• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Тамыз, 2021

Нұрадағы науқан қызу

154 рет
көрсетілді

Нұра ауданындағы аса ірі шаруашылықтың бірі – «Қайнар» ЖШС мал азығын дайындау жұмыстарын сәтті аяқтады. Қорасы шөпке толған қожалық артылғанын айналасындағы ауыл тұрғындарына бөліп берген. Бұл шаруашылық биыл 2 800 тонна шөп дайындап, былтырғы көрсеткіштен 400 тоннаға асып түскен екен.

Қазіргі уақытта аудандағы «Жарас­пай» шаруашылығында шөп шабу, жи­нау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінге дейін 330 тонна шөп да­йын­далған. Шаруашылық басшылары биыл ауыл тұрғындарының жем-шөп­тен тарылмайтынын айтады. Өйткені агрофирма жыл сайын 13,5 мың гектар алқапта дәнді дақылдар дайындап, оларды төрт бірдей астық қоймасында сақтайды. Техниканың жөндемді бол­ғанына да баса маңыз беріледі: шаруа­шылықта машина-трактор паркі үнемі жаңартылып отырады.

Жалпы алғанда, биыл Нұра ауданы бойынша 156 мың тонна шөп дайын­далған. Ал жоспардағы меже – 200 мың тонна. Ауданда шөп дайындау жұмыс­тарын 20 тамызға дейін аяқтау жос­парланған.

Шөп шабу науқанына аудандағы «Пржевальское» ЖШС де үлкен да­йын­дықпен келді. Жұмысты ұйым­дас­тыра білудің және дер кезінде қа­был­­данған шаралардың арқасында шаруа­шылық 900 тонна шөп дайын­­дады. Егіс даласындағы жағдай да жаман емес.

Егіс демекші, биылғы қуаңшы­лыққа қарамастан, «Қайнар» ЖШС алқаптарындағы егіннің бітімі жаман емес. Шаруашылық директоры Сейіт­жапар Нығметов мұның минералды тыңайтқыштарды қолдану мен жоғары өнімді тұқымдарды пайдаланудың арқасында мүмкін болғанын айтады. Осы жылы компания алты астық жинайтын комбайн мен сонша жем-шөп жинайтын дестелегіштер, соқалар сатып алды. Аграршылар егін өткен жылдың деңгейінен төмен болмайды деген үміттің үстінде отыр.

Аудандағы егіннің бітік шығуына Григорий Прокоп жетекшілік ететін «Шахтерское» элиталық тұқым өсі­ру шаруашылығы сүбелі үлес қосып ке­леді. Қазіргі уақытта кәсіпорынның күші­мен 15 мың тоннаға арналған қосымша сақтау сыйымдылықтарының құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде ша­руа­шылық иелігінде 12 астық және алты картоп қоймасы жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері шаруашылықты дамытуға салынған қаражаттың жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асқан. Бұдан бөлек, аграрлық кәсіпорын техника түрлерін де жыл сайын жаңартып отырады. Мысалы, осыдан бір ай бұрын дәнді дақылдарды уақтылы жинау үшін отандық өндірістегі 8 астық жинайтын комбайн сатып алынды.

Жалпы, Нұра ауданы бойынша егін орағына 15 тамызда түсу, ал жаппай егін жинауға 1 қыркүйектен бастап кірісу жоспарланған.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы