Елімізде пандемияның айылын жимай тұрғанына қазақтың той-томалағының да тікелей қатысы бар деген түсінік түбегейлі қалыптасты. Біле-білген адамға бұл – ащы шындық. Себебі өршіп тұрған індетке қарамастан, өлермендікпен той жасап жатқан өзіміздің ағайынды қалада да, далада да күнде көріп жүрміз. Ал енді қарапайым халықты қойып, мұндай заң бұзушылыққа мемлекеттік қызметшілер барып жатса, жағдайдың өзі мүлде ушығып кеткен екен демеске лаж жоқ...
Өткен сенбі күні Қарағанды қаласындағы Arista деп аталатын мейрамханада облыстағы бір басқарма басшысының қыз ұзату тойын жасағаны әшкере болды. Облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі хабарлағандай, бұл тойда шамамен алғанда 350-ге жуық адам болған. Нақтырақ айтар болсақ, Полиция департаментінің баспасөз қызметі мынадай мәтіндегі хабарлама жариялады: «7 тамыз күні «109» телефонына қаладағы мейрамханалардың бірінде көптеген адамдар мен көліктердің жиналғандығы туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына құрамында полиция, санэпидемстанса және Қарағанды қалалық әкімдігінің қызметкерлері бар мобильдік топ шықты. Факт расталды. Көңіл көтеретін орында көліктер мен адамдардың көптігіне байланысты мобильдік топ қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап, ғимаратты қоршауға алуға байланысты қосымша полиция нарядын шақырды.
Полиция қызметкерлері мейрамхананың кіші залында 38 жастағы азаматтың ұйымдастыруымен сүндет той өткізіліп жатқанын анықтады. Оған 40 адам қатысқан. Ал үлкен залда 57 жастағы қала тұрғынының ұйымдастыруымен қыз ұзату тойы өткізіліп жатқаны белгілі болды. Ол тойға шамамен 350 адам шақырылған.
Полиция қызметкерлері мен мобильдік топтың талап етуімен мерекелік іс-шара тоқтатылды. Аталған фактілер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, СЭС-тің қарауына жіберілді».
Ал ізінше Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысы той жасаушы 57 жастағы азаматтың мемлекеттік қызметші екенін растап, оған қатысты арнайы тексеру тағайындалып, карантиндік шектеулерді бұзу фактілері расталған жағдайда оны атқаратын лауазымынан босатуға дейінгі ең қатаң шара қабылданатынын ресми түрде мәлім етті.
«Сондай-ақ санитарлық нормалардың бұзылуына байланысты аталған іс-шара тоқтатылып, ұйымдастырушыларға әкімшілік айыппұл салынады. Барлық азаматтарға науқастану деңгейінің өсуі кезеңінде санитарлық шараларды сақтау қажеттігін ескертеміз. Жауапты мемлекеттік органдар азаматтардың мәртебесіне немесе жұмыс орнына қарамастан, бұзушылықтардың жолын кесу үшін қатаң шараларды қабылдайды», деген мәлімдеме таратты ол.
Жұрттың орынды наразылығын тудырған оқиғаға қатысты Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Бейбіт Күлмағамбетов өз пікірін айтты.
«Мемлекеттік қызметшінің 500 кісіге той жасап, карантин талаптарының шектеуін бұзуы – өрескел заң бұзушылық, қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығына жасалған қиянат, тіпті қылмыс деуге де болады, – деді ол. – Бұл тойда болған барлық лауазым иелері – депутаттар, құқық қорғау қызметкерлері, мемлекеттік органдарда жұмыс атқарған, сол тойдың қонағы болған кісілердің есімдері белгіленіп, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы қажет. Қарағанды облысы мен қаланың басшыларын, облыстық және қалалық мәслихаттардың хатшыларын бұл келеңсіз оқиғаны арнайы қарауға, той иесі мен тойға қатысқан мемлекеттік лауазым иелерін жауапкершілікке тартуға шақырамын».
Ал жергілікті журналист Жаңабек Нар Arista мейрамханасында былтырдан бері бір тоқтамай, ас пен тойдың өтіп жүргенін қынжыла айтады.
«Індет өршіген кезде де астанадан, өзге қалалардан келіп той өткізеді. Жұрттың бәрі мұнда жүретіндердің, негізінен, шенеуніктер екенін айтады. Arista мейрамханасының мұның алдындағы бейнежазбаларын да тексеру керек», деген пікір білдірді ол.
Енді қоғамда қызу талқыланып жатқан осы оқиғаның астарына үңіліп көрейікші. Кеншілер астанасындағы жоғарыда аталған мейрамханада былтырдан бері той, ас беру сияқты адам көп жиналатын жиындардың өтіп келгенін жұрттың бәрі біледі. Жалғыз бұл емес, қаладағы басқа да мейрамхана-тойханалардың жасырын той ұйымдастыратыны талай мәрте айтылып келді. Осы орайда карантиндік шектеуді бұзып, шектен шыққан жиын-тойдың өтіп жатқандығы туралы құзырлы органдардың білмеуі тіпті де мүмкін емес деп сеніммен айтуға болады. Өкінішке қарай, бәріне көз жұма қарайтын тамыр-таныстық қолды жіпсіз байлап тұр.
Той болған күннің кешінде Қарағанды қаласы бойынша жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында карантиндік шараларды бұзудың басқа да фактілері анықталған. Мәселен, «Сәтті» деген мейрамханада үйлену тойы өткізілгені, оған 200 адамның қатысқаны тіркелді. Сондай-ақ «Диадема» мейрамханасында да дәл осындай тәртіп бұзушылық әшкереленген. Алайда нысан иелері мониторингтік топтың ғимаратқа кіруіне рұқсат бермей, тойшыл қонақтар ғимараттың жертөлесі арқылы далаға шығып кеткен. Дегенмен бұл факт бейнежетонға жазылып алыныпты.
Мониторингтік топтардың жұмыс алгоритміне сәйкес барлық бұзушылық бойынша Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданның санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасына шұғыл хабарлама жолданған.
«Хабарлама келген соң СЭС қызметкерлері тексеру тағайындау туралы актілерді рәсімдеді. Аталған фактілер бойынша мекеме иелеріне 670 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Іс-шараларды ұйымдастырушылар – 87 мың теңге, ал барлық шақырылған және келген қонақтардан деректер мен түсініктемелер алынды», деген мәлімет таратты облыс әкімінің баспасөз қызметі. Ал енді облыстағы эпидемиялық ахуалға келсек, жағдай мәз емес: өңірде 2021 жылдың 6 тамызына дейін коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 63 439 адамға жетті. Өткен тәулікте 1038 тұрғыннан «жаман тұмаудың» белгілері байқалған.
Arista мейрамханасында болған тойға оралмай болмас. Мәселен, облыстық деңгейдегі жауапты қызметте жүрген шенеунік жоғары тұрған басшысы бас иземесе, мұндай бейбастақ әрекетке бармас еді ғой. Құзырлы органдардың таныс басшылары «бармақ басты» демегенмен, «көз қыстымен» рұқсат бермегенде ол өзінің қызметтік мансабын бәйгеге тігіп, тығылып той жасамаған болар еді-ау деген ой келеді. Яғни жоғарыдан «ұр-тоқпақ» болмайынша, бұл істе тәртіптің орнамасын жұрттың бәрі біліп отыр. Ал пандемия пенде баласын табаға салып қуырған мына заманда шектеудің талабы осылайша өрескел һәм қасақана бұзыла берсе, ащы да болса айтайық: жиын-тойдың түбімізге жететін түрі бар.
Қарағанды облысы
P.S. Бет қатталып жатқанда Қарағанды облысының әкімдігінен мынадай ресми ақпарат жетті. Онда онлайн режімде өткен аппарат кеңесінде өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Халел Мақсұтовты карантин тәртібін өрескел бұзып, пандемия өршіп тұрған кезде той ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатқаны жөнінде хабарланған.