• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 09 Тамыз, 2021

«Суға кеткен» су спорты

775 рет
көрсетілді

Токио Олимпиадасы шымылды­ғын жабар алдында спорт саласын­дағы кемшілігіміз бен қателік­теріміз сын тезінен өткізі­ліп, осы саланы қайта реформалаудың қажет екенін бәріміз сезіндік. 

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары қазақ спорты «легионерлік» спортқа, сауда-саттықтың алаңына айналып кетті. Жас таланттарды өсіріп, еліміздің атағын шығаратын патриоттарды тәрбиелеу­дің орнына спорт саласын басқаруға кездейсоқ келгендердің кесірінен таланттар тасада қалып, кәсіби бапкерлер шеттетіліп, спорт мансап иелену мен құр атақ шығару алаңына айналды. Спорттың құрдымға кетуі өңірлерде де жалғасып келеді. Өйткені спорт мектептері директорларын ауыстыру деген сылтаумен өңірдегі «ыңғайсыз» басшыларды ығыстыру басталды. Бірнеше жылдан бері ел чемпионатына талантты спортшылар шығарған Талғат Тақабаевтың басындағы жағдай осыған дәлел.

Ақтөбе қаласында су спортына ар­налған үш мектеп бар: елу жылдан астам тарихы бар балалар мен жасөспірімдерге арналған «Шағала» мектебі, «Дельфин» бассейні және соңғы жылдары салынып, Олимпиадалық резерв мектебіне айналған «Достық» бассейні. Осы үш спорт мектебінің арасындағы ең озығы – «Шағала» суға жүзуден балалар мен жасөспірімдер мектебі.

Оның директоры өткен аптаның соңында аяқ астынан басқа жұмысқа ауыстырылып, бұл жас спортшылардың ата-аналарының қатты қарсылығын туғызды. Олар директордың орнына қайтып келуін талап етіп отыр. Себебі Тақабаев жүзеге асырып жатқан су спортының даму бағдарламасы үзіліп қалмақшы. Енді жас жаттықтырушылар да жұмыстан кетпекші. Отырып қалған директорларды ауыстыру жақсы идея болса да, бұл жұмысты нәтижесі жоқ мектептерден бас­тау керек еді. Алайда 19 спорт мектебі директорларының арасынан жүзу спортынан елімізде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген директор бірінші болып кетті. Бұл жерде облыс әкімінің орынбасарлары мен спорт басқармасының басшысы балалармен жұмысты жақсы жолға қойған басшыны кетіріп отырғаны анық.

Ақтөбедегі су спортына қатысты жағ­­дайды зерттегенімізде, 2015 жылы «Ша­ғала» балалар мен жасөспірімдер жүзу мектебінің командасы ел чемпионатында 18-орыннан 7-ші орынға көтеріліп, содан бері халықаралық сайыстарға талай талантты жастарды жылма-жыл бағыттап отырғанын көрдік. Өкініштісі, Токиодағы жазғы Олимпиадаға халықаралық жарыс­тарда талай медаль алған шағалалықтар ілінбей қалыпты. Мәселен, өткен жылы Делиде өткен Азия чемпионатына қаты­сып, күміс пен қола медальдар алып келген София Абубакирова Токио Олим­пиадасына баруы тиіс болса да, ша­қырылмаған.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар балалар мен жасөспірімдерге арналған «Шағала» олимиадалық резерв мектебінің жас жүзгіштері 2017-2018 жылы ел чемпионатында 19 алтын, 21 күміс, 37 қола медальға ие болған. Бір чемпионатта бір жүзу мектебінің 77 медальға ие болуы облыста бұрын-соңды болмаған көрсеткіш еді. 2019-2020 жылдары балалар 50 алтын, 20 күміс, 23 қола медаль алып келді. 2020-2021 оқу жылында 22 алтын, 31 күміс, 27 қола алды. Мұның бәрі директор Талғат Тақабаевтың басқарушылығы кезінде іске асырылған. 2014 жылға дейін елімізде ең төменгі орында тұрған Ақтөбе облысының құрама командасын бір жылдың ішінде 7-ші орынға көтерген білікті директор кетсе, тәп-тәуір жолға қойылған жұмыс ақсап қалмай ма? Ата-аналар осыған алаң­дайды. Өйткені жүзу мектебінің үздік жаттықтырушылары да жұмыстан кетуге оқталып отыр.

Жақсы бапкерге неге орын жоқ?

Еліміздің спорт саласындағы кері кетушіліктің негізгі себебі – дұрыс жоспарлаудың болмауында. Талғат Тақабаев артта қалған мектеп жұмысын жақсы жолға қою үшін ең бастысы стратегия өзгертілуі тиіс дейді. «Жас спортшы, жат­тықтырушы, басшылық арасында қарым-қатынасты қайта қарап, жаттығуларды үзбей бақылау кезінде біраз қателікті анықтадық. Ең бас­тысы қателігіміз – оқу-жаттығу жиындары спортшы тұратын қалада емес, чемпионат өтетін қалада өтуі керек. Себебі басқа қалада бала ештеңеге алаңдамайды, үйінде жүріп жаттықса күн тәртібі бұзыла береді. Адамның ағзасына уақыт айырмашылығы біраз әсер етіп, сайысқа келген спортшыны жүрісінен жаңылдырып, тез шаршатады. Бізде оқу-жаттығу жиындарында тәртіп пен тәрбие қатар жүреді. Басқа қалаға сайысқа барған балаларымыз мектеп оқулықтарын өздерімен бірге ала кетіп, жаттығу арасындағы үзілістерде сабақ оқиды.

Балалар қонақ үйге жатады. Жасы­ратыны жоқ, кейбір әріптестеріміз бір бөлмелі пәтер жалдап, бүкіл баланы сол жерге жатқызатыны бар. Тамақтан да үнемдейді. Бұл дұрыс емес. Мемлекеттің балаға бөлінген қаржысы өз мақсатына жұм­салуы тиіс. Біздің мектептің әдіс­темеші маманы алдын ала қонақ үйге бірнеше орынға тапсырыс береді. Ол жерде тамақ ішетін орынның болуы маңызды. Тамақтанатын жері жоқ қонақ үйлерге жоламаймыз. Себебі оқу-жаттығу жиынына барған баланың ұйықтап, тамақтанып, жуынатын лайықты орны болмаса, пайдалы уақытын жоғалтады. Оларды пойыз­дан түскенде күтіп алатын автобус та жалдаймыз. Спортшы жаттығудан басқа еш нәрсеге алаңдамай, жеңіске ынталы болуы тиіс. Бапкерлермен бірге тал­дау жүргізумен қатар жарысқа барар алдында ата-аналармен жиналыс өтеді. Өйткені баланың жеңіске деген құлшынысын оятуға ата-ананың қолдауы өте маңызды. Өз мектебімізде қүрылған «жаттықтырушы- бала-ата-ана» үштігінің, ауызбіршілігіміздің арқасында балалар жүлделі орындар ала бастады. 2015 жылы суға жүзуден ел чемпионатында 18-ші орыннан 7-ші орынға көтерілдік», дейді тәжірибелі директор Талғат Тақабаев.

Жасыратыны жоқ, еліміздің барлық деңгейдегі спорт мектептері бүгінде әлем­дік жақсы әдістемелер мен озық бағдар­ламаларды қолданып жатқан жоқ. Қазақстандағы спорт мектептерінің ортақ бағдарламаларын да, әдіскерлік кеңестерін де көрмей жүрміз. Бап­керлердің жүрістері де жұмбақ. Бүгінде әркім өз бетінше отау тіккен спорт мек­тептерінің жұмыстары да ашық емес. Көпшілік спорт мектептері әсіре­дін­шілдердің ордасына айналып барады.

Мектеп директоры, әдіскері мен жат­тық­тырушыларының ортақ жұмы­сының нәтижесі халықаралық чемпионаттарда үздік шыққан спортшыдан көрінеді. Елімізде спортқа қаржы жеткілікті бө­лініп жаста да, еш нәтиже жоқтығының себебі тәжірибелі мамандарды жолатпауымызда жатқан болар. Ата-аналар қорғап жатқан Талғат Тақабаевтың мысалы осыны дә­лелдейді. Спорт мектебінің директоры ең алдымен жақсы менеджер болуы керек. Өкініштісі, Ақтөбеде жақсы спорт директорлары санаулы ғана қалса да, тәуелсіз, патриот директорлар ығыстырылып жатыр.

Легионерлер – кездейсоқ адамдар

20 жастағы волгоградтық жүзгіш Алек­сандр Тарабрин Қазақстанның атынан 2012 жылы Лондонда өткен жа­зғы Олимпиадаға қатысты. Содан кейін ол Ақтөбеде қалуды ұйғарып, Қа­зақстан азаматтығын алуды жоспарлап, Волгоградтан отбасын көшіріп әкеліп, пәтер жалдап тұрып жатқан. 2014 жылы Ақтөбеде жазғы Олимпиадаға лицензия алуға турнир өткенде Александр шеттетілді. Волгоградтан суға жүзуден чемпион төрт досын шақырып, Ақтөбенің су спортын жоғары деңгейге көтеруді ойластырып жүрген талантты спортшы осы жолы қатты ренжіді. Волгоградқа кетіп, содан қайта оралған жоқ. Қазір ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Легионердің де легионері бар десек те, біз осындай жігіттерді алып қалуымыз керек еді. Бүгінде Ақтөбе спортына келген легио­нерлер кімдер? Ешкім білмейді.

Ақтөбедегі «Достық» бассейнінде жаттығатын легионерлердің көбі Ақ­төбеге келмесе де, оларға облыстық бюджеттен жақсы айлық төленеді. Айлықтары 200 мың теңгеден кем емес, шетелдерде жаттығатын болса, шетелдік валю­тамен төленеді. Ал кішкентай балалар­ды күні-түні баулып, еңбектеніп жүр­ген жас жаттықтырушылардың ең­бекақысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Жергілікті шенеуніктер өзіміздің жат­тықтырушыларды қолдаудың орнына, сырттан легионер сатып алуды жақсы жолға қойған. Расында, жергілікті спорт­тың дамуына легионерлердің еш пайдасы жоқ. Суға жүзуден Ақтөбе атынан чем­пионаттарға қатысып жүрген легионер Диана Злобинаға қанша қаржы кеткенін «Достық» олимпиадалық резерв мектебінің бас жаттықтырушысы Азамат Сарбасовтың өзінен басқа ешкім білмейді. Салыстыра кетсек, «Шағала» балалар мен жасөспірімдер мектебі спортшыларының оқу-жаттығу жиындарына жылына 8 миллион теңге, ал «Достық» олимпиадалық резерв мектебіне 36 миллион теңге бөлінеді. Бірақ «Достық» легионерлерге төлейді, ал «Шағалада» өзіміздің балалар жаттығады. Алайда қанша қаржы бөлінсе де, «Достықта» нәтиже жоқ. «Достық» тек легионерлердің арқасында атын шығарған. Легионерлерге қаржыны судай шашып отырған Ақтөбе облыстық спорт басқармасы бұл кезде күрделі жөндеу өткізілуге тиіс «Шағала» бассейнінің жобалық-техникалық құжаттарын әзір­леуге 1 миллион 600 мың теңге қаржыны қимайды.

Ақтөбеде талантты бала да, өз ісін білетін кәсіби жаттықтырушылар да жет­кілікті. Бірақ оларға орын жоқ. Мәселен, Ұлттық құрама командасының қата­рында жарыстарға қатысқан кәсі­би бапкер Алла Губинаны Токио Олим­пиадасына баратын құрамға қосуға болар еді. Ал Токио Олимпиадасына Қазақстан құрама командасы қатарында Ақтөбеден аттанған Диана Назарова еш нәтиже көр­сеткен жоқ. Себебі соңғы екі жылда бала күтімімен отыр. Назарованың орнына Абубакирова баруы керек еді. 10 жасынан бастап «Шағалада» жаттыққан, өткен жылы Делиде өткен Азия чемпио­натында күміс пен қола әкелген София Абубакированың медаль әкелу мүмкіндігі Диана Назаровадан жоғары еді. Осыдан кейін талантты жастар Ресейге кетпей не істейді?

Талапты жаттықтырушы талантты шәкірт тәрбиелейді

Алла Губина «Шағала» суға жүзу мектебінде Аслан Боғандықовты кіш­кентай кезінен жаттықтырып, Азия чемпионы етіп шығарды. Бірақ чемпион болып оралған Аслан «Достық» бассейнінде жаттығып жүріп, шеберлігін жоғалтып алды. Өсіп келе жатқан талантты спортшыға обал жасайтындар көп. Әсіресе, жаттықтырушы ауысқанда. Баланың шеберлігін жетілдіре алмасаң, обалына қалма, кішкентайынан тәр­биелеген жаттықтырушысынан айырма. Осыдан көрініп тұрғандай, жаттық­тырушысы келіспесе, баланы жақсы спортшы етіп шығару өте қиын. Талант­ты баланың қабілетін біліксіз жаттық­тырушының өшіретініне тағы бір мысал. «Шағалада» жаттығып жүрген ағайынды Қамзеновтердің жаттықтырушысы ауыс­қан соң атағы шықпай қалды.

Күні кеше Токиоға барар алдында Ақтөбенің атынан еліміздің құрама командасына алынған қырғызстандық Худяков ең соңғы нәтиже көрсетті. Бәлкім Александр Тарабрин, София Абубакирова, Алла Губина ел құра­масына алынғанда бір медальді олжалар ма еді? Худяковтың Ақтөбеге келіп жаттыққанына сеніміміз аз. Ол соңғы кезекте біреулердің айтуымен кездейсоқ қосылған спортшы.

Легионерлерге бюджет қаржысын жұмсауды жаны сүйетін шенеуніктер Ақтөбеде жеткілікті. Легионер – уақытша спортшылар. Ақша алып тұрса, еліміздің спортшысы саналады. Ертең басқа мемлекет екі есе ақша беремін десе, ол тайып тұрады. Елімізде спорттың дамымай жатқаны да осыдан. Бас бапкерлер жас шәкірттерді тәрбиелеуге бас қатырғылары жоқ. Сол сияқты грек-рим күресінен Әлем чемпионатының күміс және қола медаль иегері Мейрамбек Айнағұловтың Токио Олимпиадасына жеткілікті дайындығы болмады. Ол елдің үміті еді, бірақ Мей­рамбекті ешкім дайындаған жоқ, оқу-жаттығу жиындардан өтуге шетелдерге жіберілмеді. Шалқардан шығарылмаған, бабы келіс­пеген спортшыдан қандай нәтиже күтуге болады?

Ақтөбе атынан шыққан жүзгіштер Худяков пен Злобина Ақтөбеге келіп оқу-жаттығу жиындарын өткізді ме? Жоқ. Олар Ыстықкөлде өткізеді, оған жер­гілікті қазынадан доллармен аударылады. Өйткені басқа ел. Бюджеттік Кодекске сай спортшылар Қазақстаннан тыс жерде оқу-жаттығу жиындарын өткізсе, қаржы АҚШ долларымен аударылады.

Яна Шакирова 12 жасында Қазақ­стан халықтары спартакиадасында үлкендермен бірге сайыста озып шығып, 6 алтын медаль әкелгенде, осы жеткіншекке лайықты құрмет көрсетілмеді. Яна Санкт-Петербургке жарысқа барғанда, жүзден астам жүзгіштің арасынан озық шыққанда талантты спортшыға көзі түскен ресейліктер өздеріне шақырды. Яна Ресей Федерациясының спорт шебер­лігіне норматив тапсырып, білік­тілігін дәлелдеді. Ол жақта спорт шеберлігіне өту бізге қарағанда қатаң. 17 жас­тағы Яна Шакирова қазір Ресей Феде­рациясының ұлттық құрамасы сапында Еуропада жаттығуда жүр. Мұнымен не айтпақшымыз? Ақтөбеде өз жұмыстарын сүйетін кәсіби жаттықтырушы да, талантты балалар да болғанымен, оларға қолдау жоқ. Жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан баланы жаттықтырушысының қолынан жұлып алып, біліксіз бапкерге аударып тастап, талай таланттың болашағына балта шабу жалғасып жатыр. Жалғаса да беретін шығар.

Талғат Тақабаевтың жүзу мектебі бас­шылығынан кетуіне байланысты ата-аналардың жазған арызына орай, спорт басқармасының ресми жауабын сұрадық. Оған Ақтөбе облыстық спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров: «Облыстағы барлық спорт мектептері директорларының қызметіне мониторинг жүргізгенімізде, көптеген директорлардың ұзақ жыл бойы бір орында отырып қалғанына көз жеткіздік. Басшы бір орында үш жыл отырса, белсенділігін жоғалтады. Сондықтан да бес жылдан астам отырған бес директорды ауыстырдық. Айта кететінім, аудандардағы спорт мектептерінің кейбір директорлары 18-19 жылдан бері тапжылмай отыр. Бұл жерде ата-аналар дұрыс түсінгені абзал. Жаттықтырушылар да орындарында қалады», деп жауап берді.

Осылайша облыста спорт мектеп­терінің директорларын ауыстыру науқаншылдықа айналып, білікті директорларды кетірумен басталды. Біз өңірдегі талантты спортшылардың жағдайы, біліксіз бапкерлер мен спорттағы қаржының қайда жұм­салып жатқаны туралы зерттеуімізді ал­дағы уақытта да жалғастыратын боламыз.