«Мен 1951 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданының Орталық деген ауылында тудым. 1970 жылы өзіммен қатарлас жігіттермен бірге әскерге алындым. Алдымен Петропавл қаласына жиналдық. Қазақ жігіттері өте көп еді. Көрші ауылдардан Нияз Жоламанов, Нұрлан Асайынов және басқалар болды.
Бізді Семейге апарады дегенге өзіміздің жерде болады екенбіз деп қуандық. Алайда ядролық полигонға баратынымызды білген жоқпыз. Біздің әскери мекенжайымыз «Семипалатинск-21» деп аталды. Нұрлан Асайынов «Балапан» алаңында болды. Мен оны көріп жүрдім, ал өзім «Г» алаңында болдым. Бұл – Дегелең тауының етегі. Осы алаңда 1961 жылдан 1989 жылға дейін жер астында 209 жарылыс жасалыпты. Ол орын – бізден 10-12 шақырымдық жер. Біз әскерде болған уақытта айына 2-3 реттен жарылыс болатын. Тауды бұрғылап тесіп, бірнеше метрлік ұңғыма орнатылады. Бомба соның ішіне қойылып, жан-жағын, үстін қиыршық таспен көміп, бетондап бекітіп тастайды. Шақпақ сырттан жуан, қалың кабельдер арқылы беріледі. Кабельдің өзі бірнешеу болады, өйткені біреу болса жарамсыздық шығып, іске аспай қалуы мүмкін. Сондықтан бірнеше кабель шығып тұрады. Барлық қазу, көму жұмыстарын біз – құрылыс батальонының солдаттары атқарамыз, арамызда азаматтық киімдегі мамандар да жүреді. Олар бізге команда беріп, қалай жұмыс істеу керектігін айтып тұрады.
Жарылыс болатын күні бізді сақтандырып, бүкіл гарнизонды сапқа тұрғызып қояды. Солдаттар тасымалдайтын жүк машиналарының борты ашылып, бізді тиеп әкетуге дайын тұрады. Өйткені желдің бағыты өзгеріп, бізге қарай соғатын болса, барлық иондық сәуле бізге құйылады ғой. Жерасты жарылысы болса да «саңырауқұлақ» аспанға көтеріліп, жан-жаққа тарайды.
Жарылыс болған кезде жер орасан күшпен солқ ете қалып, тау жылқы сілкінгендей дүрілдеп, селкілдеп кетеді. Біз тұрған жер толқын-толқын болып дүрілдеген дауыспен, шайқалып кетеді. Шыңғырған орасан қатты дыбыс шығады. Сапта тұрған солдаттардың кейбірі отыра қалады, қорыққанынан жылап жіберетіндер де болады. Ауыздарынан, мұрындарынан, құлақтарынан қан ағатындар да көп болды. Осындай жағдай бірер минутқа дейін созылады. Бәріміз есеңгіреп, денеміз дел-сал болып, алғашқы сәттерде аузымыз құрғап, тіліміз сөзге илікпей қалады. Офицерлер зиянсыз деп айтқанымен, өз басымыз оның қатері бізге қатты тигенін сезінетінбіз.
Бізге ешқандай арнайы тамақ та берген емес. Кофе мен шоколад бөлінеді дейді, оны офицерлер өздері бөліп алатын болса керек, біздің көзіміз де көрмеді. Кейбіреулер: «Сендерге радиациядан қорғану үшін арақ, спирт құятын шығар», деп сұрайды. Бірақ ондай болған емес. Егер арақ берсе, солдаттар сол жерде «қызып» алып, қызыл қырғын жасауы мүмкін еді. Өйткені біз өзімізді «тәжірибелік қоян» сияқты пайдаланғандарын білетінбіз. «Америка дауысы», «Азаттық радиосы» дегендерден солдаттардың ешқандай қорғалмай, тұрғызылып қоятыны айтылатынын естіп, ашуланып жүрдік. Тәжірибелік иттер де көп болды. Оларды сынақтан кейін сонда апарып жатады.
Таудың тастары жарылыстан кейін қып-қызыл болып кетеді. Дегелең кезінде әжептәуір биік тау болған екен, артынан жермен-жексен болып кетті деп естідім. Біз болған кездің өзінде ол сап-сары болып тұрған биіктеу төбе сияқты еді. Таудың күйіп кеткенін содан біліңіз.
Полигонның аумағында елді мекендер болмағанымен, мал жайылып жүреді. Бізден 35 шақырымдай жерде Қарағанды облысына қарайтын Сарыжаз деген ауыл бар. Сол ауылда қой фермасы болды.
Полигонның сырты қоршалмаған, бәрі ашық, тек патруль сырттай қарап жүреді».
Бұл әңгімені бізге Солтүстік Қазақстан облысындағы Семей ядролық полигонында зардап шеккендер бірлестігінің төрағасы Асхат Төлепбергенов ағамыз айтып берді. Қазір аталған ұйым құрамында 168 адам бар. Олардың бәрі бірдей жеңілдік ала алмай жүр екен. Себебі №14387 немесе №65538 әскери бөлімдерде болмағандарға Семей ядролық полигонында зардап шеккен деген мәртебе берілмейді. Ол үшін Ресейдің Қорғаныс министрлігінің архивіне сұрау салу керек. Ал ондағылар оңайлықпен жауап бере қоймайды. Қысқасы, қазір Қызылжар өңірінде небәрі 26 адам ғана жеңілдік алады екен. Соның ішінде 4-уі – екінші, 13-і – үшінші топтағы мүгедектер. Асхаттың өзі де үшінші топтағы мүгедек.
«Қатарымыз жылдан-жылға сиреп барады. Көбі өмірден тіпті жас кетті. 2016 жылы әскери комиссариаттан алған есеп бойынша 850 адам едік. Былтыр 430 адам ғана қалдық. Соның 168-і – бірлестікке мүше. Менімен бір ротада Петропавлдан 8 жігіт болып еді, қазір жалғыз қалдым», дейді ол.
Зардап шеккендердің мұқтаждықтары аз емес. Оларға арнаулы мәртебе берілмеген. Чернобыль ядролық полигонында зардап шеккендермен бірге аталады. Арнайы мәртебесі болмаған соң ескерткіш орнатуға да рұқсат берілмепті. Көптеген азаматтар тиісті жеңілдіктерге де қол жеткізе алмай жүр екен. Өз проблемаларын айтып депутаттарға да, Үкіметке де жазған, бірақ содан нәтиже болмай отырған көрінеді.
Дегенмен бірлестік өз мүшелеріне билік пен қоғамның назарын аудару жолында белсенді қызмет атқаруда. Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына байланысты жергілікті әкімдік пен облыстық ардагерлер ұйымының көмегінің арқасында мерекелік медаль жасатыпты. Бірлестік белсенділері қазір қала мен аудандарға шығып, аз да болса көңілге жұбаныш болсын деген ниетпен соны зардап шегушілердің төсіне қадап жүр.
Бейбіт заманда кеңес өкіметінің озбырлығын көріп, түрлі ауру-сырқауға ұшырап, өмірмен ерте қоштасып жатқан Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерге қамқорлық аясын кеңейтетін кез жеткен сияқты. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, оны таратпау жөнінде әлемдік деңгейде белсенділік көрсетіп жүрген егемен еліміз бұл мәселеде де өзгелерге өнеге болса, құба-құп.