Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавируспен ауыратын науқастардың қатысуымен CОVID-19-ға қарсы үш жаңа фармакологиялық препаратын сынақтан өткізуді бастады, деп хабарлайды Egemen.kz РИА Новостиге сілтеме жасап.
«Біз ауруханаға жатқызылған Сovid-19 пациенттері арасында өлім қаупін азайту мүмкіндігі бар артесунат, иматиниб және инфликсимаб препараттары туралы айтып отырмыз. Артесунат ауыр безгекте, иматиниб - қатерлі ісіктің кейбір түрлерінде, ал инфликсимаб - Крон ауруы және ревматоидты артрит сияқты иммундық жүйенің ауруларында қолданылады», делінген хабарламада.
Бұл дәрі-дәрмектерді өндірушілер зерттеу жұмыстарын өткізу мақсатында ұсынды.
ДДСҰ қамқорлығымен өткізілетін ынтымақтастық сынақтарының жаңа кезеңіне 52 елдегі 600-ден астам ауруханаларда мыңдаған зерттеушілер қатысады, бұл бірінші сынақ кезеңіне қарағанда 16 елге көп.