91 килодан жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен француз боксшысы Мұрат Әлиев Олимпиаданың ширек финалында британдық Фрейзер Кларкпен болған кездесуден кейін рингтен кетуден бас тартты.
Әлиев баспен соққы жасағаны үшін төреші жекпе-жекті тоқтатып, жеңісті Кларктың пайдасына шешіп берген еді. Ұлты әзербайжандық боксшы осы шешімнен кейін төрешіге наразы болып, рингтен кетпей қойды. Тіпті жарыс бітсе де ринг шетінде отырып, наразылығын білдіруге тырысып көрді. Бірақ ұйымдастырушылар тарапынан ешқандай әрекет жасалмады. Айта кетейік, алдыңғы Олимпиадаларда бокстан төреші шешіміне келіспеген жағдайда бірден наразылық білдіруге рұқсат етілетін еді. Қазір боксты ұйымдастыру құқығы халықаралық Олимпиада комитетіне өткеннен кейін ондай наразылық шағым алынып тасталған.