• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
TOKYO2020 04 Тамыз, 2021

Қолаға көңіл толмай тұр

266 рет
көрсетілді

Кеше қазақстандық спорт­шылар Токио Олим­пиадасында спорттың бес түрі бойынша бақ сынады. Қоржынымызға алтын, күміс медальдар түспегеннен кейін күн өткен сайын бейресми жалпыкомандалық есепте төмен сырғып барамыз. Бүгінде Қазақстан төрт қоламен 75-орында тұр.

 

Олимпиада алдында Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қолынан Көк ту­ды алған, алтын медальдан бірден-бір үміткер Қамшыбек Қоңқабаев кеше қола жүлдені қанағат етті. Анығында, жартылай фи­налда америкалық Ричард Тор­респен жұдырықтасқан отан­дасымыздың есесі кетті. Гонг естіле сала бір-біріне лап қойған екі қарсылас алғашында кезек-кезек соққы жасаумен болды. Алма-кезек шабуылдармен өткен бірінші раундта бес төрешінің біреуі жеңісті Қамшыбекке берді. Екінші раундта біз күтпеген жағдай орын алды. Америкалық боксшы жерлесімізді нокдаунға жіберді. Одан қалса Қоңқабаев төрешіден ескерту алды. Бұл кезеңде барлық төреші жеңісті Торреске жазды. Ал үшінші раундта Қамшыбектің мұрны сы­нып, кездесу тоқтатылды. Нә­ти­жесінде, барлық төреші бір­ауыздан америкалық боксшыны жеңімпаз деп таныды.

Сонымен ел сенген Қам­шы­бек Қоңқабаев та жарыс жолын аяқтады. Әрине, халық оған үлкен сенім артқан еді. Бірақ Олимпиадаға қатысатындардың ешқайсысы да осал емес. Оның үстіне ауыр салмақтағыларға жұдырықтасу өте қиын. Кейде кездесудің тағдырын жалғыз соққы шешеді. Қамшыбектің қаншама жыл Иван Дычконың көлеңкесінде жүргені тағы белгілі. Орда бұзар отыз жасында қола медальға қол жеткізу де олжа. Енді Қамшыбек әуесқой бокста кеткен есесін кәсіпқой бокста қайтарады деп сенеміз.

Торрес ақтық айқаста өзбек боксшысы Баходир Жалоловпен кездеседі. Жалолов жартылай финалда тұңғыш рет нокдаун алды. Сөйте тұра британдық боксшыдан жеңісті жұлып алды. Айтпақшы, Торрес 2019 жылы Екатерингбургте өткен әлем чемпионатында Жалоловтан нокаут алып, ауруханадан бір-ақ шыққан еді. Осы жолғы шайқас қалай болатынын 8 тамызда білетін боламыз.

Еркін күрестен 57 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде жарыс жолына шыққан Нұрислам Санаев үшін жарыс керемет басталды. Алғашқы кездесуін Гвинея-Бисау елінің өкілі Иуна Фафе Диамантиноға қар­сы өткізген жерлесіміз 7:0 есе­бімен жеңіске жетті. Ал ширек финалдағы қарсыласы тіпті азулы еді. Әлем чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері жапониялық Юки Такахашимен еш қаймықпай белдескен Нұр­ислам 6:4 есебімен басым түсті. Осылайша, кішігірім сенсация жасаған Санаев ақтық айқас үшін үндістандық Рави Кумармен кілемге шыққан болатын. Тар­тысты кездесуді Нұрислам жақ­сы бастады. Ол қарсыласын бірнеше рет айналдырып, 9:2 есебімен алға шыққан. Бірақ бұл басымдықты ол соңына дейін  ұстап тұра алмады. Санаев аяғынан кішігірім жарақат алып, кейін үнділік балуан қарсы әдіс­ке көшті. Нәтижесінде, Ра­ви Кумар Нұрисламды таза жең­ді. Енді Нұрислам Санаев Олим­пиа­даның қола медалі үшін кү­реседі.

Айта кетейік, қазақстандық балуан үшін үнді балуаны –  алынбайтын қамалдай. Осымен үшінші рет кездесіп, барлығында да жеңіліске ұшырады.

Байдарка есуден 500 метр қашықтықта бақ сынаған Наталья Сергеева іріктеу кезеңінде (2:01.374) жетінші орыннан кө­рінді. Ал каноэмен 200 метр қашықтыққа сайысқа түскен Маргарита Торлопова тиісті қа­шықтықты 49,721 уақытта бағын­дырды. Екі спортшы да ши­рек финалға жолдама алды.

Тректегі велоспорттан іріктеу кезеңі кеше басталғанымен, біздің спортшы үшін Олимпиада ерте аяқталды. Спринт бойынша келесі айналымға өтетін спортшыларда анықтау бәсекесінде Сер­гей Пономарев үздік 24 спорт­­шының қатарынан көріне ал­мады. Ол жарысты небәрі 29-орынмен аяқтады.