ҚР Экология министрлігі бес жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды жоспарлап отыр. Жоба басталғалы 81,5 млн ағаш егілді. Күзде тағы 48,2 млн ағаш отырғызу жоспарланған, деп жазады Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырғызу көлемі жыл сайын 2021 жылғы 129,7 млн ағаштан 2025 жылы 642,8 млн ағашқа дейін ұлғаятын болады.
Жобаны жүзеге асыру үшін министрліктің барлық облыс пен ведомстволық бағынысты мекемесінде ормандарды молықтыру мен орман өсірудің 5 жылдық кешенді жоспарлары бекітілді. Оларды әзірлеу кезінде қолданыстағы питомниктердің және көшет өсіретін ұйымдардың мүмкіндігіне талдау жасалды. Өңірлерде отырғызылатын материал жеткіліксіз болса, жоспарлы питомниктерді кеңейту және уақытша питомниктер құру көзделген. Сондай-ақ орман дақылдарының тұқымын жинау көрсеткіші де ескерілді. Жобаға 200-ден астам орман питомнигі мен басқа да ұйымдар қатысады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда орман дақылдарының көшетін көбейту мен өсіруді жүзеге асыратын 44 тұрақты және 158 уақытша питомник пен ұйым жұмыс істейді. Олардың қорында қарағай, шырша, балқарағай, қайың, шегіршін, сексеуіл, үйеңкі, шаған, емен және басқа да ағаш түрлерінің 1-3 жастағы 165,5 млн дана көшеті бар. Бәрі - отандық өнімдер.
Айта кетейік, жоба аясында шамамен 610 мың дана сексеуіл , 555 мыңнан астам қарағай. 193 мыңнан астам үйеңкі, 132 мыңнан астам шегіршін, 100 мыңнан астам қайың және басқа да ағаш түрлерін отырғызу жоспарланған.