Смартфондағы интернет қарқыны көрсеткіші Е-ден H-қа әрең ауысатынын, тариф біткеннің тиімсіз, ақша сорғышқа айналғанын, ауылдардың әлі 2000 жылдардың арғы жағында қалып кеткенін былай қоя тұрсақ, бізде қызметтерді онлайн тұтыну өсіп жатыр екен. Жаппай цифрландыру басталғалы әпелтек-тәпелтек күйімізде такси, тамақ, ойын-сауық – барлығын телефон арқылы төлей бастадық. Ара-тұра қалтамызға ақша салмайтынымызды айтып мақтанып та аламыз.
Кәсіпкерлерге egov тиімді
Қай салада болса да елде мақтаныш етерлік бір жетістік табылуы әжептәуір қуаныш. Оны айтасыз, қазір тіпті көлік жүргізу куәлігін де үйге тастап кетуге, ипотеканы онлайн рәсімдеп алуға болады.Қызметтердің офлайннан онлайнға көшуі кәсіпкерлер үшін де тиімді болып тұрған сыңайлы. Соңғы уақытта кәсіпорындар онлайн түрде тіркелуді қолайлы көре бастаған. Ұсынылып отырған санайғақтар осыны көрсетеді. 2021 жылдың алғашқы жартысында 500 мыңға жуық заңды тұлға тіркеліпті. Нақтылап айтар болсақ, жарты жылдың өзінде 469,9 мың кәсіпорын тіркелген. Бұл былтырдың тап осы кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға көп екен. Мұндай деректі ұсынған Ranking порталының хабарлауынша, заңды тұлғалардың тіркелуі осымен оныншы жыл қатарынан өсім көрсетіп отыр.Қаржылық емес ұйымдар және акционерлік қоғам түріндегі қаржылық мекемелер, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар «Азаматтарға арналған үкімет» (ХҚО) арқылы тіркелсе, жеке кәсіпкерлік субъектілері тіркелуді egov.kz арқылы жүзеге асырады.Арнайы қоғамдық мониторинг дерегінше, заңды тұлғаларды және олардың филиалы мен өкілдіктерін мемлекеттік және есептік тіркеуге алу қызметі 62 мемлекеттік қызметтің ішінде 27-орын алған. Сауалдамаға қатысқан 147 респондент осылай бағалапты. 147 адамның 20 пайызы қызметті Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қағаз жүзінде алғанын айтса, 80 пайызы қызметті «Электронды үкімет» порталы арқылы онлайн рәсімдеген. Онлайн ұсынылған қызметке берілген баға да офлайн қызмет бағасынан тәуірлеу – 4,66 балл/4,6 балл.Дегенмен қызметті онлайн тұтыну кезінде түрлі іркіліс пен қиындық та туындамай қоймайды. Екшеп айтар болсақ олардың ұзын-сонар тізбесі мынадай: төлем бойынша туындайтын проблема; ақпаратты күту тым ұзаққа созылады; сайт тежеліп қала береді, техникалық қате жиі кетеді; Call-орталық қоңырауға жауап бермейді; ЭЦҚ-ны алу қиын; құжатта көрсетілген адам есімдері мен фамилияларын қате жазып қояды; мамандардың жұмыс сапасын көтеру керек: сауаттылығын, сыпайылығын, жылдамдығын; ХҚО-ны көбейту қажет. Әрине, мұның бәрі уақыт өте келе шешімін табатын күрмеулер. Ал азаматтардың онлайн қызметтерге мойын бұра бастауы алға басудың бір белгісі шығар. Мемлекеттік органдар халық шағымынан қорытынды шығарып, қателіктерді дер уақытында жөндеп отырса, келер жылы онлайн тіркелетін және жұмысына қатысты қызметтерді онлайн тұтынатын заңды тұлғалардың көбейе түсері сөзсіз.
Сан емес, сапа маңызды
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қызметтерді онлайнға көшіру кезінде сан емес, сапаға мән беру керек екенін айтады. Бұл туралы ол украиналық MC.today онлайн-басылымына берген сұхбатында тарқата айтыпты. «Бір уақытта 400 ақпараттық жүйені қайта жасау немесе интеграциялау мүмкін емес. Сондықтан бизнес-процестердің нақты архитектурасын құруымыз керек. Кейбір анықтамалар басқа бір анықтаманы алу үшін керек. Мұның еш мәні жоқ, қазір осындайларды өзгертумен айналысып жатырмыз», дейді.Оның айтуынша, қазір Қазақстан электронды үкіметті дамыту деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 29-орында тұр. Дегенмен осынау іргелі жұмысты бастаудың аса қиынға соққанын айтады.«Әдепкіде кейбір мемлекеттік органдар бұған немқұрайды қарады. Сайтта онлайн қызмет батырмасын енгізе салды. Алайда адамдар қызметті алу үшін баяғыдай қызмет көрсету орталықтарында сабылып жүрген еді. Қызметтерді автоматтандыруды бірқатар орган басшысы қабылдай алған жоқ. Сөйтіп бүкіл процесті Үкімет басшысы тікелей өз бақылауына алды. Ол кезде сапа туралы ойлау мүмкін болған жоқ. Мейлінше бос кеңістікті игергіміз келді», дейді министр. Мусиннің айтуынша, 2025 жылға таман көптеген мемлекеттік қызмет бес минут ішінде ұсынылады. «Министр ретінде менің алдымда аса айтулы міндеттер тұр. Мәселен, қолданушыларға ыңғайлы жүйе ұсынатын GovTech платформасын дайындап жатырмыз. Мысалы, қазір емханаларда медқызметкер бірнеше ақпараттық жүйені пайдаланады: бір мәліметті бірнеше базаға енгізуге мәжбүр болады. Сөйтіп науқастың деректері әртүрлі базада қайталанып кетеді. Ал бүкіл процесс бір жүйеде іске асып жатуы тиіс. Сондай-ақ қазіргі сервистерді қайта қарап жатырмыз. Былтыр 18 анықтаманы жойдық. Бұдан былай меморгандар ондай анықтамаларды (мысалы, жылжымайтын мүлік туралы) сұрамауы керек. Орган басшылығы азаматтың ЖСН-ы арқылы базадан өзі қарап, тексере салуы қажет», дейді ведомство басшысы.
Қандай қызметтер оңайлатылмақ?
«Азаматтарға арналған үкімет» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сүйініш Әбділдиннің айтуынша, жақын арада бірқатар онлайн қызметті алу жеңілдейді. Соның ішінде ЭЦҚ-ны алу да бар.– Былтыр 4,8 млн адам ЭЦҚ алу үшін келген. Бұл бүкіл өтініштің 30 пайызын құрайды. Қазір министрлік ««Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп бұлтты ЭЦҚ-ны енгізуді ойластыруда. Соның арқасында электронды цифрлы қолтаңбаны алу процесі біршама оңайлатылады. Сонымен қатар маусымнан бастап бірқатар өңірде автокөлік иелеріне сақтандыру қызметін ұсыну бойынша қанатқақты жоба басталды, – дейді ол.Тағы бір жаңалық – жақын арада әлеуметтік төлемді рәсімдеу үшін «тұрақты тіркеуде тұру керек» дейтін талап алынып тасталмақ. Яғни бұл мәселе бойынша азамат елдегі кез келген ХҚО-ға бара алады. Осы жеңілдік аясында ел азаматтары: бала туғаны және оның күтімі үшін, жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылғаны үшін; жаңа туған сәбиді асырап алғаны және баланың бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты табысынан айырылғаны үшін тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген ХҚО-ға барып жәрдемақы рәсімдеуге құқылы. Өзге төлем бойынша дәл осындай өзгеріс жыл соңына дейін енгізілмек.Бірінші жартыжылдықта «Азаматтарға арналған үкімет» әлеуметтік салаға қатысты 815 042 қызмет көрсеткен. Жалпы, қазіргі уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» базасында қызметтің 659 түрі бар. Бес жылда ел тұрғындары 150 млн-нан аса қызмет алған. Өңірлердегі 17 филиалда 22 мың маман жұмыс атқаруда.Ресми дерекке мән берсек, 2020 жылдың басында мемлекеттік қызметтердің 82 пайызы автоматтандырылыпты. Төтенше жағдай енгізілген соң қызметті онлайн алу үш есе артқан. Үкімет биыл автоматтандыру үлесін 93 пайызға жеткіземіз деп құлшынып отыр. Бәрі дұрыс-ақ. Б.Мусиннің айтқандары да көз жұмдырып, ауыз аштырады. Негізі дұрыс бағытта келеміз. Бірақ осыншама онлайн қызметті тұтыну үшін де тәуір интернет керек екенін ұмытпаған жөн секілді. Ауыл-аймақ тұрмақ, қаланың қақ ортасы да кейде жылдам интернетке қол жеткізе алмай қор болып тұрады. Егер интернет жетілмей, бірақ қызметтерді цифрландыру туралы қор болып жетістіктер легі айтыла берер болса, бұл бара-бара күлкі, күлкі болғанда да ащы күлкі тудыратын оқиғаға айналуы бек мүмкін.