• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 18 Тамыз, 2021

Жүрек поэзиясын жазған ақын

921 рет
көрсетілді

Өлеңдегі әуен туралы сөз қозғағанымызға да бірталай уақыт болды. Уақыт пен кеңістіктің арасын жіпсіз жалғап тұрған жалғыз ұғым да осы әуен болса керек. Ақын өзі айтқысы келген ойдың ішінде әуен төгіліп тұрады. Оны есту түйсігі жоғары адамдар ғана тез аңғарады. Мексикалық ақын Октавио Пас бұл турасында өз көзқарасын былайша тарқатады: «Бір шумақ өлеңді түсіну үшін алдымен оны есту керек, естігенде құлақпен емес, сана түйсігімен естіген дұрыс. Әр өлеңнің әуені әртүрлі». Бұған біздің тараптан қосарымыз, кей өлеңнің әуенін қайта-қайта естуден жалықпайсың. Біздің әдебиетімізде әне сондай әуезді, сиқырлы жырлар жазған ақынның бірі – Мейірхан Ақдәулетұлы.

Мейірхан поэзиясы «Шынайы ақын қандай болу керек? Шынайы поэзия ше?» деген ұлы сұраққа жауап бере алатын шоқтықты, абыройлы поэзия. «Ақын деген желде тербелген мәуелі ағаш сияқты, одан алуан түрлі әуен шығуы мүмкін» дейді Пастернак. Мейірхан Ақдәулетұлы жырларындағы әуен өзге емес, өз ұлтының жүрегінен шыққан әуен, ызалы да әлденеге ынталы үн.

«Ілінерде күннің қызыл кірпігі,

Дертім менің меңдеді.

Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні,

Өлтіріспе сен мені!

Мұса, Ғайса, Мұхаммедтің көп ішкен

Тауыспаған кермегін.

Жұтам үнсіз,

Үмітім жоқ жеңістен

Көзімнен сүй сен менің...

Ернім емес, ет жүрегім кезеріп,

Жоқ сусынға шөлдеппін.

Ажал-құрдас ақ мылтығын кезеніп

«Кеттік!...» десе – мен кеттім.

Бізге неге баянсызды аңсаттың...

Ей, есі бар құдірет?!

Босқа налып, болмашыға шаршаппын,

Көзімнен сүй бір рет!».

Өлең осылай жалғаса береді. Оқып отырып поэзия сынды саф өнердің адамның жүрегіндегі шындықты қаз қалпында жеткізуге талпыныс жасайтын қасиетіне бас игіңіз келеді. «Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні, Өлтіріспе сен мені!» деп жазу үшін де ақын қаншама рет ой арпалысына түсті десеңізші! Осы сәтте Мағжан Жұмабаевтың «Әлдиле, өлім, әлдилесі» есіңізге түсе кетеді. Мағжаннан Мейірханға дейінгі аралықта біздің әдебиетте қанша өлең жазылды, қаншама шер айтылды? Бірақ елдің есінде қалған өлеңдер санаулы ғана. Мейірхан өлеңіндегі дерт ұғымы ақынның жеке басының дерті емес, тұтас ұлттың дерті, қайғы-қасіреті, наласы. Ақынның туған халқына деген ыстық ықыласы өлеңде көрініс табады, сол арқылы халық жүрегіне жетеді. Жасандысы көп мына жалғанда ұлтының тағдырын, тіршілігін, мұңын аз білетін ақынның қаламынан мұндай отты жыр тумайды. Ақдәулетұлының ақық жыры үрлеген сайын лаулайтын, жанып біткенше сөнбейтін қарағай шоғын көз алдыңызға елестетеді.

«Ақты жұлдыз тас төбемнен «ағалап»,

Арашаға түспедім.

Салдақы түн сақ-сақ күлді табалап,

Бармағымды тістедім.

 – Жаз өтті деп жасыл бояу жылайды –

 Мен қайтейін, сарғаяр.

Қарғағансып қараңғыны-Құдайды –

Қалтыраған шам да – аяр».

Аумалы заманда ұлттың өзегіне түскен жара ақындардың да жүрегін қарып түскені шындық. Қазіргі қоғамда өлең жазуға құштар адамдар өте көп, ал сол жазғандары үшін қымсынатындар саусақпен санарлық. Өлеңнің бастауы – үлкен қуаныш пен ауыр қасірет. Мейірхан Ақдәулетұлы өлеңдеріндегі батылдық пен сыршылдық ешкім айта алмаған сөзді ескі бише жеткізе айтуға шебер. Өлеңнің тұтас болмысы айна болып қателігіңді алдыңа жайып салады, ағаттығың анадайдан айқай салады. Тағы оқисың, тағы сол жабығу.

«Әлің жетсе, жанарыңды ала қаш –

Әйел! Әйел...

Әйел тұттай жалаңаш!

Әйел емес, күллі әлем тұр алдымда,

Күнәсі мен қасиеті аралас.

Әлде қатер, әлде ләззат, әлде мұң,

Жыр оқуға жетпей қалды дәрменім.

Жүдемедім жалған сопы жүзденіп,

Күнәһарға құны тиын сәлденің.

Шарап бар ма?

У қоссаң да, құй бәрін,

Алты құрлық, төрт мұхитты сыйладым.

Арыстанның өзі-ақ едім ал мұны,

Алаңғасар сезім, саған қимадым».

Ғапыл жүректің үні алысқа жеткісі келеді, жетеді де. Қараңғы мен құдайдың арасындағы аралықты ешкім өлшеп, бағамдап бере алмайды, тек ақынның жыры ғана сөзбен кестелейді. «Әйел емес, күллі әлем тұр алдымда, күнәсі мен қасіреті аралас» деген тармақтар біздің тағдырымыздың шимайланған сызықтары емес пе?! Мүлгіп бара жатқан ұяттың, қалғып тұрған сананың, қараң­ғылануға бет алған қоғамның ең соңғы сәтін өлеңге айналдырып тұрған ақынның сөзі осындай ауыр да ойлы болмай қайтсін?!

Достоевскийше айтсақ: «Ойдың сыртқа шығуы керек-ақ». Бір сөзбен айтқанда, Мейірхан ақын өлең жазу мен өлең жазбаудың қасіретін айыра білетін ақыл иесі. Ақындық сезімінің қуаты жазған жырларында сыр беріп тұрады. Оның поэзиядағы еркіндігі шыншылдығында жатыр. Нені жазу мен нені жазбауды жете түсіне білген ақын ескірмейтін өлеңдерге иелік ете алды.

«Табылмады менен күткен көп арман,

Түгендейсің қайбірін...

Мен түсіңе еніп, кенет жоғалған

Елесі екем қайғының.

Дарындылар шақ шыдайтын кеселдің –

Шын сүюдің уынан.

Менімен бірге ұрттап ең, неше өлдің,

Әлі өртсің ... мен суығам».

Ұлт мүддесін сөз ету – Абайдан басталған мәңгілік тақырып. Оның шегі де жоқ. «Поэзия дегеніміз уақыттың терең қабаттарында, оның қара топырағының астында қалып қоймау үшін соның өзін жарып жіберетін соқа тәрізді», дейді Осип Мандельштам. Сөздің құдіреті бәрін айқындап беретін сәт туды. Алда сөздің сиқырын түсініп, сонымен ақылға иланатын мезгіл жетеді. Түнек түнді түріп, жерге қарай құлап бара жатқан жарық жұлдызды елестетіңізші, Мейірхан Ақдәулетұлы поэзиясы әне сол жарық жұлдыздай біздің сана­мыз­дың көгіне ағып түседі. Оның жырлары қазіргі әдебиетіміздегі батылдық дәуірінің бас­тауы, тұмасы іспетті.

«Құмда қалған ізіңді құтырған жел өшірген!

Құшағыма бұйырған өзің еме-ес!

көшірмең.

...Көктемдердің барлығы күз боп

өлер түнеріп... –

Біз өтіппіз өмірден.

Ғашық едік – тірі едік.

Жылағансып қайтесің,

Не демекші ең кереңге –

Өзім жанып, жоғалып,

Налам қалды өлеңге».

Мейірхан Ақдәулетұлының жырлары көбінде адамның ішкі жан дүниесін ашуға ұмтылыс жасайды. Өшіп бара жатқан шындық отын сөндірмеуге талпынады. Сөздің күшін, ойдың шексіздігін пайдаланып, табиғаттың әр болмысын қалпында сақтауға жұмылдырғысы келеді. Оның өлеңіндегі бұлақтай таза мөлдірлік, жусан иісті сезім, шар болаттай төзім бәрі де бізге нағыз өлеңнің қалай болатынын түсіндіріп берді. Қоғамды бақылаудан жалықпайтын ақын жыры асқақ қалпында әр жүрекке сәуле шашады, жатталады. Демек, шын өлеңді түсіндірудің қажеті шамалы, оны түсіну керек. «Жүрек деп жүргеніміз жапсарлас екі бөлмеден құралған үй сияқты, бір бөлмесінде қасірет, тағы бір бөлмесінде қуаныш пен шаттық орналасқан», дейді Кафка. Мейірхан Ақдәулетұлының да жүрегі осы екі «бөлмеден» тұрады, қасіреті жеке басының емес, ұлтының, елінің, жерінің мұңы, ал шаттығы тағы да сол ұлтының шаттығы, қуанышы. Сол үшін де ол – жүрек поэзиясын жазған шын ақынның бірі.

 

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН