• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 19 Тамыз, 2021

Нонсенс

997 рет
көрсетілді

Қызық, түк те қызық емес! Өзі жұмбақ дүние, оны шеше алмай біз де жұмбақ болып барамыз. Қазақ әлсіздігін жеңу үшін Махамбетті оқу керек деседі. Сол рас па екен!? Өлеңді қалам емес, өмірдің өзі жазады. Пенденің тағдырына Тәңірдің қатысы болса, біз неге қателесе береміз? Сосын әлбетте Құдайдан кешірім сұраймыз. Бәрін біле тұрып… Миллениум ішіндегі миллион мағынасыздық… Мазмұнсыз ғұмырдың іш пыстырар мінезінен мезі болған жоқсыз ба? Сіз?

О, баста тақырыпты тап бұлай қоямыз деп ойламағанбыз. Ар­ты­н­ан әлдене көзге суық тарт­қан­дай болды. Мына меңіреу дүниенің мең-зең етер үнсіздігін баяғыдай қаланың шуылы емес, әлеуметтік желінің айқайы бұзады. Маңыраған қой мен жамыраған төлдің бәрі де сонда. Құзғын сәрі­ден көңілді жүдетеді. Алқара ас­пан­ның ақ­бауыр бұлтын жарып шыққан күннің жан жылытар несі қалды!? Бірде – ашық, бірде – салқын, бірде – жаңбыр, оған да әдеттендік. Ай да бұрынғыша өз ор­нынан шығады, өз мекеніне асық­пай, аяңдап барып батады. Тек жұмыр жердегі есті пенде ғана баяғыдай емес. Адамзат жел қуалап, көлеңкесімен алысып жүргендей...

Кеше атақты актер Арнольд Швар­ценеггер қоладан құйылған өз мүсінінің астында ұйықтап жатқан суретін жариялады. Жан жылытар фотоға қарап қайран қаласыз! Адамның басында бақ мәңгіге қоныстанбайтынын бір ғана суретпен ұқтырған тұлғаның әрекеті көңіл тебірентеді. Қалай ғана, кино әлемінде өзіндік қол­таң­басын қалдырған сұңғыла әр­тіс­ті өз халқы көкірегінен итерді екен?!

Қара күшімен-ақ қара орман халықтың жүрегін жаулаған танымал әртіс Калифорния губернаторы болған тұста Огайо штатында «Колумбус» атты қонақүй ашып, тұр­ғындардың қалауымен алдына тұғыртас орнатады. Содан кейін қонақүй әкімшілігі оған кез келген уақытта келіп, қалаған бөлмесіне жайғасуға уәде еткен-ді. Бұл көптен бергі жұрттың арманын орындаған губернаторға ыстық ілтипаттан туған пейіл еді. Енді қараңызшы, қолынан билік тайған соң ойынан айнып шыға келіпті. Өзі басқарған мекенге қыдырып барған есіл ер мұн­дай боларын ойламаса керек. Бас­шылық бөлмелерге сұраныс жоға­ры болғандықтан төлемді талап етіп, тегін бөлме беруден бас тартқан. Әрине, әртістің оған ақ­ша­сы жетпейді емес, жетеді, тек қо­ғамның құбылып бара жатқа­ны­на назалы.

Сөмкесін басына жастап, суық қара жерді төсек еткен талант иесі: «Мен үлкен қызметте бол­ғанда, олар мені әрқашан төбеге кө­терді. Ал тұғырдан түскенде теріс айналды. Берген сертінде де тұр­мады. Сіздің қызметіңіз де, ақша­ңыз да, күшіңіз де, тіпті ақы­лы­ңыз да мәңгі емес» деп жазба қалдырады.

Иә, бәрі өткінші... Басыңдағы бақ та, астыңдағы тақ та, мансап та, байлық та... Құс тұмсығындай қыс­қа ғұмырда періуайым пейіліңіз түзу болса болғаны. Бақыттың бір аты – қанағат. Дүниені кеудеңе қондырсаң сол боқ дүниеге айна­ла­сың. Біз мысалға алған Арнольд Шварценеггердің оқиға­сы осыны дәлелдегендей. Ал бұдан мағы­на іздеп көріңізші!?

Баяғыда теңіз ортасында үлкен арал болыпты деседі. Айлағы алпыс мертді құрайтын шағын құр­лық­­тың үстінде алып тас жатса керек. Сол тасқа қашалып жазыл­ған жазуды оқыған жолаушы егіліп жылайды екен. Бірде жер жүзін саяхаттап жүрген бір байекеш әлгі ғажайып мекенге кідіріпті. Содан түнгі оттың жалынына оранған тас­та­ғы жазу көзіне оттай басылады. Оны ежік­теп оқыған ол елге келген соң, жиған-тергенін жетім-жесір мен кедей-кепшікке үлестіріп беріпті. Ал теңізден нәпақасын тауып жүрген сіңірі шыққан ба­лықшы сол жазуды оқығанда Құ­дай­ға тәубе еткен екен. Әрине, бұл әңгіме ойдан құрылуы да мүм­кін, бірақ мағынасы тереңде. Әлгі тасқа жазылған жазу сіздің де ғұмырыңызға сәуле төгеріне шүбәм жоқ. Ол не десеңіз «БӘРІ УАҚЫТША» деген мұңды тіркес қана. Шынында қайғы да, қасірет те, қуаныш та, бәрі-бәрі уақытша. Уақыттың өзі уақытша емес пе? Ал сол уысыңызда еріген уақыт­тан мағына іздеп көріңізші!

Нонсенс туралы жазбаққа оқ­тал­ғанда ойымызға ойлы жазушы Төлен Әбдіктің шығармалары орала берді. Қаламгердің хикая­лары жанды бір ысытып, бір суытады. Бразилияның бір провинциясында қолтырауындар адамдарға, малдарға шабуыл жасап, тыныштық бермеген соң, тұрғындар жиналып жыртқышты тұқымымен құртып жібереді. Әйткенмен, көп ұзамай сол мекенде індет өршіп, халықтың мазасы кетеді. Сөйтсе, қиқар қолты­рауын­дар көл жағалағандарға қы­састық көрсеткенімен, судағы ауру тарататын бақа-шаяндармен қоректенеді екен. Құдайдың ше­бер­лігінде шек бар ма!? Әлекке түскен бразилиялықтар ақыры қыруар ақшаға көрші провинция­дан қолтырауын сатып алады. Қараңызшы, бұл өз ақшаңа қия­нат сатып алғанмен бірдей емес пе? Шынымен, саналы жан тір­ші­лікте мән іздегенде, жақ­сы­лық­ты жаман­дық­тан, ақи­қат­ты жал­ғаннан бөліп алғысы келіп жан­таласады. Сөйтіп ғұ­мырының соңына дейін өз-өзі­мен алысады. Ал бұдан мағына із­д­еп көріңізші!?

Нонсенс – мағынасыздық. Адам мынау жарық дүниеге келген бетте әлемнен ізгілік іздеуге ұм­т­ылады. Парасатты психолог Виктор Франклдің «Өмірден мән із­деген жан» кітабында «Өмірдің мақ­саты – жанның рақатын іздеу емес, сүйікті ісіңізбен айналысу және мәнді ғұмыр кешу» деп анық­тама беретіні бар. Фашистік концлагерьлердің сұмдығын бастан кешіп, аман шыққан ға­лым­ның қарекетіне қарап сүйі­несіз. Ал біз ше? Өткінші өмірден ләззат алып, билікке ұмтылуды ғана мақсат етіп келеміз. Ал бұдан ма­ғына іздеп көріңізші!?