Құрық перспективалық портын темір жол магистралімен байланыстырды.
– 2017 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұзындығы 110 км Алматы – Шу учаскесінде екінші жолдар салынды, бұл желі жеткізу мерзімдерін қысқарту және тиісінше көлік шығыстарын азайту есебінен шетелдік жүк жөнелтушілер үшін қазақстандық бағыттың тартымдылығын арттырды.
Тәуелсіздік жылдары салынған темір жол қатынастары темір жол желісін оңтайландыруға мүмкіндік берді және елдің жүк тасымалын қысқартты, осылайша жүк жөнелтушілер үшін көлік шығындарын айтарлықтай үнемдеді. Бұл тізімде Dosjan temir joly акционерлік қоғамы пайдаланатын Шар – Өскемен темір жол учаскесі ерекше орын алады. 2005 жылғы наурызда Үкімет қаулысы бойынша құрылған акционерлік қоғам өз функцияларын 15 жылдан аса уақыт табысты жүзеге асырып келеді.
Аталған темір жол учаскесінің ашылуы жол жүру кезіндегі технологиялық уақытты едәуір қысқартты, сонымен қатар Ресей Федерациясымен шекарадан өту кезінде қажет болатын қосымша кедендік және шекаралық рәсімдерді айналып өтіп, жүктерді межелі орындарға жеткізуді жеңілдетті. Бұл ретте жүктерді жеткізу мерзімі 12-14 сағатқа дейін қысқарды. Осылайша, жаңа темір жол учаскесі Шығыс Қазақстанның ірі темір жол торабын Ресей аумағын айналып өтіп, тікелей қатынайтын «Түрксіб» транзиттік магистралімен байланыстырды.
Шар – Өскемен темір жолын пайдалану 2009 жылы басталды. 2018 жылдың басынан бастап тұрақты негізде контейнерлік тасымалдар жүзеге асырылуда.
Барлық тасымалдау процесі және темір жол учаскесін пайдалану «ҚТЖ» ҰК» АҚ және оның құрылымдық бөлімшелері – «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» және «Магистральдық желі дирекциясы» филиалымен тығыз өзара іс-қимыл кезінде жүзеге асырылатынын атап өту қажет.
Шар – Өскемен темір жол учаскесі – бүгінгі таңда техникалық жабдықталу жағынан Қазақстандағы алдыңғы қатарлы темір жол учаскелерінің бірі. Мұнда техниканың ең заманауи жетістіктері енгізілген.
Тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскедегі пойыздар қозғалысын басқару «Диалог» микропроцессорлық орталықтандыру жүйесін пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Бұл – автоматты бақылауды және тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғылар кешені.
Шар – Өскемен учаскесінде жоғары технологиялармен жұмыс істейтін білікті қызметкерлер – осы кәсіпорынның табысты жұмысының негізгі кепілі. Бүгінде өндірістік көрсеткіштерді жақсарту үшін барлық жағдай жасалған. Ұйымдық құрылымның барлық деңгейінде әкімшіліктен өндірістік персоналға дейін ұжымдық шартта көзделген әлеуметтік пакет қамтамасыз етіледі, сондай-ақ адал еңбекті ынталандыру жүйесі жұмыс істейді.
Бұған қоса, даму стратегиясын іске асыру және ұйымның тиімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында әрбір қызметкер үшін ынталандыру жүйесі енгізілген. Демек, соңғы екі-үш жылдағы оң нәтижелер компанияның дұрыс бағытта келе жатқанын байқатады.
Болашақта жүк айналымының жыл сайынғы өсімі, сәйкесінше тасымалдардан түсетін табыс та ұлғаяды деп болжануда. Бұл бірінші кезекте компанияның Үкімет алдындағы облигациялық және кредиттік міндеттемелерін уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ активтерді жаңғыртуға, темір жол көлігі саласында жаңа технологиялық шешімдерді енгізуге және белгілі бір шығыстарды өтеуге мүмкіндік береді.
Автомобиль көлігі
Қазақстанның теңізге тікелей шығуға мүмкіндігі жоқ екенін ескерсек, автокөлік бағыты Еуропа мен Азияны сыртқы саудамен қамтамасыз етудегі аса маңызды сала екенін аңғаруға болады. Қазір еліміз халықаралық автомобиль тасымалы аясында 42 екіжақты үкіметаралық келісімге қол қойғанын айта кеткен орынды. Нәтижесінде, республика аумағында халықаралық жүк тасымалын 7,6 мыңға жуық көлік пен 370 компания жүзеге асырып жатыр.
Жолаушыларды тұрақты түрде тасымалдау ісі 2684 бағытта жүзеге асырылып, автобус паркі 15 мыңнан аса көлікпен қамтылған. Бұл салада 1 мыңға жуық тасымалдаушы жұмыс істеп жүр. Ескірген автобустардың үлесі 46%-ға қысқартылды. Бұған қалалық автобус паркін жаңартуға байланысты мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті. Атап айтқанда, жеңіл лизингтік бағдарлама арқылы 2018-2020 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 57,2 млрд теңге бөлініп, 8 өңірде 1618 автобус сатып алынды. Сонымен қоса хабарлама беру тәртібінің енгізілуі такси қызметіндегі ресми тасымалдаушылардың санын 5353-ке дейін арттыруға мүмкіндік берді. Елімізде жергілікті атқарушы органдардың тізіміне енгізілген 38 автовокзал мен 113 автостанса жұмыс істейді.
Биыл Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі тәжірибелік мақсатта іске қосылғанын айта кету керек. Бұл жүргізушілеріне көлік құжаттарын өзімен бірге алып жүруге қатысты рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Теңіз көлігі
Су көлігі саласындағы қызмет түрлерін Каспий теңізінде Ақтау және Баутино порттарында «Қазақтеңізкөлікфлоты» отандық кеме қатынасы компаниясы, ішкі су жолдарында министрлікке қарасты «Қазақстан су жолдары» кәсіпорны, Павлодар және Атырау өзен порттарындағы ұйымдар, сондай-ақ жеке кеме иелері ұсынып келеді.
Қазір Ақтау теңіз порты Каспий теңізінің жүк ағындарын қалыптастырып, тиеуде жетекші орындардың бірін алады. 2003-2005 жылдары порт айлақтарын қайта жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл 13 мың тоннаны құрайтын танкерлерді қабылдауға мүмкіндік берді. 2015 жылы «Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту» жобасы шеңберінде 3 құрғақ жүк терминалының құрылысы аяқталып, нәтижесінде порттың өткізу қабілеті шамамен 21 млн тоннаны құрады.
Баутино порты Түпқараған шығанағында орналасқан және Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру шеңберінде теңіз операцияларын жүргізу базасы ретінде қызмет етеді. Теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2007 жылы Кемелер қозғалысын басқару жүйесі пайдалануға енгізілді. Бұл 20 миль радиуста кемелердің қозғалысын бақылауға және жылына 5 мың кемеге дейін қамтамасыз етуге жол ашады.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2015-2018 жылдары қуаты жылына 6 млн тонна жүк қабылдауға қауқарлы Құрық портында паром кешенін салу жобасы іске асырылды.
2016 жылы Құрық портында қуаты 4 млн тонна темір жол паромдық терминалы іске қосылып, оның қызметі 2017 жылы басталды. Жүктердің негізгі номенклатурасын мұнай өнімдері (газойл), халық тұтынатын тауарлар, химикаттар, жабдықтар мен металл өнімдері құрайды.
2018 жылы Құрық порты құрылысының екінші кезеңі аяқталып, доңғалақты техниканы өңдеуді қамтамасыз ететін қуаты жылына 2 млн автомобиль паромдық терминалы салынды. Нәтижесінде, отандық теңіз порттарының өткізу қабілеттілігі 27 млн тоннаға жетті. Бүгінгі таңда Қазақстанның мемлекеттік теңіз кеме тізімінде 300-ден аса кеме тіркелді, оның ішінде 9-ы – сауда кемесі. Бұл ретте 10 жыл бұрын барлығы 80-ақ кеме болғанын еске сала кеткен артық болмайды.
Отандық флоттың Каспий нарығына кіруі «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз тасымалдаушысы құрылған кезден (1998 жыл) басталды. Осы компанияның негізгі қызметі ұлттық теңіз сауда флотын дамытуға бағытталып, бұл еліміздегі су көлігі саласын әлемдік көлік жүйесіне интеграциялауға жол ашты. 2013 жылы қазақстандық флот жүк көтеру қабілеті 5 мың тонна болатын екі құрғақ жүк кемелерімен толықтырылды. 2017 жылы жүк көтерімділігі 7 мың тоннаны құрайтын тағы 2 құрғақ жүк кемесі суға түсірілді.
Қазір жоғарыда аталған кемелер Каспийде құрғақ жүктерді тасымалдауды жүзеге асырып, сондай-ақ Ақтау және Баку порттары арасындағы контейнерлерді тасымалдау бойынша фидерлік желіге тартылған. Сондай-ақ ашық теңіздерде 115 мың тонналы Aframax типті 2 танкер жұмыс істеп келеді. Соңғы он жылда кемелердегі экипажда Қазақстан азаматтарының үлесі үш есеге өсіп, 73%-ды және командалық құрам деңгейінде 29%-ды құрады.
2012 жылы Қазақстан-Британ техникалық университеті жанында теңізшілер даярлауда халықаралық деңгейде жүзеге асыратын Қазақстан теңіз академиясы ашылды. Академияға жетекші голланд теңіз мектебінің оқытушылары тартылды. Құрылған сәттен бастап аталған академияда кемедегі басшылық құрамының 111 маманы даярланды. 2015 жылы Қазақстан теңізшісінің жеке куәліктерін беру басталып, бұл теңізшілерге шетелдік порттардағы жағалауға шығуға мүмкіндік берді.
Өзен көлігі
2004 жылы кеме қатынасын қамтамасыз ету мақсатында Ертіс өзенінің қазақстандық бөлігінде құрылысы 1978 жылы басталған Шүлбі кеме шлюзі пайдалануға берілді. 2005 жылы Жайық-Каспий каналын қайта құру жобасы аяқталды. 2012 жылы үздіксіз пайдалануда болған және өткен ғасырдың 60-жылдарының басында жабдықтары бар 50 жылдан астам уақыт болған Өскемен және Бұқтырма шлюздерін қайта жаңарту жобасы аяқталды. Нәтижесінде, Ертіс, Жайық-Каспий және Іле-Балқаш бассейндеріндегі пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының ұзындығы 3,5 мың шақырымнан 4 мың шақырымға дейін ұлғайып, жүк тасымалдау көлемі 132 мың тоннадан 1,2 млн тоннаға дейін өсті.
Осы орайда Қазақстан Халықаралық теңіз ұйымының (IМО) мүшесі саналатынын, сол секілді IМО және Халықаралық еңбек ұйымы арқылы қабылданған 12 негізгі конвенцияға қосылғанын айта кеткен жөн. Былтыр Мемлекет басшысы «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойған еді. Болашақта келісім нормаларын ескеріп, өзен тасымалдарының көлемін жылына 1,5 млн тоннаға дейін және транзит тасымалының көлемін жылына 250-300 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Берік ҚАМАЛИЕВ,
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі