Президент Тоқаев Алматы облысындағы «Маревен Фуд Тянь-Шань» кәсіпорнына барды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына кәсіпорынның жұмысы таныстырылып, алдағы жоспарлары туралы мәлімет берілді. Компания басшылығының мәліметіне сәйкес 4,5 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынға 30 миллиард теңге инвестиция салынған.
Компания Жапония, Швейцария және Германиядан әкелінген инновациялық құрылғылармен тез дайындалатын азық-түлік өнімдерін шығарады. Кәсіпорынның жылына 85 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндігі бар.
«Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС 670 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 95 пайызы жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары. Кәсіпорын 500 миллион қаптама шығарса, соның 70 пайызы экспортталады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.
Облыс әкімінің айтуынша, аймақ экономикасына 312 миллиард теңге инвестиция тартылып, 40 мың жұмыс орны ашылған. Биыл өңірде жалпы құны 112 миллиард теңге болатын 65 жоба іске асырылып жатыр.
Амандық Баталов Президенттің былтырғы Германияға жасаған сапарының нәтижесінде «Бауманн» компаниясы ұсақ мал етін өңдейтін қуаты 30 мың тонналық «Жетісу қой» жобасын қолға алғанын хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыста атқарылып жатқан инвестициялық жобаларға оң баға беріп, басталған жұмыстарды уақтылы аяқтауға тапсырма берді.