Арыс теміржол станциясында сары фосфор тиелген контейнердің жануына байланысты қаладағы атмосфералық ауа сапасына тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды Egemen.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.
«6 тамыз күні сағат 17:20-да Арыс станциясының платформасында сары фосфоры бар жүктің жануына байланысты «Қазгидромет» РМК-ның Түркістан облысы бойынша филиалының мониторинг зертханасы, жоспардан тыс іріктеу және атмосфералық ауа сынамаларын анализдеу үшін Арыс қаласына барды», делінген хабарламада.
Өрт шыққан Наурыз шағынауданы қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Қала тұрғындарының саны 1700 адамды құрайды. Ластаушы заттардың шоғырлануы келесі химиялық қосылыстар бойынша өлшенді: қалқыма заттар, азот диоксиді, күкірт диоксиді, көміртек оксиді, күкіртті сутек, формальдегид және аммиак.
Өлшеу 6 нүктеде жүргізілді. Олар:
№1 нүкте: Қазыбек би көшесі, Орталық алаң (т/ж вокзалы ауданында).
№ 2 нүкте: Өркендеу к-сі, Наурыз ш/а, іріктеу уақыты 14:15.
№ 3 нүкте: Қаланың солтүстік бөлігі.
№ 4 нүкте: Е.Молдабаев атындағы орта мектеп., Мадалиев к-сі.
№ 5 нүкте: орталық аудандық аурухананың жаны, Жұмабаев к-сі.
№ 6 нүкте: аудан әкімдігінің жаны, Еркобек к-сі.
«Зерттеу нәтижелері бойынша шекті рұқсат етілген шоғырланудан асып кету анықталған жоқ. Радиациялық фонның деңгейі норма шегінде», дейді синоптиктер.
Сары фосфор – өте улы (ауадағы ШРК 0,0005 мг/м3), спецификалық сарымсақ иісті зат. Суда ерімейді, ауада тез тотығады және фосфор оксидінің ақ түтінін түзіп, өздігінен жанады.