• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Әлем 18 Тамыз, 2021

Тіл табысу күні

580 рет
көрсетілді

Әлем кейінгі екі жылды ауыр өткеріп жатыр. Күннің әр сәті – елең-алаң, апақ-сапақ секілді. Оған себеп, әрине, 2019 жылы алғашқы белгілері байқалған коронавирус індеті. Осы індет алып келген жаһандық пандемия әлемде экономикалық тұрақсыздықты, саяси солқылдақтықты, қоғам мен адам, адам мен адам арасындағы келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктерді тудырды.

Тіпті өзара сенімсіздік адам мен адамның ғана емес, әлемдік қоғамдастық пен жекелеген елдердің, мемлекет пен адамдардың арасындағы алауыздыққа алып келуде. Ақпараттар ағынын бақ­қанда, ортақ мәміленің жоқтығы мен жаппай ымырасыздықты анық байқайсыз. Келіссөздер үстелі көбіне бос тұратын ахуал қалыптасты.

Адамдар әрдайым әлемді өзгертуге ұмтылатын. Міне, көзіміз көргендей, ке­йінгі екі жылда дүние шын мәнінде өзгерді. Бірақ бұл өзгерістерге біз, адамдар, дайын болмай шықтық.

Дүние жұрты 18 тамызды – Тіл табысу күні, ортақ тіл күні ретінде атап өтіп келеді. Әлемде, әрине, ортақ тіл жоқ, жаппай тарағаны да, жасандысы да ол міндетті арқалай алмайды. Адам – сансыз көп, сан алуан. Сол көп жұрт­та мүдде де, мақсат та ортақ болмайды. Бірақ ұқсас арман мен үміт болады емес пе?! Әсіресе ол бейбітшілік пен ты­ныш­тық­қа, сәбидің ұйқысы мен күл­кі­сіне, адамзат баласының болашақ тағ­дырына қатысты болғанда тіпті ұқса­сып, ұйқасып кетпей ме?!. Ал осыған қауіп төнгенде қорқыныш пен үрей де ортақ болады ғой.

Міне, бұл атаулы күннің негізгі мағы­насы да осында, тілің басқа болса да, тілегің бір, дінің басқа болса да, жүрегің бір болмақта жатқандай.