• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 15 Тамыз, 2021

Қыдырымпаздар қатты ауырып жатыр

3231 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында ко­ронавирус инфекция­сын жұқтырып, ауыр хал­де ауруханаларға тү­сіп жат­қан науқастар саны күн өткен сайын кө­­бе­йіп келеді. Мұн­дай мә­лім­демені об­лыс­тық Ден­сау­лық сақ­тау басқар­ма­сы­ның басшысы Гамаль Тоқ­сам­баев өңірлік ком­муни­кациялар қызметінде өткен брифингте жасады.

Өңірдің бас дәрігері жағдай­дың бұлайша қалып­та­суының бір­қатар себебін атап көрсетті.

– Өкінішке қарай, соңғы уа­қыт­та бізде ауыр науқастардың жұқ­палы аурулар ауруханала­ры­на түсуі жиілеп кетті. Ықти­мал байланыстарды талдау ке­зінде науқастардың Бура­бай, Баянауыл, Балқаш сияқ­ты жер­лердегі демалыс орында­рынан кел­гені немесе түрлі мере­ке­лік отырыстарда болғаны анық­талды. Бұдан бөлек нау­қас­­тардың көбі ауырғанын сезін­генмен, ұзақ уақыт бойы меди­ци­налық көмекке жүгінбей жүріп алады. Ауруханаға тыныс алу жеткіліксіздігі, әлсіздік, айқын интоксикация өршіген кезде ғана келеді, – деді ол.

Қазіргі уақытта облыстағы инфекциялық төсек-орын­дар­дың 52,7%-ы бос емес екен. Стационарларда жаман тұмаумен ауы­ратын 3 мыңға жуық нау­қас емделуде. Жансақтау бөлім­ше­ле­ріндегі 163 ауыр науқастың 45-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Індеттің өршуіне байланысты, кеншілер астанасында медициналық көмек көрсету үшін қосымша 380 төсек-орын ашылды. Қала бойынша жалпы қуаттылық 2 971 төсек-орынға дейін ұлғайтылған, оның 58%-ы қазір жұмыс істеп тұр.

Г.Тоқсамбаев жедел ме­дици­на­лық жәрдем бригада­ла­рының с­анын арттыруға мәжбүр болып отырғандарын атап өтті. Неге десеңіз, соңғы кездері тұрғындар тарапынан шақырулар тым жиілеп кеткен. Қазір жедел меди­ци­налық көмектің 105 бригадасы халыққа қызмет көрсетіп жүр. «Қажеттілік болса, тағы 20 бри­га­­даны желіге шығара аламыз», деді ведомство басшысы.

Өкініштісі сол, қазір кей­бір тұрғындар коронавирус ин­фек­ция­сының алғашқы белгі­ле­рі пайда бола бастағанда бірден медициналық көмекке жүгінбей, өздері үйде өз беттерімен емделіп, ауруды асқындырып алады екен. Бұған қоса тұрғындардың вакцина салдыруға салдыр-салақ қарауы да жағдайдың күрделене түсуіне зардабын тигізіп жатыр.

Брифинг барысында облыс­тық Денсаулық сақтау басқар­масының басшысы пандемиямен күресудің ең тиімді амалы вакцина алу екенін жұрттың есіне тағы бір мәрте салды. Алдағы уақытта облыстың 42 мың тұрғыны Қы­тай­да шығарылған Vero Cell вакцинасын салдыратынын айтты. Аталған препарат жақын арада жеткізілетін көрінеді.

– Sinopharm компаниясы өндір­ген Vero Cell вакцинасының 84 мың дозасын күтіп отырмыз. Бұл – екі фазалы препарат. Вакцинаны облысымыздың 42 мың тұрғыны алады деген жоспарымыз бар, – деді Г.Тоқсамбаев.

Қытайлық Vero Cell вакцинасын осы жылдың 7 мамырында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдағанын айта кеткен жөн. Шілде айында бұл COVAX вакциналар банкіне кірді.

Сонымен қатар облыста ресей­лік Спутник V вакцинасы мен отандық QazVac препараты да бар. Сондай-ақ басқарма бас­шысы Hayat-Vax және CoronaVac вакциналарының екін­­ші компоненті тек алғашқы доза­сын алған және иммундауды аяқ­таған адамдарға қолжетімді екенін айтты.

Соңғы мәліметтерге сай, Қа­ра­­ғанды облысында коронави­рус инфекциясына қарсы вакци­на­­ның бірінші компонентін 432 331 адам, екіншісін 322 175 адам алған.

Еске салар болсақ, Қара­ған­ды облысында пандемия басталғаннан бері 70 мыңға жуық адамның жаман тұмаумен ауырғаны ресми тіркелген. Оның ішінде науқастардың 79%-ы жазылып шықты. Ал өткен тәулікте облыстың 1 127 тұрғынының коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Аталған сырқаттан 835 адам сауығып шыққан.

Қарағанды облысы