Нұр-Сұлтан қаласының Самал шағын ауданында 51 жастағы ер адам жолдан тыйым салынған жерден жүгіріп өтіп, автомобиль доңғалақтарының астына түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап кетті. Кадрларда қайғылы жағдай бағдаршаммен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінен шамамен 150 метр қашықтықта болғанын көруге болады.
Полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты 16 тамызда сағат 22.21-де орын алған.
«Toyota Camry маркалы автокөлігін басқарған 19 жастағы жүргізуші Кенесары көшесі жағынан Республика даңғылымен келе жатып, 51 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Ол көлік құралының қозғалысы бойынша жолдың жүру бөлігін оңнан солға қарай, белгіленбеген жерде кесіп өткен», деп хабарлады департаменттен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Аталған факті бойынша анықтау жүргізілуде.
Полицейлер қала тұрғындарын жолда қырағы болуға және жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырады.