Парламент Сенатының депутаттары өңірлердегі тұрғындармен кездесулерін жалғастыру үстінде, деп хабарлады жоғарғы Палатаның баспасөз қызметі.
Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров Қарағанды облысында сапарда болды. Ол жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен, сондай-ақ Ұлытау және Жаңаарқа аудандары мәслихаттарының депутаттарымен кездесті.
Нұрлан Әбдіров жүздесулерде өткен сайлаудағы жергілікті билік органдарының өкілеттігі мен дербестігін кеңейтудегі маңыздылығын атап өтті.
«Елімізде ауыл әкімдерін сайлау аяқталды. Осылайша, біз жергілікті атқарушы органдардың дербестігін нығайтуға бағытталған сайлау процесінің бірінші және маңызды кезеңінен табысты өттік. Бұл саяси реформаны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында ұсынып, оған биылғы қаңтар айында жетінші шақырылымдағы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында да тоқталғаны белгілі. Мемлекет басшысы азаматтардың шешім қабылдау процесіне ықпалын күшейту үшін осындай серпін берудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осыған байланысты жаңадан сайланған әкімдерге үлкен жауапкершілік жүктеледі», деді Нұрлан Әбдіров.
Сенат Төрағасының орынбасары бұл тапсырманы іске асыру үшін депутаттар ауқымды заңнамалық жұмысты жедел түрде жүргізгенін еске салды. Атап айтқанда, жергілікті өзін өзі басқару бюджетін нығайту үшін салықтар мен төлемдердің кейбір түрлері: бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер, жер учаскелерін жалдау құқығын сату төлемі төртінші деңгейге берілді. Нұрлан Әбдіров бұл жаңалықтар ауылдық, аудандық және қалалық биліктің дербестігін ұлғайтуға ықпал ететінін айтты.
Палата Төрағасының орынбасары жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді талқылау және шешу мен қолданыстағы заңнаманың тиімділігін жақсарту үшін Сенат пен мәслихат депутаттарының бірлескен жұмысын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Сенат Төрағасының орынбасары кездесулерге қатысқан құқық қорғау органдарының өкілдеріне арнаған сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген, еліміздің құқық қорғау және сот жүйелерін реформалауға бағытталған заңдарды қабылдау депутаттар қызметінің маңызды нәтижелерінің бірі болғанын атап өтті.
Төраға орынбасары сапар барысында өңірдегі ауыл еңбеккерлерімен еліміздің мал шаруашылығын қолдау мәселелерін де талқылады және облыстың ауыл шаруашылығы секторының даму проблемаларымен танысты. Жақында Қарағанды облысында болған дала өртінің салдарымен күрес және өңірдің зардап шеккен ондаған шаруа қожалығына келтірілген залалды өтеу мәселелері көтерілді. Нұрлан Әбдіров келтірілген залалды бағалау және зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу жөніндегі жұмыстарды жеделдетудің маңыздылығын атап өтті.
Сенатор Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысының Жарма және Аягөз аудандарында болды. Депутат сапар барысында аудан активімен және ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады.
Кездесулер барысында сондай-ақ еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы, «Жайылымдар туралы» заңның орындалуы және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері сөз болды.
Дүйсенғазы Мусин қазақтың ақбас сиырының тұқымын өсірумен айналысатын шаруашылықтың жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшылығы асыл тұқымды малды өсірудегі селекциялық жұмыстар саласындағы жағдай туралы сенаторды хабардар етіп, соңғы жылдардағы оң өзгерістерді атап өтті.