Орал қаласында екі жеңіл көлік бір-біріне соғылып, 5 адам зардап шекті, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жол апаты 17 тамыз күні сағат 08.00-де Желаев жолында болған. «ВАЗ-2112» және «Лада Гранта» автокөліктері соқтығысты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жол апаты салдарынан 5 адам зардап шекті. Жеңіл дене жарақатын алған 11 жастағы қыз, 24 және 27 жастағы жігіттер облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер тиісті көмек көрсетіп, амбулаторияға жіберді. 13 жастағы қыз бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. 44 жастағы әйел бас пен мидың жабық жарақатын алып, тобығы сынған. Ол облыстық аурухананың травматология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр.
Түске қарай жол апатының тағы бір оқиғасы анықталды. Сағат 10.56-да Абай және Н.Назарбаев даңғылдарының қиылысында №2 бағытпен келе жатқан «МАЗ» автобусы бұрылу кезінде «Ауди» автокөлігіне соғылды.
20 жастағы «Ауди» жүргізуші қарсы бағытта келе жатқан. Салдарынан автобус жолаушысы жеңіл жарақат алып, облыстық ауруханаға жеткізілді.
Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 610-бабына сәйкес хаттама толтырылды.