ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысына төраға ретінде қатысып, онда ЕАЭО-ның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде бастама көтерді, деп жазады Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің негізгі экономикалық көрсеткіштерінің сенімді қалпына келтірілуін атап өтті. ЕАЭО аясындағы өзара сауда биылғы қаңтар-маусым айларында шамамен $33 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға артық. Үшінші елдермен сауда көлемі 24,5%-ға өсіп, $371,1 млрд құрады.
2021 жылдың бірінші жартыжылдығында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің барлық көлік түрінің жүк айналымы 3,1 трлн тонна-километрге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ға артық.
Транзит көрсеткіштерінде елеулі өсім байқалады. Атап айтқанда, тек Еуропа - Қытай - Еуропа бағыты бойынша осы жылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстан аумағы бойынша контейнерлік тасымалдар көлемі 47%-ға өсіп, 381,4 мың ЖФЭ құрады.
Премьер-Министр пандемиямен байланысты тәуекелдер бұған дейін болжанғаннан да ұзақ мерзімді сипатқа ие екенін атап өтті. Осыған байланысты 2020 жылғы сәуірде ЕАЭО шеңберінде экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қабылданған шараларды өзектендіру қажет екенін атап өтті. ЕЭК-ке тиісті ұсыныстарды 2021 жылғы қазанда өтетін ЕҮАК-тың келесі отырысына енгізу тапсырылды.
А. Мамин азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, АӨК өнімдерін өндіру бойынша ЕАЭО әлеуетін арттыру және оны сыртқы нарықтарға шығару, секторда қосымша қаржыландыру көздерін қалыптастыру бойынша қосымша бірлескен жедел шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Аталған міндеттерді іске асырудағы сапалы тәсіл біздің макроөңірге азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өзін еуразиялық кеңістіктегі ең маңызды азық-түлік хабтарының бірі ретінде танытуға мүмкіндік береді», деді А. Мамин.
Үкімет басшысы жетекші қаржы ұйымдарымен әріптестікте ЕАЭО-да «жасыл» жобаларды және «жасыл» қаржыландыруды ілгерілету жұмыстарын жеделдету қажеттігін атап өтті.
ҚР Премьер-Министрі туризмді дамытуда бірінші кезектегі міндеттер ретінде ЕАЭО елдері азаматтарының ортақ нарықтарға, оның ішінде вакциналау паспорттарын өзара тану, жеңілдетілген карантиндік режимі бар бірлескен туристік аймақтарды қалыптастыру және цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту арқылы өзара қол жеткізуін жеңілдету жөніндегі шараларды қамтамасыз етуді атады.
Отырыста Қазақстан тарапының бастамасы бойынша сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі аймақтық ұйым құру туралы шешім қабылданды. Бұл еуразиялық кеңістікте сәйкестікті бағалау жөніндегі ұлттық органдардың қызметін шоғырландыруға, уақыт пен қаржы ресурстарын үнемдеуге және саудадағы техникалық кедергілерді алып тастауға мүмкіндік береді.
ЕАЭО шеңберінде органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған негізгі бағыттары мен кезеңдерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары, ЕАЭО мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мүддесінде жүк темір жол тасымалдарын цифрландыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Тауарларды әкету кезінде белгіленетін экспорттық реттеудің біржақты шараларын жақындастыру, ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы алып қоюлар мен шектеулерді жою, Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру, жаһандық климаттық күн тәртібін іске асыру тұрғысынан ортақ тәсілдемелер тұжырымдау, трансшекаралық есеп айырысуларды автоматтандыру және интеграциялау, мұнай мен газдың ортақ нарықтарын қалыптастыру жөніндегі жұмыс барысы, теміржол көлігінің транзиттік әлеуетін дамыту және т. б. мәселелер қаралды.
Отырысқа сондай-ақ Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Қырғызстан Премьер-Министрі Улукбек Марипов, Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов қатысты, Куба Премьер-Министрі Крус Мануэля Марреро бейнемәлімдеме жасады.
Шолпан-Ата қаласына сапары аясында Үкімет басшысы Асқар Мамин Қырғызстанның Премьер-Министрі Улукбек Мариповпен екіжақты келіссөз жүргізді. Екі елдің сауда-экономика, инвестиция, су-энергетика, АӨК, өнеркәсіптік кооперация және т. б. салалардағы ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды.
2021 жылдың 6 айында екіжақты сауда көлемі $413 млн құрады. Тараптар бұл көрсеткішті $1 млрд дейін жеткізуге ниетті.