• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Коронавирус 02 Тамыз, 2021

Той тойлау тоқтамай тұр

564 рет
көрсетілді

Мұнайлы Атыраудағы эпидемиялық ахуал қайтадан күрделене түсті. Осыған байланысты Аshyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорын мен ұйымның қызметін уақытша тоқтатуға шешім қабылданды. Ойын-сауық, спорттық, отбасылық, садақа және өзге де бұқаралық іс-шараларға тыйым салынып отыр. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, қауіпті вирусты жұқтыру дерегі көбейе берсе, бұдан да қатаң шешімдер қабылдауға тура келеді.

Өйткені бұл өңірде аса қауіпті «Дельта» штамының таралуы мен карантиндік та­лап­тардың сақталмауынан ко­ронавирус пен пневмонияға шал­дыққандар саны күрт өс­кен. Мәселен, былтыр осы уақыт­та орта есеппен 5 830 жағ­дай тіркелсе, биылғы көр­сеткіш 7 767-ге жеткен. Күн сайын коронавирус инфек­ция­сын жұқтырған 400-ден аса науқас анықталуда. Қазір 1,5 мыңдай адам инфек­ция­лық стационарларда оқшау­лан­ған. Оның ішінде 102 жүк­ті әйел, жас босанған 4 ана мен 18 жасқа дейінгі 13 ба­ла бар. Амбулаториялық ем қа­был­дап жатқандар саны 4 мың­ға жуықтаған. Жансақтау бөлі­мінде 80 адам ауыр халде жа­тыр.

– Соңғы төрт күнде ко­ро­­­на­вирус инфекциясынан 24 адам қайтыс болды. Бәрі­міздің салғырттығымыз қай­т­ыс болғандарға, ауруханада жатқан жандарға себеп болуы мүмкін. Той мен садақаны тоқ­татпау, санитарлық талап­тар­ға қатысты қарапайым қағи­даларды орындамаудың соңы үлкен өкінішке ұласуда. Олай дей­тінім, науқастардың басым көп­шілігі қауіпті инфекция­ны той-томалақ, сада­қа, адам көп жүретін қоғамдық орын­дар мен мейрамхана-дәмха­налардан жұқтырғаны анық­тал­ды. Бүгін садақа, той өткіз­ген отбасында келесі ап­­тада жа­наза шығарылуы әб­ден мүм­кін, – дейді М.Дос­мұ­хамбетов.

Әкімнің айтуына қараған­да, ауруханаларда бос орын азайған. Кейбір ауруханалар инфекциялық стационарға айналдырылып жатыр. Алайда мұндай мәжбүрлік созылмалы сырқаты бар тұрғындардың жоспарлы емделуіне кесірін тигізеді. Медициналық қыз­меткерлердің жүктемесі артып отыр. Тіпті короновирус инфекциясын жұқтырудың кө­беюінен жатақханалардан қосымша инфекциялық орындар дайындау қажеттігі туындады.

– Бізге әр тұрғынның өмі­рі мен қауіпсіздігі қымбат. Бі­реу­дің жауапсыздығы үшін екінші бір адамның өміріне қауіп төнбеуі керек. Коронавирус инфекциясынан құтылатын жалғыз жол – вакцина салды­ру. Әртүрлі қауесет таратушылар тұрғындардың денсаулығына кепіл бола алмайды. Былтыр­ғы жағдайдан сабақ алдық, тәжірибе жинадық. Ең бас­ты- сы, сақтық пен тәртіп керек, – дейді М.Дос­мұхамбетов.

Дегенмен Атырауда жал­ған вакцина паспортын жаса­ған медбике анықталып отыр. Бұл туралы әуелі облыстық ден­саулық сақтау басқарма­сы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев мәлім етті.

– Қазір жалған вакцина пас­портын жасауға жол бер­меу үшін барлық екпе беке­тін­де бейнебақылау камерала­­ры орнатылды. Медицина қыз­меткерлеріне түсіндіру жұ­мыс­тары жүргізілді. Со­ған қа­рамастан Атырау қала­сын­дағы емханалардың бірін­де медбикенің жалған вакцина пас­портын жасағаны анық­тал­ды. Бұл – жемқорлық қана емес, халықтың денсаулығы­на қа­уіп төндірген әрекет, – дейді Қ.Абдалиев.

Ал облыстық полиция де­партаменті баспасөз қыз­­ме­тінің мәліметіне сүйен­сек, 31 шілдеде тәртіп сақ­шы­­лары облыстық әкім­дік және прокуратура қызмет­кер­лерімен бірге жедел іздесті­ру іс-шарасын жүргізген. Сол кез­де жалған вакцина паспортын жасау кү­дігіне ілінген 40 жастағы мед­бикені ұстаған.

– Ақ халатына дақ түсірген медицина қызметкері еgov.kz ақпараттық жүйесіне коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алу туралы ақпаратты нақты егілмеген адамдардың атына ақшалай сыйақы үшін енгізумен айналысқан. Күдікті жалған ақпарат енгізу үшін 10 мың теңге алғанын мойындады, – деп хабарлады депар­таменттің баспасөз қызметі.

Қазір ұсталған медбике­ге қатысты Қылмыстық Кодекс­тің 206-бабының 1-бөлігімен сот­қа дейінгі тергеу жүріп жа­тыр.

 

Атырау облысы