Елордадағы Ұлттық музейде Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің «Қылқалам ұшындағы құдірет» атты көшпелі көрмесі ашылды.
Көрменің мақсаты Қазақстанның бейнелеу өнері мен мәдени мұрасын көркемсурет музейі қорындағы туындылары арқылы насихаттау.
Мазмұнды іс-шараның ашылуында Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин қоғамның дамуы мен өркендеуі сол елдің мәдениетіне байланысты екенін айта келіп: «Қазір елімізде көркем өнер туындыларына айрықша көңіл бөлінуде. Бейнелеу өнерінің кең қанат жайып келе жатқаны осыған дәлел болса керек. Егемендік алғаннан бері қазақстандық қылқалам шеберлерінің жұмыстарына қызығушылық артып келеді. Сол себепті осы көрмені ұйымдастырып отырмыз», деп атап өтті.
Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы көрменің жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген Ұлттық музей ұжымына алғысын айтып, мұражай қорына белгілі суретші Манарбек Дәулетиярдың «Қыздар» атты картинасын сыйлады.
Көрмеге жоғарыда аталған өнер музейі қорындағы елімізге танымал талантты қылқалам шеберлерінің жетпіске жуық жұмысы қойылды. Олардың дені Отанды, туған жерді және ұлттық дәстүрді дәріптеуге арналған. Әр туындының өз тарихы бар. Мәселен, Махамбет Өтемісұлына арналған, ауыл тіршілігін бейнелеген еңбектер келушілердің қызығушылығын туғызды.
«Егемен-ақпарат»