МЕЛЬБУРН. Осы мақаланы Аустралияның Виктория штатынан жазып отырмын. Бұл штат 1970 жылы әлемде тұңғыш рет автокөлікте белдік тағуды міндеттеген алғашқы юрисдикция еді. Заңнаманы жеке бас құқығына нұқсан келтіреді деп айыптағандар көп болды. Әйтсе де викториялықтар оны қабылдады. Өйткені белдік тағу өмірді сақтап қалады. Қазіргі таңда әлем осыған ұқсас заңнама қабылдаудың алдында тұр.
Қазіргі таңда Covid-19 індетін тудыратын вирусқа қарсы вакцина салдыруды міндеттеу жеке бас бостандығына қол сұғатыны туралы дабыл қағып жүргендерді естіп жатырмыз. Садақ атудан АҚШ Олимпиада құрамасының мүшесі Брэди Эллисон екпеден бас тарту жөніндегі шешімі жүз пайыз жеке таңдау екенін айтып, міндетті түрде екпе салдыру жеке бас бостандығына қауіп төндіретінін алға тартады.
Бір қызығы, көлікте қауіпсіздік белдігін тағуды міндеттеу – сол адамның жеке бас бостандығына тікелей қол сұғу. Керісінше, жаппай вакциналау туралы заңнама халықтың құқығын қорғау. Мәселен, вакцина салдырмаған адам көпшілік орынға барып, басқаларға вирус жұқтыруы мүмкін. Ал екпе алуды міндеттеу арқылы халықтың денсаулығын сақтап, бизнесті еркін жүргізуге мүмкіндік бар.
Мені дұрыс түсініңіз. Мен жүргізуші мен жолаушылардың көлікте отырғанда қауіпсіздік белдігін тағу жөніндегі заңды қатты қолдаймын. Мысалы, АҚШ-та осындай заңдар шамамен 370 мың адамның өмірін қорғап қалды. Бұдан бөлек, көптеген адамның ауыр жарақат алуына жол берген жоқ. Соған қарамастан, бұл заңның бәрі – патерланистік құжаттар. Олар өзіміздің игілігіміз үшін бір нәрсе жасауға мәжбүрлейді. Бұл Джон Стюарт Миллдің «биліктің өркениетті қоғамдастықтың кез келген мүшесіне еркінен тыс әрі әділ түрде қолдануына рұқсат жалғыз міндеті – басқаларға зиян келтірмеу» деген қағидасын бұзады. Яғни адамның жеке басының мүддесі үшін мәжбүрлеу – «жеткілікті кепілдік емес».
Бұл қағида жөнінде әлі айтылатын әңгіме өте көп. Әсіресе, ересектер арасындағы ерікті эвтаназия немесе гомосексуалдық қарым-қатынас секілді құрбандық жоқ әрекеттерге жол бермейтін заңдарға қарсы қолданылғанда тиімді. Бірақ Милл «өркениетті» қоғамдастық мүшелері өз мүдделері үшін қазіргіге қарағанда тиімді таңдау жасайтынына сенімді еді.
Қауіпсіздік белдіктерін міндеттегенге дейін көптеген мемлекеттер жолаушыларға оны тағынбаудың қаупі туралы түсіндіруге тырысты. Мұндай науқандардың әсері шамалы еді. Қауіпсіздік белдіктерін тағатындардың саны қазіргіден әлдеқайда аз болатын. Мысалы, бүгінде АҚШ-та жолаушылар мен жүргізушілердің 90 пайызға жуығы оны тағады (сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпау заң бұзу болып саналатын басқа елдерде де осындай көрсеткіш тіркелген).
Себебі біз өзімізді қандай да бір апаттың шамалы болса да қаупінен қорғай алмаймыз. Көлікке отырған сайын, егер біз қауіпсіздік белбеуін тақпасақ, жарақат алатындай апатқа ұшырау ықтималдылығы өте аз. Дегенмен белбеу тағудың пайдасы соншалықты көп емесін ескерсек, ақыл таразысына салып қарағанда оны тағу қисынсыз көрінеді. Бірақ автокөлік апатынан аман қалғандар қауіпсіздік белбеуін тақпағандықтан жараланғанын, қисынсыз әрекет деп санағанын мойындайды және оған өкінеді. Бірақ бұл кеш.
Қазір вакцина салдыруда да осыған ұқсас жағдайды көріп отырмыз. Брайтни Кобия таяуда Алабама штатының Бирмингем қаласында дәрігер ретінде жұмыс істегені туралы Facebook-те мынандай жазба жариялады:
«Мен ауруханаға Covid-19 індетін жұқтырып, жағдайы қиындаған қылшылдаған жастарды қабылдаймын. Олар интубация (өкпеге ауа жіберетін түтікше енгізу – А.А.) жасар алдындағы соңғы өтініші – менен вакцина салып беруімді сұрайды. Мен олардың қолынан ұстап отырып, өкінетінімді, бәрі кеш екенін жеткіземін. Бірнеше күннен соң қазаны естіртер кезде науқастың отбасы мүшелерін құшақтап, марқұмға көрсететін махаббатының ең үлкені вакцина алу екенін, сондай-ақ таныстарына екпе салдыруға үгіттеуді сұраймын. Олар жылайды. Мұның маңызын білмегенін айтады. Індет өтірік деп есептегенін жеткізеді. Олар мұны саяси ойын деп есептейді. Себебі олар нақты қан тобына жататындықтан немесе нақты бір нәсіл өкілдері болғандықтан ауырмаймыз деп есептеген. Олар мұны жай ғана тұмау деп ойлаған. Бірақ олар қателеседі. Олар өткенге қайта барып, бәрін өзгерткісі келеді. Бірақ бұл мүмкін емес».
Дәл осы себеп коронавирус вакцинасын міндеттеудің дұрыстығын көрсетеді. Өйткені көп адам уақыт өте келе қабылдаған шешіміне өкінеді. «Бұл – олардың өз өмірі, өлемін десе өзі білсін», деу үшін қанішер болу керек шығар.
Қалай дегенмен де, коронавирус дәуірінде вакцинаны міндетті ету Миллдің «басқаларға зиян келтірмеу» принципін бұзбайды. Олимпиадаға қатысатын вакциналанбаған спортшылар адамдар көп жүретін көшеде жылдамдықты арттыру секілді басқаларға да қауіп төндіреді. Эллисонның «жеке таңдауы» – не екпе алу немесе үйде болу. Егер Халықаралық Олимпиада комитеті вакциналанған спортшылар ғана жарысқа түсе алады деп айтса, бұл мыңдаған спортшыны инфекция жұқтыру ықтималдылығынан құтқарар еді. Сондай-ақ Эллисонның вакцинасыз бәсекеге түсуіне жол бермес еді.
Дәл сол себепті, Франция мен Грекияда өткен айда жарияланған кинотеатрларға, барларға баратындар немесе пойызбен саяхат жасаушылар вакцина алғаны жөнінде куәлік көрсетуін міндеттейтін ереже ешкімнің жеке бостандығын бұзбайды. Былтырғы ақпанда Индонезия үкіметі барлық ересек адамдарды вакциналауды әлемде тұңғыш рет міндеттегенде ең қайғылы жағдай – азаматтардың бостандығы бұзылғаны емес, бай мемлекеттердің заңды жүзеге асыруға қажет вакциналарды бермегені еді. Соның салдарынан қазір Индонезия – вирус ошағы, елде он мыңдаған адам вакцина алмағандықтан өмірден өтті.
Питер СИНГЕР,
Принстон университетінің биоэтика профессоры және «Сіз құтқара алатын өмір» коммерциялық емес ұйымының негізін қалаушы. Ол жануарларды босату, практикалық этика және нақты әлемдегі этика тақырыптарында кітап жазған. Оның John Stuart Mill’s Utilitarianism жинағы (Катарзина де Лазари-Радекпен бірлесіп өңделген) Нортон кітапханасында жарық көрді
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org