Ұлттық сананы ояту жолында жанын пида еткен ақын, жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының қаламынан туған публицистикалық мақалаларда күрделі мәселелер көп. Оның өмірі қоғамдық сілкіністер мен әлеуметтік-таптық қақтығыстарға тап келді. Жазушының идеялық ой-танымы Орынборда 1913-1918 жылдар аралығында шыққан «Қазақ» газетінде түгел қамтылды.
Алдымен Міржақып Дулатұлының публицистикалық туындыларын пайда болған уақыт ерекшелігіне байланысты айқындасақ, біріншіден, 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейінгі – Ресей отаршылдығына қарсы ел үшін, жер үшін күрес кезеңіне байланысты жазылған публицистикалық шығармаларынан көреміз. Екіншіден, Ақпан төңкерісінен бастап Қазан төңкерісіне дейінгі – Уақытша Үкімет тұсындағы елдегі демократиялық қозғалыстар кезеңіндегі шығармалары болса, үшіншіден, Қазан төңкерісінен бастап, Кеңес өкіметі толық орнағанға дейінгі – Азамат соғысы жылдарындағы большевизмге қарсы күрес кезеңіндегі публицистикалық шығармалары.
1913 жылы 2 ақпанда «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеннен бастап (газеттің редакторы Ахмет Байтұрсынұлы және екінші редакторы әрі жауапты хатшысы Міржақып Дулатұлы) қаламгердің жариялаған қазақ қоғамындағы әдебиет сыны мен діни-рухани-мәдени мәселелері оның кемел ойлы көсемсөздің шебері екенін айқын танытты. ХХ ғасыр басында «Қазақ» газетінің жарыққа шығуымен бірге қазақ халқының зиялы буыны қалыптасты. Олар жақұт жазбаларында ел тағдырын, жер тағдырын, ағартушылық мәселесін қозғады. «Қазақ» газетінің ұстанған өзіндік бағыт-бағдарымен қазақ зиялылары ұлт тәуелсіздігі жолындағы идеяларын кең қамтып, өз кезеңіндегі заманның күрделі әлеуметтік мәселелерін баспа беттерінде жариялады. ХХ ғасыр басында қазақ басылымдарының ішінен «Қазақ» газеті алдыңғы саптан көрініп, қазақ зиялыларының кемел ойлы көсемдік танытқан мақалаларындағы озық ойлары халықтың санасын рухтандырды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ ағартушылары аңсаған білімге үндеу ХХ ғасырдың бас кезінде нәтиже беріп, елді азаттыққа ұмтылдыруға жігер берді. Қазақ зиялылары ел бағытын айқындап, тәуелсіздік жолын нұсқаған жаңа тұлғалар ішінен Міржақып Дулатұлы айрықша көрінді.
1913 жылғы 9 наурызда №5 нөмірде, «Қазақ» газетінің дүниеге келуімен кұттықтаған Шәкәрім қажы Құдайбердиевтің «Қазақ» құтты болсын!» атты өлеңінде:
Үмітті Орынбордан бала туды,
Қолына жарық сәуле ала туды.
Мақсаты: қараңғыда жүрген халқын
Ойлайды тура жолға қаратуды,
– деп сәттілік тілеген сөздері газеттің әрі қарай қазақ баспасөзінің көшбасшысы болуына септігін тигізді.
Газеттің дереккөздері мен рухани құндылығы, шынайылық деңгейі оның шығарушылары мен негізгі авторлары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатұлының еншісінде болды. Большевиктер бүліншілігіне дейін патша жандармериясының қуғын-сүргініне қарамастан «Қазақ» газетінің бес жыл бойы үздіксіз шығып тұруын қамтамасыз еткен қос қаламгердің еңбегі зор. Бұл жайында Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов 1915 жылдың 18 сәуіріндегі «Қазақ» газетінде: «Мәдени жұртта көркем кітап жазып отыратын Ахмет, Міржақып газеттің уақ ісіне есіл ғұмырын байлап отыр» – деп жазды.
Қазақ баспасөзінің көшбасшысы болған «Қазақ» газетінің материалдары М.Дулатұлының тек жеке өмірінің ғана емес, публицистикалық еңбектерінің де дереккөздері болып табылды. Олай болуының себебі, «Қазақ» газетінде жұмыс істеген жылдары оның бойына біткен бар табиғи публицистік таланты толығымен ашылып, терең білімділігі айқын көрінді деуге болады. М.Дулатұлының «М.,», «М.Д,», «Мадияр», «Түрік баласы» сияқты бүркеншік аттармен газет беттерінде үздіксіз басылып тұрған материалдары оның ақын-жазушы, саяси күрескерлігімен қатар, публицист, сыншы, зерттеуші, тарихшы екендігін де көрсетті. «Қазақ» газетінің бірінші жылғы сандарында көтерілген «ұлттың саяси еркі мен жерін өз қолына түгел алып болып, енді қазақтың өз жеріне, атамекеніне өзін сыйғызбай ығыстыра бастаған ақ патшаның зорлығы; халық санасын ояту мәселесі; қазақ қоғамын темір құрсаудай қысып, бойын жаздырмаған ортағасырлық мешеулік; бірін-біріне айдап салып, билей беру мақсатында патша берген болыстық билікке таласу; ел қатарлы өз мүддесін өзінің қорғауына жол бермеген надандық пен саяси құқықсыздық т.б. ұлттық деңгейдегі басты мәселелер болатын. Осы көтерілген өзекті мәселелер М.Дулатұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде жариялаған «Жер аудару», «Қазақ жайлы», «Шәкірттер жайынан», «Земство һәм қазақ», «Мектеп-медреселер мәселесі», т.б. мақалаларында қазақ ұлтының өмірі, ел тынысы жан-жақты бейнеленді.
«Қазақ» газеті Орынборда 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап, 1918 жылдың аяқ кезіне дейін шығып тұрды. Осы кезеңде газеттің 265 нөмірі жарық көрді. Газет қалыпты көлемде, алғашқы кезде жетісіне бір рет, кейін үш рет шықты. Ол қазақ халқының арасына көп тарап, үлкен беделге ие болды. «Газет алғашқыда 3 мың данамен шықты. Бұл ол уақыт үшін тіптен көп таралым еді... Оппозициялық газет бола отырып «Қазақ» қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуға аз үлес қосқан жоқ, өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін көтерді, ағартушылық идеяларын насихаттады, қозғалыстың және болашақ «Алаш» партиясының баспа органы болды. Жарияланымдардың отаршылдыққа қарсы сипаты өкімет орындарының наразылығын туғызды. 1913-1916 жылдардың өн бойында газет 26 рет жабылады.
Шын мәнінде, Міржақып Дулатұлы публицистикалық мақалаларымен ХХ ғасырдың әлеуметтік жағдайындағы қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, мәдени, әдеби маңызы зор мәселелерін терең талдап, «Қазақ» газетінде жариялап отырды. М.Дулатұлы халықтың мұңы мен зарын сөз еткен, оның дұрыс жолмен шешілуіне ықпал жасаған публицистикалық еңбектерімен ұлт тәуелсіздігінің негізін қалыптастырғандығын «Қазақ» газеті арқылы айқындап берді. Мұхтар Әуезов 1923 жылы «Ақ жол» газетінің 4 ақпандағы «Ахаңның елу жылдық тойына» арнап жазған мақаласында: «Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын. «Қазақ» газетінің сол заманнан бері қарай талай өмірі өткен сияқты. Бұл уақыт саусақпен санағандай аз жыл болса да, болып өткен уақиғаларына қарағанда көп заманға жауап болатын толқынды заманның бірі. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» деп жазды. Ұлттық мемлекет болу идеясы қазақ интеллегенциясын ұлттық «Алаш» партиясын құрып, «Алаш орда» үкіметін орнатуға әкеледі. Бұл қазақ зиялыларының 1917 жылғы Ақпан революциясынан күткен үміті болатын. Одан кейін «...Қазан күндері келіп жетті. Қазан төңкерісі партиясына кереғар көзқарастағы көп партияның үлгісінде қазақ ұлтшыл ұйымының «Алаш» партиясын құрдық, партияның бір мүшесі өзіммін. Езілген, тоналған, сіңірі шыққан ұлтымыздың қамынан асып өзгедей әрекетке барған емеспін», – деген болатын Міржақып Дулатұлы өзінің 1929 жылғы «Ұрпаққа хатында». Ұлтының қамын ойлаған «Алаш» азаматтарының қанды Қазан төңкерісі, Азамат соғысының нәтижесі олардың идеясын сейілтті. Ақын Ұлы Октябрь қарсаңында «Мадияр» бүркеншік атымен 1917 жылғы «Қазақ» газетінің 21 тамызында «Қайда едің? » өлеңін жариялады. Бұл өлеңінде бостандық жолындағы күресті айта келіп, халықтың көкейкесті арман-тілектерін орындай алмай, өз бастарының амандығын сауғалап жүрген қайраткерлерге қатал сын тақты.
«Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде,
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып алаш жүргенде,
Бүл күнгі көп көсемдер,
Сұраймын сонда қайда едің?...
Сарыарқа сайран жерлерім,
Көкорай шалғын көлдерім,
Бәрін жауға алдырып,
Асқар тау - биік белдерім.
Қысылып қазақ тұрғанда,
Данышпандар, қайда едің?...» –
деген ойлы сөздерімен ер көңілді алаштың азаматына енді зор сын! – деп, өз кезеңіндегі заманның күрделі әлеуметтік мәселелерін баспа беттерінде жариялады.
Міржақып Дулатұлының публицистикалық мақалаларын Орынборда 1913-1918 жылдар аралығында шығып тұрған «Қазақ» газетімен байланыстырғанда ғана төмендегі өзекті мәселелерді айқындай аламыз. Біріншіден, Міржақыптың публицистикалық еңбектерінің толықтай негізгі бөлімі осы газетте жарияланды. Екіншіден, бұл – қазақ тілінде үзілместен ұзақ мерзімге және жиі шығып тұрған бірден-бір мерзімді басылымдардың бірі болатын. Қазақ баспасөзінің көшбасшысы болған «Қазақ» газеті қоғамдық ой-сананың, оқу-ағартудың үгітшісі болуымен бірге қазақ әдебиетінің ілгері дамуына жаршы болды. Мұнымен бірге қазақ әдебиетін байытуда алғашқы қазақ романының авторы, прозаик, ақын, көсем сөз шебері, көрнекті қоғам қайраткері. Ол бүкіл өмірі мен күш-жігерін туған халқының азаттығы мен даңқын арттыруға бағытталған қажымас күреске жұмсады.
1920 жылдары «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызметтес болған, тұтқындалғаннан кейін отбасына көмектескен әдебиетші-ғалым Б.Кенжебаев: «...мен көрген, білген, түйген Міржақып Дулатұлы үлкен журналист, жазушы, ақын, не жөнінде болсын жинақы, терең, алғыр да өткір, мірдің оғындай еді. Тұрған бір қайрат, міржақ кісі еді», – деп ұлтымыздың ұлы тұлғасын ерекше еске алады.
М.Дулатұлының публицистикалық еңбектері мен өмірінің жаңа кезеңінде 16-ның ойраны, Ақпан төңкерісі, Большевиктер бүліншілігі, ақтар мен қызылдардың қырғыны, кеңестік-тоталитарлық жүйенің орнауы осылардың бәрі іскер публицистикаға тән заңдылықтармен «Қазақ» газетінде толық көрініс тапты. Алаш арысы қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік жағдайын тұтастай қалпында қабылдап, ұлттық сананы жаңғыртудағы өміршең идеялық ойларын «Қазақ» газеті арқылы саралап берді.
Жамбыл КҮЗЕМБАЕВ,
филология ғылымдарының кандидаты