Елордалық дәрігерлер қала ауруханаларындағы қазіргі жағдайға алаңдап, тұрғындарға үндеу жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ауруханаларда жасанды тыныс алу аппаратында 40 адам жатыр. Олар өздігінен дем ала алмайды. Тек вакцинация өзіңізді және жақындарыңызды қорғауға, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Өткен тәулікте ғана инфекциялық стационарларға 178 адам жатқызылды. Төсек-орын бірден толып кетті. Әр екінші науқасқа оттегі концентраторы қажет, олар инвазивті емес желдету құрылғысына немесе жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», дейді жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлері.
Дәрігерлер вакцина алмаған, санитария талаптарын елемейтін, салтанатты іс-шараларға қатысып немесе ұйымдастырған науқастар көбіне ауыр жағдайда түсетінін айтты.
«Бір рет ерлі-зайыпты ауруханаға түсті. Біз тексеру жүргізе бастағанда олар жақында ғана көп адам жиналған мерейтойға барғанын мойындады. Бірақ ер аданың жағдайы нашарлап кеткен еді. Көздеріне жас алып, «жиынға бармағанда бәрі жақсы болар еді» деп өкінді. Бұлай басыңызды қатерге тікпеңіздер», дейді жұқпалы аурулар дәрігері Гүлбахыт Әдижанова.
2 тамыздағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласының инфекциялық стационарларында 2 903 пациент жатыр. Реанимацияда - 260 адам, жасанды тыныс алу аппаратында - 40 пациент. Қазіргі уақытта COVID-19-бен күресу үшін қалада 16 стационар және 6 мыңнан аса медицина қызметкері жұмыс істейді.