Норвегия мен Еуропалық одақтың арасынан «қара мысық» жүгіріп өтті. Даудың басы бұл жолы балықтан шығып отыр. Скандинавиялықтар қарт құрлық кемелерінің Арктикадағы Свалбард архипелагы маңынан нәлімді көп мөлшерде аулауына наразы.
Норвегия билігі еуропалық балықшылар осыған дейін рұқсат етілген көлемде нәлім аулап қойғанын алға тартып отыр. Ендіге жерде Свалбардқа ау салғандарды қудалап, кемелерді тоқтатпақ.
Еуропалық одақ өкілдері ресми Ослоның әрекеті халықаралық құқыққа қайшы келетінін айтады. Бірақ бұған скандинавиялықтар келісер емес. Өйткені Брекситтен кейін Брюссель шенеуніктері Свалбард маңынан нәлім аулау көлемін заңсыз түрде көбейтіп жіберген деп есептейді. Осылайша, ЕО да, Осло да бір-бірін халықаралық құқықты бұзды деп айыптайды.
«Еуропалық одақтың Норвегия суларында балық аулаудың мөлшерін бекіту құқығы халықаралық заңнамада қарастырылмаған», дейді Норвегия Сыртқы істер министрінің мемлекеттік хатшысы Одун Халворсен.
Бұған дейін ым-жымы жарасып, нәлімді бірлесіп аулап келген тараптардың арасынан «қара мысық» жүгіріп өтуіне Брексит кінәлі. Ұлыбритания қарт құрлықпен қоштасқаннан кейін өзара келісімге келіп, суларда балық аулау көлемін бекіткен еді. Соған сәйкес, ағылшын балықшылары мен еуропалықтардың қай маңнан қанша көлемде теңіз өнімін ұстайтыны нақтыланған. Дауға айналған нәлімге келсек, Ұлыбритания – Еуропалық одақ келісіміне сәйкес Брюссель еуропалық кемелердің Свалбард маңынан 24645 тонна нәлім ұстауына рұқсат етті.
Әрине, норвегиялық шенеуніктер бұған бірден наразылық танытты. Сөйтіп, архипелаг маңында балық аулауды белгілеу құқығы өзіне ғана тән екенін алға тартып, Свалбард маңынан шамамен 18 мың тонна нәлім аулауға рұқсат етті.
«Еуропалық одақ пен оған мүше мемлекеттер ұйымға қарасты суларға иелік еткені секілді, елімізге тиесілі сулардағы табиғи ресурстарды бақылау – ұлттық мүддеміздің іргетасы», дейді Одун Халворсен.
Бірақ архипелаг мәселесінің түйіні күрделі болып тұр. 1920 жылы қол қойылған «Свалбард келісіміне» сәйкес, Норвегияның аралдарды иелену құқығы шектелген. Сондықтан Еуропалық одақ скандинавиялықтардың бұл маңда балық аулау мөлшерін белгілеуге құқығы жоқ деп есептейді.
Нәлімнен шыққан мәселе күні кеше басталған жоқ. Бұған дейін Норвегия мен Еуропалық одақ дипломатиялық деңгейде тартысып келген. Қарт құрлық балықшыларының архипелаг маңынан аулаған балығының көлемі Осло бекіткен мөлшерге жақындап қалды. Ендеше, Норвегия жағалау күзеті алдағы бірнеше аптада Свалбардта ау тастаған еуропалық кемелерді тұтқындауы мүмкін. Бұл дипломатиялық даудың әрекетке көшкенін көрсетеді.
Ауланған нәлім көлемі артқан сайын еуропалық балықшылар дабыл қаға бастады. Әсіресе, Германия мен Испания бастаған бірқатар мемлекет Норвегияның ыңғайына жығылуға ниетті емес. Мәселен, Испанияның ауыл шаруашылығы министрі неміс, француз әріптестерімен бірлесіп, Еуропалық одаққа хат жолдаған. Онда скандинавиялықтардың әрекетіне тоқтау салуды сұрайды.
Еуропалықтардың Солтүстік Атлант балықшылары ұйымының төрағасы Диек Парлевлиенің айтуынша, межелі мөлшердегі нәлім тамыздың аяғына таман ауланып болмақ. Содан кейін Норвегия еуропалық кемелерді тұтқындай бастауы мүмкін.
Алда-жалда Осло мұндай шешімге барса, Еуропалық одақ тарапы Норвегиядан келетін нәлімдерді нарыққа шығаруға тыйым салады. Яғни ұйымның бұдан басқа қолдан келер дәрмені жоқ.
Дегенмен еуропалықтар Осло билігінің әрекетін түсіне алмай дал. Өйткені норвегиялық нәлімді тұтынатын негізгі нарық – Еуропалық одақ. Алда-жалда екеуі араздасып қалса, Осло балығын қайда апарып сатпақ?
Оның үстіне, Норвегия белгілеген мөлшер мен Еуропалық одақ рұқсат еткен көлемнің айырмашылығы соншалықты үлкен емес. Небәрі 5 мың тоннадан асады. Ал скандинавиялық балықшылар архипелаг маңынан 400 мың тонна нәлім аулайды.
Ендеше, Норвегияның әрекетін түсіндіретін бір ғана себеп бар. Архипелаг маңындағы бүкіл табиғи байлық Свалбард келісімі арқылы бақыланады. Жаһандық жылыну салдарынан бұл маңдағы мұздар еріп кеткендіктен, аралдар тұсынан жаңа мұнай қорлары табылды. Осло билігінің көздегені де осы болуы мүмкін. Яғни нәлімді сылтау етіп, Свалбардқа иелік ету құқығын түгелдей өзіне алуы ықтимал. Қысқасы, Норвегия мен Еуропалық одақ балыққа бола қырқысуға дайын сияқты.