• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Тамыз, 2021

БҰҰ-ның Қазақстанға сенімінің айғағы

1166 рет
көрсетілді

Таяуда БҰҰ  Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) Алматы қаласына уақытша орналастыру туралы Қазақстанға өтініш білдірді. Бұл саяси шешімнің еліміз үшін маңызы зор. Сыртқы саясатта жүргізілген көпжақты бейбіт ұстанымымыздың жемісі десек, қателеспейміз.

Ауғанстандағы ішкі саяси ахуал шиеленісіп, «Талибан» ел билігін қолына алған соң жағдайдың қиындағанына байланысты көптеген мемлекет өз елшіліктерін әкетуге талпынып жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы да Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) және аталған елде аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматы қаласына көшіруді ұйғарған. Осыған байланысты 18 тамызда UNAMA қызметкерлері бар алғашқы борт Алматы әуежайына келіп қонды. Қазіргі таңда Сыртқы істер министрлігі, шаһар әкімшілігі, басқа да ведомстволар бірлесіп, БҰҰ миссиясын орналастыруға кірісті.

UNAMA және басқа да БҰҰ агент­тіктерінің кеңселері Ауғанстандағы жағдай тұрақталғанға дейін Алматыда қалмақ. Жоспар бойынша бұл шамамен жарты жылға созылуы мүмкін. Қыз­мет­керлердің тұруы, кеңсе мен үй-жай­ларын жалға алуы және басқа да шы­ғындар толығымен БҰҰ-ның бюджетінен қаржыландырылады.

БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясын Қазақстанға көшіруі бекер емес. Біріншіден, еліміз бен халықаралық ұйым арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Тәуелсіздік алғалы Қазақстан БҰҰ-ның барлық басты органдарында, соның ішінде, Қауіпсіздік Кеңесінде жанжалдарды реттеу, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризмге қарсы күрес, конфессияаралық және ұлтаралық диалог, теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің мүддесін қорғау секілді басымдықтарды дәріптеуге атсалысты.

Сонымен қатар еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бүкіл бастамасына, тиімділікті, ашықтық пен айқындықты арттыру жөніндегі жұмысына қол­дау көрсетіп келеді. Қазақстан БҰҰ-ның миссиясы мен Жарғысын берік ұстанады. Сондықтан шығар, әлемге әйгілі халықаралық ұйым үшін Қазақстан қашанда қауіпсіздік пен тұрақтылық мекені саналады.

Екіншіден, Қазақстан әрдайым Ауған­стандағы ахуалды жадынан шы­ғар­ған емес. Ондағы жағдай жақсарып, өңірде тұрақтылық пен бейбітшілік орнауына мүдделіміз. Екі ел арасындағы ынтымақтастық жолға қойылып, Қазақстан ауған студенттерінің білім алуына көмектесіп келеді. 2010 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде қазақстандық жоғары оқу орындарында Ауғанстанның 1 мыңнан аса азаматы білім алады.

Сондай-ақ 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланған кезде де Қазақстан тарапы Ауғанстан мәселесін назардан шығарған жоқ. Мәселен, Ауғанстан/«Талибан» комитетіне, ИЛИМ/Әл-Каида комитетіне және Со­мали/Эритрея Санкциялық комитетіне төрағалық ету тапсырылып, еліміз атал­ған міндетті абыроймен атқарып шыққан болатын.

Мұның бәрі, әлбетте, Қазақстанның, ел тізгінін ұстаған тұлғалардың сыртқы саясаттағы табысты жұмысының же­місі. Қалай дегенмен, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүше­сі, көршілес жатқан мемлекет ретінде Ауғанстандағы ахуалды өте жақсы біледі.

Бұдан бөлек, Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына белсенді атсалысып жүргенін айта кеткен жөн. Жалпы, еліміздің бітімгершілік миссиясының тарихы ертеден басталады. Сонау 90-шы жылдары тәжік-ауған шекарасын күзеткен қазақстандық сарбаздардың есімдері ел жадында.

Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік миссияларына қатысуы үшін құрылған «Қазбат» инженерлік-сапер­лік жасағы 2003 жылы коали­ция­ның тұрақтандыру күштері құрамында Иракқа жіберілді. 2008 жылдың қазан айына дейін бірнеше ротация жасалды.

2018 жылдан бастап Қазақстан бітім­гершілік әлеуетін іске асырудың жаңа мүмкіндігін иеленді. Осылайша, бірінші бітімгершілік ротасы «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясына аттанды. Қазіргі таңда UNIFIL миссиясы құрамында еліміздің бітімгершілері өз міндетін абыроймен атқарып жүр.

Үшіншіден, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның жұмысымен жете таныс. Бұл UNAMA-ны Алматыға көшіру туралы шешім қабылдағанда ескерілгені анық. Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастыққа да көрнекті саясаткер, дипломат ретінде та­нылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы дипло­ма­тияның барлық сатысында жұмыс істей жүріп, үлкен саясаттың Олим­піне шықты. БҰҰ-ның Женевадағы кең­се­сін басқарған алғашқы Азияның өкілі ре­тінде Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік деңгейдегі мәселелер бойынша келіс­сөз­дер ұйымдастыруға белсене атсалысты.

БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун Қ.Тоқаевты БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қарусыздану жөніндегі конференцияда өзінің жеке өкілі ретінде тағайындау туралы шешім қабылдаған болатын. Пан Ги Мунның: «Мен оған Женевадағы үлкен және пайдалы жұмысы үшін өте ризамын. Мен оны жоғары бағалаймын. Сондай-ақ БҰҰ-ның ең ірі кеңсесін бас­қарған адам ретінде мен оған өте разымын», деп Қ.Тоқаевтың кәсіби қасиеттері мен жемісті қызметіне жоғары баға бергені есімізде.

Айтпақшы, өткен жұмада БҰҰ миссиясын Алматыда уақытша орналастыру туралы брифинг болды. Баспасөз жиыны барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин, Ауған­станға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ мис­сиясының арнайы өкілі және басшысы Дебора Лайонс, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори бүкіл мәліметті бөлісті.

Өз сөзінде Дебора Лайонс Қазақстан халқына қиын сәтте қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақ­стан­ның әріптестік көрсетіп, Алматыда уақытша кеңсе орнатқаны үшін алғыс айтады. Бұл кеңсені орналастыру Кабулдағы билік құлағанға дейін келі­сілген болатын. Осы келіссөздер кезінде Кабулдағы жағдай нашарлаған жағдайда персонал санын уақытша қысқартып, Ауғанстандағы әрекеттер күшейсе, БҰҰ персоналын осы елге жақын әрі қауіпсіз жер ретінде жеткізу керек деген шешім қабылданған», деді БҰҰ-ның арнайы өкілі.

Сондай-ақ спикер Ауғанстандағы ахуалдың қиындығын айтып, елден кеткісі келетін адамдардың қарасы қалың екенін жеткізді. Дебора Лайонстың айтуынша, UNAMA агенттігі «Талибан» көсемдерімен байланыс орнатуға талпынып жатыр.

«Қазір UNAMA өкілдерінің Ауған­станға барып, алаңсыз жұмыс істеуі  келіссөздерде қаралып жатыр. Алматыда құрылып жатқан кеңсе тек халықаралық персоналға арналады. Қалған мамандар уақытша негізде өзге елдерге жіберіледі. Қазақстан Үкіметі мен Қазақстан хал­қы­н­а БҰҰ жұмысына қосқан үлесі үшін, елдеріңізде база құруға рұқсат беріп, осы­нау қиын кезеңде қолдау көр­сет­кен­діріңіз үшін ерекше рахмет айтамыз», деді Дебора Лайонс.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Алматыда БҰҰ-ның қандай агенттіктері орналасқанын айтып берді. Спикердің айтуынша, мұндай шешімнің қабылдануына елі­міз­дің өңірлік және жаһандық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету ісіндегі жоғары бе­делі әсер еткен.

«Бүгінгі таңда Алматыда халық­аралық ұйымдардың ғимаратында аймақтық және субөңірлік мәртебеге ие БҰҰ-ның 18 агенттігінің өкілдіктері орналасқан (UNDP, IOM, UNESCO, UNEP, UNAIDS, UNFPA, UNICEF, UNOH­­CHR, UNODC, UNESCAP, UN­HCR, UNISDR, UNOCHA, WHO, UNDSS, UNDGC, UN WOMEN, FAO). Соны­мен қатар қалада басқа халықаралық ұйым­дар мен дипломатиялық корпус бар.

Осы тұрғыда UNAMA-ның уақытша кеңсесінің ашылуы Алматының БҰҰ-ның өңірлік хабы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға жақсы көмек болады», деді А.Рахметуллин.

Қорыта айтқанда, БҰҰ-ның Ауған­стандағы миссиясының Қазақстанға көшірілуі –  еліміздің абыройы. Осындай қиын-қыстау шақта халықаралық ұйым­ның бізге сенім артуы сыртқы саясаттағы бағытымыздың айқындығын көрсетеді.