Қапшағай дәмханасында төбелес шығарған бұрынғы полиця қызметкерлері ұсталып, УҰИ-ға қамауға алынды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Құдебаев онлайн қабылдау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Күзетшілерді ұрып-соғу бейнежазбасы біздің қызметкерлеріміздің осы қылмысқа қатысы бар екеніне күмән тудырмайды. Біз оларды жұмыстан шығардық. Кафенің барлық қызметкерлері жауапқа тартылды, олар өз тараптарынан бұзақылық әрекеттерін растады. Зардап шеккен екі күзетшіден қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арыз түсті. Біз сараптама тағайындадық. Біз алдағы уақытта да барлық заң бұзушылықтарға, тіпті өз қатарымызда да дереу әрекет ету ұстанымын ұстанатын боламыз. Барлық қызметкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Кеше олар ұсталып, УҰИ-ға қамалды», деп атап өтті Серік Күдебаев.
Еске сала кетсек, 11 тамыз күні түнде Қапшағай қаласындағы кафеге кіре берісте бірнеше адам екі күзетшіге шабуыл жасаған болатын. Жекпе-жек сыртқы бейнебақылау камераларына түсіп, кейін кадрлар әлеуметтік желілерде таралды. Төбелес шығарғандардың Қапшағай полиция бөлімінің жедел уәкілдері екендігі хабарланды.