• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2014

Украинадағы қақтығыстардан 100-ден аса адам жарақат алды

260 рет
көрсетілді

Украинада жиын өткізу туралы қабылданған заң жаңа наразылық толқынын тудырды. Бұл туралы Azattyq.org хабарлады.

Енді оппозиция жетекшілері үкіметті өзгерту туралы ғана емес, қайта президенттік сайлау өткізу туралы да талап қоя бастады.

19 қаңтарда жиын өткізуге қатысты Украина президенті бекіткен заңға қарсы ондаған мың демонстрант Киевтегі Тәуелсіздік алаңына жиналды. Оның арты ереуілшілер мен тәртіп сақшылары арасындағы қақтығысқа ұласты.

ИТАР-ТАСС агенттігінің ақпары бойынша, Киев орталығындағы «Динамо» алаңы маңында демонстранттар мен «Бүркіт» арнайы жасағының сарбаздары арасындағы 16 сағатқа созылған қызу ұрыстың салдарынан екі жақтан 100-ден аса адам жарақат алған.  Ереуілшілер полиция жасақтарының қоршауындағы парламент ғимаратына қарай өтпек болған тағы бір топ тәртіп сақшыларын таяқтың астына алған. Құқық қорғау органының өкілдері наразы топты газ шашып таратпақ болды. Қақтығыс кезінде ереуілшілер ішкі істер министрлігінің төрт автобусы мен екі жүк көлігін өртеп жіберген. Украина оппозициясы жетекшілерінің бірі Виталий Кличко жиын өткізу туралы жаңа заңды «заңсыз» және «конституцияға қарсы деп сипаттады. «Біз өте маңызды шешім қабылдауға тиіспіз. Біріншіден, 16 қаңтарда «Аймақтар» партиясының ұсынысы бойынша парламент мүшелері қабылдаған заңдарды жарамсыз және заңсыз деп танимыз. Екіншіден, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу мәселесін дауысқа салуымыз керек. Үшіншіден, сайлау ашық, әрі әділ өтуі үшін Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін ауыстыру қажет» – деді Виталий Кличко. Сондай-ақ ол демонстранттарды полицияның күш қолдануына түрткі болатындай арандату әрекеттеріне бармауға шақырды. Украина оппозициясы Виктор Януковичті «диктаторлық билік жүйесін орнатпақшы» деп есептейді. 16 қаңтарда Янукович қол қойған жаңа заң ресми рұқсатсыз қоғамдық жерлерге шатыр тігуге, сахна құруға және дауыс зорайтқыш қоюға тыйым салады. Сонымен қатар, жаңа заң бойынша демонстранттар беттерін бүркемеуі тиіс. Осы жолғы наразылық шеруіне шыққан ереуілшілер заңды әжуалап медициналық маска мен құрылысшы каскаларын киіп шықты. Бастарына ыдыс-аяқ киіп шыққандар да болған.  Жаңа заң бойынша, «қоғамдық тәртіпті бұзушыларға» 15 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған екен. Бұл заңның қабылдануына кедергі келтіру үшін жергілікті демонстранттар депутаттарды парламент ғимаратына өткізбеуге тырысып, электрондық сайлау жүйесінің жұмысына кедергі келтірмек болған.

Айдар Өрісбаев.

Дереккөз: Azattyq.org

Фото: Itar-tass.com

Соңғы жаңалықтар