• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Тамыз, 2021

Көмірді тұтыну көлемі кемиді

425 рет
көрсетілді

Алдағы қыста елімізде көмір­ді тұтыну көлемі 10 млн тоннадан 7,3 млн тоннаға дейін кемиді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осындай болжам жасап отыр. Бұған елді мекендерге газ тарту көле­мінің ұлғаюы себеп болғалы тұр.

Министрліктің мәліметін­ше, осы жылдың бірінші жартыжыл­дығында коммуналдық-тұрмыс­тық қажеттілік пен бұқара халық үшін 3,4 млн тонна көмір тиелген. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 31,3 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіп­орындарға 2,9 млн тонна көмір жөнелтілді. 14,5 млн тонна өнім экспортқа шығарылды.

Бүгінде өңірлердің барлығы дерлік 2021-2022 жылғы жылыту маусымында пайдаланатын көмірге деген қажеттіліктерін растап, жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Көмір сатып алуға тендерлер жарияланып, өңірлік операторлар айқындалған. Тек Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Алматы қаласы нақты қанша көлемде көмір керек екенін ұсынбаған.

«Министрлікте облыстар­дың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкім­діктері өкілдерімен кеңейтілген кеңес ұйымдастырылды. Онда жергілікті билікке халыққа көмір бағасы мен маркаларын, сатылатын жерлер мен онда көмірдің бар-жоғын түсіндіріп, тиісті ақпарат беріп отыру үшін арнайы «жедел желі» құру, көмірдің жеткізілімі мен сапасына қатысты тұрақты мониторинг жүргізу ұсынылды. Ал көмір бағасы заңсыз өскен жағдайда монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлім­шелеріне жүгіну қажет», деп ха­бар­лады Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі.

Деректерге сүйенсек, отандық көмір өндіруші компаниялар 2021 жылдың қаңтар-шілде айларында 59,7 млн тонна көмір өндірген. Көмірді негізінен төрт өндіруші компания жеткізеді. Олардың нарықтық үлесі жалпы жеткізілімнің 89 пайызына тең. Атап айтқанда, «Шұбаркөл көмірдің» үлесі – 28 пайыз, «Қаражыраның» үлесі – 25 па­йыз, «Майкөбен-Весттің» үлесі – 25 пайыз, «Богатырь көмірдің» үлесі – 11 пайыз.

Министрліктің хабарлауынша, көмір энергетикалық кәсіпорындарға разрездердің босату бағасымен жөнелтіледі. Ал коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар мен халық үшін көмірдің негізгі көлемі тауар биржасы арқылы өткізіледі.

«Биыл биржалық комитеттің хаттамасымен коммуналдық-тұрмыстық көмірді тауар биржалары арқылы өткізу жөніндегі секциялық қағидалар бекітілді. Жаңа ережелер нарықтық объективті баға индикаторларын қалыптастыруға арналған. Яғни тұтынушылар үшін тым қымбат емес, ал жеткізушілер үшін тым тиімсіз емес бағаны қалыптастырады. Жаңа қағидалар бойынша өңірлік операторлар облыстың көмір қажеттілігінің 10 пайызын тауар биржасы арқылы тікелей алады. Мақсат – араға делдалдарды қатыстырмау. Көмірдің қалған 90 пайызын өндіруші компаниялар өз талаптарымен өткізе алады. Яғни тікелей келісімшарттар, биржалық сауда арқылы жүзеге асырады. Алайда оның да бағасы монополияға қарсы органның бақылауында болады», деп хабарлады министрлік.