• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
TOKYO2020 12 Тамыз, 2021

Дзюдо күресінен үлгі алатын елдер бар

664 рет
көрсетілді

Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені салған дзюдошылар еді. 60 кило салмақта күш сынасқан Елдос Сметов бастапқы бәсекелерде түркиялық Мирхак Аққұс пен кореялық Ким Вон Жиді жеңгенімен, жартылай финалда Жапонияның жұлдызы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы Наохиса Такатоға есе жіберді. Есесіне одан кейін нидерландық Торнике Чакадуады шаң қаптырып, қола медальді мойнында жарқыратты. Қатарынан екі бірдей Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген Елдосқа сол сәтте барша Алаш жұрты ақ алғысын жаудырды.   

Олимпия ойындарының алғашқы күні Қазақ елінің Көк байрағы желбірегенде көңіліміз кәдімгідей марқайып, кеудемізді мақтаныш сезімі кернегені рас. Алдағы күндері тағы бірнеше дзюдошымыз татамиге шығып, олар да өз жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөлейтін шығар деп үміттендік. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. Одан кейін жарыс жолына шыққан жерлестеріміз тегістей ұтылып, жігерімізді әбден жасытты. Елдос Сметовтен басқа бірде-бір балуанымыз жүлделі орын үшін таласу былай тұрсын, ең болмағанда жарыс жолының жартысына дейін де жете алмады. Жоғарыдағы жағдай отандық дзюдомыздың олқы соғып тұрған тұстары әлі де жетерлік екенін анық аңғартты.

Токио татамиіне шыққан жерлес­теріміздің барлығы да талай дүбірлі додада ысылған, бірқатар байрақты бәсекенің биігінен көрінген сақа спортшылар еді. Мәселен, 66 кило салмақта ел намысын Ерлан Серікжанов қорғады. 26 жастағы Семей өңірінің тумасы 2018 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2019 жылы Азия чемпионы атанғанын жұрт жақсы біледі. Тұсаукесер кездесуінде Ерлан Орхан Сафаровты сан соқтырды. Әзербайжанның өкілі әлем чемпионатында екі рет жүлдегерлер қатарынан көрініп, Еуропа біріншілігінде топ жарды. Осындай мықты балуаннан басым түскенде кеудемізде сенім оты маздады. Алайда келесі кезеңде дүниежүзілік рейтингте көш бастап тұрған әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы италиялық Мануэль Ломбардоға Серікжановтың әлі жетпеді.

73 кило салмақ дәрежесінде белдескен 28 жастағы Жансай Смағұловтың да жағдайы дәл солай болды. Осыдан бес жыл бұрын Рио Олимпиадасына қатысқан ол бастапқы бәсекеде Еуропа чемпионы, армениялық Фердинанд Карапетянды қапы қалдырғанымен, іле-шала Панамерика ойындарының жүлдегері және құрлық біріншілігінің жеңімпазы канадалық Артур Маржелидонға жол берді. 81 кило салмақта күш сынасқан Азия ойындарының жеңімпазы Дидар Хамза «шүу» дегенде шабысынан жаңылды. 24 жастағы қандасымыз Моңғолияның туы астында өнер көрсетіп жүрген ирандық дзюдошы, әлем чемпионы Саид Моллаейге есе жіберді. 90 кило салмақтағы Азия ойындарының финалисі, Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері Ислам Бозбаев та білгенінен жаңылды. Алғашында бразилиялық Рафаэль Македоның аяғын көктен келтірген қазақ балуаны көп кешікпей әзербайжандық Мамедали Мехдиевтен ұтылды.

Әйелдер арасында Қазақстаннан жалғыз Отгонцэцэг Галбадрах қана өнер көрсетті. Рио Олимпиадасында қола медальді иеленген жеңіл салмақтағы балуанымыз бұл жолы тұсаукесер кезде­суінде сүрінді. 29 жастағы Галбадрах Азияның екі дүркін чемпионы, қытайлық Ли Янанның қарқынына шыдай алмады. 

Міне, Қазақстан татами шеберлерінің Токиодағы көрсеткіштері осындай. Әйелдер дзюдосы елімізде тым баяу дамып жатқаны белгілі. Біраз жылдар бойы біз тек Галбадрахқа сенім артып келдік. Оның өзі Моңғолиядан келген легионер. Өкінішке қарай, өз қыздарымыз халықаралық додаларда тым сүреңсіз өнер көрсетуде. Осы 30 жыл ішінде ең болмағанда бір бұрымдымыз Олимпия ойындары немесе әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріле алмады. 

Ал ерлер құрамасы Олимпиада мен әлем чемпионаттарында ара-тұра өз жанкүйерлерін қуантуда. Бірақ солардың арасынан тек Елдос Сметов қана тұрақты нәтиже көрсетіп жүр. Өткенге зер салсақ, Олимпия ойындарының тарихында Қазақстанның үш дзюдошысы ғана жеңіс тұғырына көтеріле алғанын байқаймыз. Алғаш рет бұл белес 2008 жылы Бейжіңде Асхат Житкеевке бағынса, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Отгонцэцег пен Елдостың асығы алшысынан түсті. Одан бұрын, яғни 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Айдын Смағұловтың атой салғаны есімізде. Алайда ол Қазақстанның емес, Қырғызстанның туы астында өнер көрсеткенін естен шығармайық. Сол себепті де бұл табыс «айыр қалпақты» ағайындарымыздың еншісіне жазылды.

Токио Олимпиадасында Қазақ­стан­ның намысын қорғаған Ерлан Серікжанов, Жансай Смағұлов, Дидар Хамза және Ислам Бозбаевтың қай-қайсы да ұлттық команда сапында біраз жылдан бері тер төгіп жүргені белгілі. Мемлекет тарапынан белді балуандарымыздың еш алаңсыз жаттығуына барлық жағдай жасалып, олар аса ірі халықаралық жарыстарға үздіксіз қатысуда. Жасыра­тыны жоқ, Жапонияда біз бұл жігіттерден әлдеқайда зор нәтиже күткен едік. Бірақ ел сенімін тек Елдос қана ақтады. Тата­миде жанын салып айқасқан ол өзінің еңбегіне сай жүлде алды. Ал өзгелері жарты жолға жетпей сүрінді.

«Токиодағы сәтсіздігіміздің себебі неде?» деген сауал қазіргі кезде көпші­ліктің көкейінде тұр. Жігіттеріміз жігер­сіз бе, әлде аса жауапты жарысқа өз шәкірт­терін дұрыс даярлай алмаған бапкер­лердің білімі мен білігі кем бе? Немесе дайындық жұмыстарын жүргізу бары­сында ағаттық кетті ме? Бәлкім, бар­лығына осы спорт түрінің тізгінін ұстаған азаматтар кінәлі шығар? Федерация басшылығы тарапынан дұрыс бақылау, дұрыс қадағалау болмай, жұмыс жүйелі түрде жүргізілмегендіктен, бапкерлер мен балуандар босаңсып кеткен болар? Бұл – бір жауабы жоқ сұрақтар! 

Жалпы, Токио Олимпиадасында жапон жігіттері бес салмақ дәрежесінде бас жүлдені олжалап, өздерінің мықтылығын түбегейлі мойындатты. Жапония – дзюдоның отаны саналғанымен, бұрын-соңды дәл осындай орасан зор табысқа олардың қолы жетпеген. Нақты деректерге сүйенсек, 1984 жылы Лос-Анджелесте Күншығыс елінің қырандары төрт рет топ жарса, тағы бес жарыста үш реттен дара шықты. Ең үздік нәтижелері осы. 2008 жылы Бейжің және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қос алтынды қоржынға салса, 2012 жылы Лондонда сол елдің бірде-бір балуаны бас жүлдені олжалай алмады. Ал бұл жолы Наохиса Такато (60 кило), Хифуми Абэ (66 кило), Сехей Оно (73 кило), Таканори Нагасэ (81 кило) және Аарон Вольф (100 кило) сынды бес бірдей дүлдүл теңдессіз деп танылды. Сондай-ақ Токио төрінде грузиялық Лаша Бекаури (90 кило) мен чехиялық Лукаш Крпалек (+100 кило) те алтын тұғырдан қол бұлғады.

Жалпыкомандалық есепте Жапо­ниядан кейінгі сатыға Грузия құрамасы жайғасты. Қап тауы бөктерінде орна­лас­қан шағын ғана мемлекет өкілдерінің өжеттігі мен табандылығына таңданбау мүм­кін емес. Бір алтыннан бөлек бұл елдің тағы үш апайтөсі күміс медальді мойындарына ілді. Олар – Важа Маргвелашвили (66 кило), Лаша Шавдатуашвили (73 кило) және Гурам Тушишвили (+100 кило). Жер-жаһанның әр қиырындағы жанкүйерлер «Токио-2020» додасы барысында айтулы қос мемлекеттің өрендерінің теңдессіз өнеріне тамсанды.

Әйелдер арасында да Жапония құрамасы алдына жан салмады. Күншығыс елінің арулары төрт салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді. Атап айтсақ, Ута Абэ (52 кило), Тидзури Араи (70 кило), Сори Хамада (78 кило) және Акира Сонэ (+78 кило) алтыннан алқа тақты. Екінші орында – Косовоның қыздары. Бір айта кетерлігі, бұл елден Олимпия ойындарына небәрі 11 өрен ғана қатысты. Солардың арасынан Дистрия Красники (48 кило) мен Нора Гякова (57 кило) суырылып шығып, ғаламдық доданың жеңімпазы атанды. Алақандай жері, небәрі 1,8 миллиондай ғана халқы бар албандар үшін бұл ғаламат табыс екені сөзсіз. Қарайсың да сүйсінесің! Тағы бір алтынды Францияның әйгілі балуаны Кларисс Агбеньену (63 кило) еншіледі.

Міне, жоғарыда аталған мемлекеттің өрендерінен бізге де үлгі алу керек. Әсіресе, дәл осы дзюдо күресінде. «Өзіміз-ақ қатырамыз» деп бекерге даурыға бергенше, солардың оңды тәжірибесіне сүйене отырып, жаттығу жүйесін дұрыс жолға қойсақ, еш ағаттығы жоқ деп ойлаймыз. Қазақшалап айтсақ, жақсысын үйренейік, жаманынан жиренейік. Тек сонда ғана біздің қыздар келешекте косоволықтар секілді күресіп, жігіттеріміз жапондар немесе грузиндер секілді татамиде жандарын салып айқасатын шығар...