Атырау облысының аумағына былтырғы қазаннан бері Ресейден келген 54 қазақстандықтан коронавирус инфекциясының белгісі анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 шілдеде Атырау – Астрахань облыстарының мемлекеттік шекарасындағы «Құрманғазы» автоөткелі арқылы 216 адам өткен. Оның ішінде 32 жолаушы мен халықаралық жүк тасымалдайтын 184 жүргізуші бар.
«Мемлекетке шекарадан өтуге анықтамасыз келген Қазақстан Республикасының 6 азаматынан алынған коронавирус инфекциясына қарсы ПТР-тест зерттеуі теріс нәтиже көрсетті. Ал, былтырғы 6 қазаннан бері Атырау облысына 56 996 адам, оның ішінде 8 577 жаяу жүргінші, 48 419 жүргізуші келген. Облыс аумағына кіруге анықтамасыз келген 355 шетел азаматына тыйым салынды. Сондай-ақ Қазақстанның 4 757 азаматына ПТР-тестілеу жүргізілді. Оның ішінде 54 азаматтан (49 жүргізуші, 5 жолаушы) COVID-19-дың белгісі табылды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.