Мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген әрбір азамат әбден тәжірибе жинақтап, білікті маман деңгейіне көтерілгенше алты-жеті жылдай уақыт кетеді екен. Және жас маман бас маман болып қалыптасқанға дейін мемлекет оған қыруар қаржы жұмсайды. Алайда өкінішке қарай, біліктілігі артып, тәжірибесі толысып, енді ғана жауапты лауазымға қолы жеткен шенеуніктердің біразы аяқ астынан істі болып, сотталып кетіп жатыр.
Әрине, олардың бәрін бірдей ақтаудан аулақпыз. Бірақ түрлі себеппен заң құрығына іліккен шенеуніктердің арасында сот үкімімен келіспейтінін айтып, әділдік іздеп шырқырап жүрген азаматтар да кездеседі. Солардың бірі – биыл сәуір айында сот үкімімен бес жарым жылға бас бостандығынан айырылған Қостанай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Рустам Садықов. Бүгінде темір тордың арғы жағында отырған шенеунік өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.
Сібір жарасынан басталған сарсаң
Мәселенің мәнісі мынадай. Қостанайдың іргесіндегі Заречный ауылының шетінде Сібір жарасы көмілген орын бар. Оның айналасы санитарлық аумақ ретінде белгіленіп, жер қазу жұмыстарын жүргізуге заңмен тыйым салынған. Осының кесірінен қазір ауыл шетіндегі 28 үй биылғы жазға дейін газ құбырын тарта алмай отырды. Алайда бір кәсіпкер дәл осы жерден құм қазбақ болған.
Былтыр жазда ауыл шетінде пайда болған вагонша мен құм тиегіш тракторды байқаған тұрғындар полиция шақыртып, қауіпті аумақтағы қазу жұмыстарын тоқтатуды талап етеді. Бірақ кәсіпкер лицензиям бар дегенді айтып, жұмысты тоқтататын сыңай таныта қоймайды. Артынша бұл дауға ауыл әкімі Нұрғиса Исмағамбетов пен аудан әкімінің орынбасары Рустам Садықов келіп араласады.
«28 отбасы әкімдіктен заңды түрде алған жеріне үй салып, енді соған не газ, не су, не жарық тарта алмай отыр. Сібір жарасы көмілген жерді қазуға болмайды деп әкімдік рұқсат бермейді. Ал осы қауіпті аумақта жатқан құмды қазуға кім рұқсат берді? Біз бұған жол бермейміз! Әділдік үшін Президентке дейін баруға дайынбыз», деген тұрғындарға аудан әкімінің орынбасары: «Әуелі аудан әкімінің атына шағым жазыңыздар. Бұл мәселені шешеміз», деп басу айтады. Мұның артынан «Қызметін асыра пайдаланып, бизнеске кедергі жасады» деген ауыр айып арқалап, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығатынын шенеунік дәл сол кезде қайдан білсін?! Жұмысы – осы: бір жағынан мемлекет тапсырмасын мүлтіксіз орындау керек, екінші жағынан халықтың орынды-орынсыз талабына құлақ түріп отыру қажет, үнемі екі оттың ортасында жүреді. Сәл жаза бассаң, екеуі де аямайды.
Кәсіпкер Рашид Сәрсекенов аудандық жер комиссиясына төрт рет арыз берген. Біріншісінде комиссиядан даулы аумақты 48 жылға жалға беруді сұрапты, бірақ лицензиясының мерзімі үш жыл болғандықтан, рұқсат ала алмаған. Екіншісінде тағы рұқсат берілмейді. Бұл жолы лицензияда көрсетілген жердің санитарлық аумақта жатқаны анықталады. Жер комиссиясының үшінші отырысы кәсіпкерге белгілі бір шарт-талаптар қойып, солар орындалғаннан кейін жерді пайдалануға болады деген шешім қабылдайды. Комиссия кәсіпкерден өзі жалға алатын жердің айналасын қоршап, құм қазу жұмыстарын бастамас бұрын жергілікті халықтың рұқсатын алу туралы талап қояды. Алайда бұл талаптардың ешқайсысы орындалмайды. Ақыры 2020 жылдың шілде айында жер комиссиясы төртінші рет бас қосып, кәсіпкерге жер телімін жалға беру жөнінде өзі шығарған шешімнің күшін жою туралы қаулы қабылдайды.
Ұзаққа созылған әрі жүйкені тоздырған әуре-сарсаңның соңы сәтсіздікке ұшырағаннан кейін ашуға булыққан кәсіпкер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке арыз жазады. Одан кейін жасырын дауыс жазатын құрылғы қыстырып, Рустам Садықовтың кабинетіне келеді. Сотқа жүгіну туралы кеңес берген шенеунік кәсіпкер: «Сіздер рұқсат беру үшін не істеуім керек?» деп отырып алған соң: «Егер сізге біз бұл телімді берсек, сыбайлас жемқорлықпен айыпталамыз. Маған ештеңе керек емес, жергілікті тұрғындармен келісіңіз. Халық қазір газсыз отыр...», дейді.
Осылайша, кәсіпкер ауыл әкімімен бірге Заречный тұрғындарымен кездесіп, газ құбырын тартуға демеушілік жасаймын деген уәде береді. Халық өз кезегінде газ тартатын мекемеге қаржы түскен күні құмды қазуға рұқсатымызды береміз деген уәж айтады. Былтыр 20 тамызда тұрғындар арасынан құрылған бастамашы топ газ құбырын өткізетін мекеменің кассасына 10 млн 800 мың теңге көлеміндегі ақшаны аудару үдерісіне куә ретінде қатысуы керек еді. Бірақ уәделі күн қарсаңында кешкілік аудан әкімінің орынбасары мен ауыл әкімі ұсталыпты деген суыт хабар жетеді.
Тұрғындардың айтуынша, Рашид Сәрсекенов ауылға газ құбырын тартатын GAS QURV VYS ЖШС филиалының басшысына қоңырау шалып, уәделі ақшаны ертерек әкеп бергісі келетінін айтқан. Бірақ кәсіпкер әкелген ақша алдын ала таңбаланып қойылған еді, жасанды миллиондарды қабылдап жатқанын газ өткізуші де сезбей қалады. Өйткені ішке сыртқы есікті сындырып жіберердей соққан қызметкерлер енген еді.
Үкім
Сөйтсек, алматылық кәсіпкер Рашид Сәрсекенов аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы өзінен 3 мың доллар пара талап етті деп облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне шағым түсірген екен. Шағымда Заречный ауылының әкімі мен аудан әкімінің орынбасары Рустам Садықовтың да аты-жөні аталады. Бірақ шенеуніктердің пара бопсалағаны дәлелсіз болып шығып, тергеу «Билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану» бабы бойынша әрі қарай жалғасады. Бұл жолы, ең бастысы, күдіктілердің орындары өзгереді. Енді «пара талап еткен» бөлім басшысы емес, аудан әкімінің орынбасары Рустам Садықов негізгі күдікті ретінде тергеуге алынады. Тергеушілер «Р.Садықов Заречный ауылының әкімімен және аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысымен астыртын келісіп, өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдалана отырып, Заречный ауылының шетінен құм өндіргісі келген «Ремдортехник» ЖШС директорын осы ауылға газ құбырын тарту үшін GAS QURV VYS ЖШС филиалының басшысы Сидоренкоға 10 млн 820 мың теңге беруге мәжбүрлегенін» анықтайды. Осылайша, аудан әкімінің орынбасары Рустам Садықов «Билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану» бабы бойынша айыпты болып шыққан. Сотта сөз алған прокурордың айтуынша, сотталушының кәсіпкердің арызын қарайтын өкілеттігі болмаған, бұл – облыстық әкімдіктің құзырындағы шаруа. Мұның сыртында, кәсіпкер Рашид Сәрсекеновтің лицензиясы бар болғандықтан, оған даулы жер телімі тезірек берілуі керек екен. Ал ұжымдық шағым кәсіпкерден жер телімін қайтарып алуға негіз бола алмайды.
Сот айыпталушыны бес жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот үкімі шықпастан бірнеше күн бұрын Заречныйға Қостанай ауданының жаңа әкімі бастаған жергілікті билік өкілдері келіп, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында енді ауыл шетіндегі қауіпті аумақтан ешкімнің құм қазбайтыны белгілі болды. «Ремдортехник» серіктестігі мұнда құм карьерін ашудан өз еркімен бас тартқан.
Осыдан кейін көп кешікпей Заречный ауылындағы отыз шақты үйге газ құбыры тартылды. Тұрғындар тұрмысымыз жақсы, тек біздің мүддемізді қорғаймын деп жүріп нақақ жазаға кесілген Рустам Садықовқа обал болды дейді.
Шынында да солай ма? Сотталушының қорғаушысы Лимара Серғазина қазір Рустам Садықовтың ісі бойынша Жоғарғы сотқа кассациялық шағым дайындап жатқанын айтты. Демек, бұл іске соңғы нүкте астанада қойылуға тиісті.